Қоғамдық тазалыққа бақылау күшейтілді

Шымкентте Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жалғасуда. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде полиция қызметкерлері қала аумағындағы тазалық талаптарының орындалуын бақылап, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау деректерін анықтауға басымдық беріп отыр.
Қала тазалығы – коммуналдық қызметтердің ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Көшелерде, саябақтарда және басқа да қоғамдық орындарда қоқыс тастау қоршаған ортаның ластануына әкеліп қана қоймай, қоғамда белгіленген тәртіп талаптарының сақталуына да әсер етеді. Сондықтан мұндай әрекеттердің алдын алу мен азаматтардың жауапкершілігін арттыру маңызды.
Бұл бағытта полиция қызметкерлері өзге де қызметтермен бірлесіп, күнделікті профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтарды анықтау үшін бейнебақылау камераларының мүмкіндіктері де пайдаланылып келеді. Заманауи бақылау жүйелері тәртіп бұзған азаматтарды анықтауға және заң талаптарының орындалуын қадағалауға көмектеседі.
Мәселен, бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық орындарда темекі тұқылдарын жерге тастаған азаматтар анықталды. Олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл – қала аумағында тазалық талаптарын бұзуға жол берілмейтінін көрсететін нақты шаралардың бірі.
«Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, әр азаматтың заң талаптарын сақтап, ортақ кеңістікке құрметпен қарауын көздейді. Қоғамдық орындарды таза ұстау, қоқысты белгіленген орынға тастау және өзгелерге үлгі болу – күнделікті өмірдегі қарапайым жауапкершілік.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, қоғамдық орындарда тазалық сақтауға және белгіленген талаптарды бұзбауға шақырады. Қала тазалығын сақтау – баршаға ортақ міндет, ал заң талаптарын орындау әр азаматтың жауапкершілігінен басталады.


