Мемлекеттік қызметте заңдылық пен ашықтық маңызды

Oinet.kz 16-10-2026

image.png

Шымкентте «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығы мен қызметтік жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2026 жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, Шымкент қаласы Әділет департаментінің қызметкерлері Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №54 мекемеге барды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтау қажеттігін түсіндіру және қызмет барысында адалдық қағидаттарын ұстанудың маңызын жеткізу.

Кездесу барысында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының құқықтық салдарына назар аударылды. Қатысушыларға заң талаптарын бұзғаны үшін көзделген жауапкершілік, қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі тәртіп пен мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ әрбір қызметкердің өз әрекетіне жауап беруі және заң шеңберінде жұмыс істеуі маңызды екені айтылды.

Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік органдардың жұмысына деген сенімге нұқсан келтіріп, қоғамның дамуына кері әсерін тигізеді. Сондықтан оның алдын алу тек құқық бұзушылық анықталғаннан кейін шара қолданумен шектелмейді. Қызметкерлердің құқықтық санасын көтеру, заңға қайшы әрекеттерге төзбеушілік қалыптастыру және адал еңбек ету мәдениетін орнықтыру да маңызды.

Мемлекеттік органдардағы ашықтық пен жауапкершілік азаматтардың заңға деген құрметін арттыруға ықпал етеді. Әсіресе қызметтік өкілеттіктерді жеке мүдде үшін пайдалануға жол бермеу, белгіленген тәртіпті сақтау және кәсіби әдеп талаптарын орындау – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті.

«Заң мен тәртіп» қағидаты заңдылықты қамтамасыз етумен қатар, қоғамда адалдық пен әділдік құндылықтарын орнықтыруды көздейді. Осы бағыттағы профилактикалық іс-шаралар мемлекеттік қызметшілердің заң алдындағы жауапкершілігін терең түсінуіне және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұстанымын нығайтуға бағытталған.

Интернет-алаяқтық: азаматтарға сақтық шаралары ескертілді
Жастарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің маңызы түсіндірілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу