Жастарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің маңызы түсіндірілді

Шымкентте жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын құрметтеуге тәрбиелеу және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру бағытында кездесу өтті. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің колледжінде ұйымдастырылған іс-шара Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруға арналды.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зияны туралы түсінігін кеңейтіп, заң алдындағы жауапкершілігін арттыру. Жиында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтау және күнделікті өмірде адалдық қағидаттарын ұстану мәселелері талқыланды.
Іс-шараға Шымкент қаласы Әділет департаментінің Құқықтық түсіндіру және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Самал Бахтыяр, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің бас маманы Нұрбек Жанұзақ және Жастар ресурстық орталығының «Жастарды қолдау және стратегиялық даму» бөлімінің басшысы Арайлым Әлім қатысты.
Мамандар жастарға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, заң талаптарын орындаудың маңызы жөнінде түсіндірді. Сонымен қатар қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін әр азаматтың өз әрекетіне жауапкершілікпен қарап, құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауы қажеттігі айтылды.
Сыбайлас жемқорлық қоғамның мемлекеттік органдарға деген сеніміне кері әсер етіп, әділдік пен теңдік қағидаттарына нұқсан келтіреді. Сондықтан оның алдын алу үшін заңнамалық талаптарды түсіндірумен қатар, жас ұрпақтың бойында адалдық, әділдік және жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру маңызды.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды. Ашық пікір алмасу жастардың құқықтық мәселелерге қатысты білімін толықтырып, заң талаптарын сақтаудың маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы мұндай кездесулер жастардың құқықтық санасын қалыптастыруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын нығайтуға бағытталған. Заңды құрметтеу мен адалдықты ұстану – әділетті қоғам қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі.


