Шымкент мектептерінде «Адал азамат» бағдарламасы жүзеге асырылуда

Шымкент қаласының білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында оқушылардың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруына және азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Бағдарламада тәрбие үдерісін күнделікті оқу өмірімен байланыстыруға басымдық берілген. Аптаның әр күні белгілі бір құндылықты насихаттауға арналып, оқушыларды адалдыққа, әділдікке, жауапкершілікке және айналасындағыларға құрметпен қарауға баулитын іс-шаралар ұйымдастырылады.
Мәселен, дүйсенбіде «Адал азамат» құндылықтары дәріптеліп, сейсенбіде оқушылардың жетістіктері таныстырылады. Сәрсенбіде «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық мәдениетін қалыптастыру, мектеп ауласы мен қоршаған ортаны таза ұстау, табиғатқа ұқыпты қарау мәселелері қамтылады. Бұл жұмыстар балалардың экологиялық мәдениетін арттырып, ортақ іске жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.
Бейсенбіде «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде құқықбұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын түсіндіру және оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға назар аударылады. Ал жұма күні «Жаңа қоғам этикасы» бағыты бойынша әдеп сақтау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, өзара сыйластық пен ізгі қарым-қатынас құндылықтары насихатталады.
Мектептерде оқушылар арасындағы қарым-қатынасты жақсарту мәселесі де назардан тыс қалмайды. «ДосболLIKE» жобасы аясында буллингтің алдын алу, балалардың бір-біріне қолдау көрсетуін қалыптастыру және қауіпсіз психологиялық орта құруға бағытталған профилактикалық шаралар өткізіледі. Мұндай жұмыстар оқушыларға өз әрекетінің өзгелерге әсерін түсінуге, келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге үйретеді.
«Адал азамат» бағдарламасының негізгі мақсаты – білім алушыларға құндылықтарды құр сөзбен түсіндіру ғана емес, оларды күнделікті іс-әрекетте ұстануға баулу. Отбасында, мектепте және қоғамдық ортада адалдық пен жауапкершілікті сақтауға дағдыланған бала өз құқығын құрметтеумен қатар, өзгенің де құқығы мен пікіріне құрметпен қарайды.
Шымкенттегі білім беру ұйымдарында осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, әділдік, мейірімділік пен азаматтық ұстанымды қалыптастыруды көздейді.


