«Әділет» партиясы Президент Жолдауын іске асыру бойынша нақты міндеттерді белгіледі

Oinet.kz 02-11-2026

Президент Жолдауында көтерілген бастамаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, өңірлердегі инфрақұрылымдық жобалардың орындалуын бақылау, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу және жастарды жұмыспен қамту. 

123582.jpg

«Әділет» партиясының кеңейтілген актив отырысында осы бағыттар бойынша алдағы жұмыс жоспары талқыланды.

Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен жиынға Құрылтай депутаттары, партия фракциясының мүшелері, орталық аппарат пен өңірлік филиалдардың өкілдері, сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Кездесуде Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы елдің алдағы даму кезеңіне арналған негізгі бағдар ретінде қарастырылды. Партия төрағасы жаңа Конституция қабылданғаннан кейін жарияланған алғашқы Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда партияның жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті.

Оның айтуынша, саяси шешімдердің нәтижесі ең алдымен жергілікті жерлерде сезілуі керек. Сондықтан партия жұмысы реформалардың мазмұнын түсіндірумен шектелмей, олардың орындалуына қоғамдық бақылау жүргізуге және азаматтардың ұсыныстарын ескеруге бағытталмақ.

Жиында заңнамалық бастамаларға ерекше назар аударылды. «Әділет» фракциясының жетекшісі Ербол Адаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында инфрақұрылымның цифрлық моделін енгізу мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізді. Жаңа жүйе жер телімдерін бөлу мен бас жоспарларды келісу үдерістерін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар шешім қабылдау барысының ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.

Фракция күн тәртібіндегі өзге мәселелердің қатарында көппәтерлі тұрғын үйлерді күтіп-ұстаудың бірыңғай әрі ашық стандарттарын қалыптастыру, тірек ауылдар мен моноқалалардың экономикалық әлеуетін арттыру жөніндегі ұсыныстарды да атады. Бұдан бөлек, көлік және энергетика инфрақұрылымын жаңғырту, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау бағытында заңнамалық жұмыстар жүргізілмек.

Құрылтай депутаттары да өз салалары бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Динара Зәкиева инклюзивті ортаны дамыту мен медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелерін көтерсе, Әмірбек Оспанбеков көлік және коммуналдық инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Наталья Годунова экономикалық тұрақтылықты сақтау, инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдау мәселелерін баяндады. Ал Дархан Ахмедиев цифрландыру, ғылыми-инновациялық даму және жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі міндеттерді таныстырды.

Жиынның маңызды тақырыптарының бірі – Қазақстанның жаңа Азаматтық кодексін әзірлеу болды. Құрылтайдың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Үнзила Шапақ қолданыстағы кодекстің қабылданғанына бірнеше онжылдық өткенін, осы уақыт ішінде экономикалық және қоғамдық қатынастардың едәуір өзгергенін айтты.

Сондықтан азаматтық заңнаманы қазіргі заман талаптарына бейімдеу қажеттігі туындап отыр. Жаңа құжатта цифрлық экономиканың ерекшеліктері, мүліктік қатынастардың заманауи нысандары және кәсіпкерлік қызметтің жаңа тетіктері ескерілмек. Негізгі мақсат – азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастырып, экономикалық дамуға қажетті құқықтық негізді жаңарту.

Партияның жастар қанаты да алдағы бастамаларға қатысуға дайын екенін білдірді. Ержан Хамитов Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылына орай жастар еңбек жасақтарының жұмысын кеңейтуді ұсынды. Жоба аясында студенттер мен оқу орындарының түлектерін құрылыс және инфрақұрылымдық нысандарға тарту көзделіп отыр. Бұл жастардың еңбек тәжірибесін жинақтап, кәсіби машығын жетілдіруіне және тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар «Жастар Рухы» жастар қанаты «JASAMPAZ AI» жобасын қолға алуды жоспарлап отыр. Оның негізгі мақсаты – жастарға жасанды интеллект құралдарын іс жүзінде пайдалануды, деректерді талдауды және цифрлық қауіпсіздік негіздерін үйрету.

Өңірлердегі жұмыстың жай-күйі де назардан тыс қалған жоқ. Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай жолдар мен әлеуметтік нысандар құрылысына қоғамдық бақылауды күшейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану мәселесін көтерді.

Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Қазыбек Әлішев пен Солтүстік Қазақстан облысындағы бастауыш партия ұйымының жетекшісі Гүлжан Жақанова тұрғындармен кездесулер өткізу және Мемлекет басшысының бастамаларын жергілікті деңгейде түсіндіру бағытындағы жұмыстар туралы ақпарат берді.

Отырыстың қорытынды бөлімінде партияның алдағы кезеңге арналған нақты міндеттері айқындалды. Соның бірі – бір ай ішінде Президент Жолдауындағы бастамаларды талқылауға арналған 3 мыңнан астам іс-шара ұйымдастыру. Оған депутаттар, партияның өңірлік құрылымдары, бастауыш ұйымдар, жастар және әйелдер қанаттарының өкілдері қатысады. Талқылаулар елдің барлық өңірін, соның ішінде шалғай ауылдарды да қамтуы тиіс.

Бұдан бөлек, партияның өңірлік филиалдары жанынан салалық жобалық кеңселер құрылады. Олар мемлекеттік органдар, депутаттар, сарапшылар, кәсіби қауымдастықтар мен тұрғындар арасындағы байланысты үйлестіріп, Жолдау мен партияның сайлауалды бағдарламасында белгіленген міндеттердің орындалуына мониторинг жүргізеді. Әрбір бағытқа Құрылтай депутаттарының бірі жауапты болып бекітіледі.

Заң шығару жұмысы аясында да бірқатар бастама пысықталмақ. Атап айтқанда, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу, салық заңнамасын жетілдіру және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігі қарастырылады. Бұл жұмыстарға сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де тартылмақ.

Сонымен бірге партия «Халықтық құрылыс» бастамасының іске асырылуына бақылауды күшейтуді көздейді. Айбек Дәдебай бұл бағыттағы жұмыстарды бұған дейін қолға алынған «Біздің қала» партиялық жобасымен және урбанистика саласындағы «Қала келбеті» бастамасымен үйлестіру қажеттігін айтты.

Партия төрағасының пікірінше, инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы тұрғындардың нақты сұранысына негізделуі керек. Осы мақсатта жергілікті халықтың ұсыныстары жобаларды жоспарлау кезеңінен бастап ескеріліп, құрылыс барысындағы бақылау жүйелі жүргізілуі қажет.

Осыған байланысты Партиялық бақылау комитеті мен оның өңірлік комиссияларының қызметін күшейту тапсырылды. Құрылыс нысандарында арнайы партиялық бақылау бекеттері ашылып, оларда жұмыс сапасы, белгіленген мерзімдердің сақталуы және жобалардың орындалу барысы қадағаланбақ.

Жиынды қорытындылаған Айбек Дәдебай партия қызметінің тиімділігі қабылданған шешімдер мен өткізілген іс-шаралардың санымен ғана емес, олардың халық өміріне әкелген нақты өзгерістерімен бағалануы тиіс екенін атап өтті.

Сауран ауданында өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері көтерілді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу