Шерхан Мұртазаның тағылымы мол өмірі мен шығармашылығын насихаттаған симпозиум

Oinet.kz 13-12-2022 442

image.png

Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің  қолбасшысы» атты халықаралық симпозиум Түркістанның төрінде өткелі жатыр. Іс-шараның мақсаты - Шерхан Мұртазаның жазушы, журналист, мемлекеттік қайраткер ретінде атқарған еңбектерін, әдеби-публицистикалық мұрасын дәріптеу, тағылымы мол өмірі мен шығармашылығын насихаттау. Симпозиумға Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркияның белгілі  қаламгерлері қатысады деп күтілуде. Шараға көптеген қаламгерлер Шерағаң туралы естелік, баяндамаларын жолдауда.  Жазушы-журналист Қайым-Мұнар Табеев те симпозиумнан сырт қалмай жазушы туралы естелігімен бөлісті. 

«Сырттай сұсты көрінгенімен, Шерхан Мұртаза жүрегі жұмсақ, пейілі кең, талапты жастардың шығармашылық ізденісіне барынша қолдау көрсетіп, сырттай баулығанды тәуір көретіндердің сойынан екен. Қаламақыны еселеп қойдыртады. Айлық-шайлығың да аз емес. Университет профессорының жалақысына жуықтайды десетін білетіндер, бәрін қосқанда айына бақандай 400 сом («ЛЖ»-дан екі есе көп). Пәтерде күн кешіп жүрген пақырларға одан артық не керек? Арқа сүйер тірегіміз мықты болған соң, неден аянамыз? Жарыса жаздық. Тақырыптар бірінен бірі өтеді. Алайда, байқаймын, менің шаласы көп дүниелерім әйгілі «Қара маржан» мен «Қызыл жебенің» авторы Шер-ағаңды «құлатпақ» түгілі, әлі орнынан да қозғалта алмаған сияқты...

Бір күні КазГУ-дің атшаптырым аумағында әр айдың 21-інде жоғалып жатқан студент қыздар туралы «Хабарсыз кетті демеңіз...» атты мақалам жарық көрді. Жер жұтқандай із-түзсіз кеткендердің бәрі де қазақ қыздары еді. Құқық қорғау органдарының айтуынша, қанша аңдыса да, түнде ғана жортатын қанды қарақшыны қолға түсіре алмапты. Бұл не деген шарасыздық десеңізші?! 

«Қазақ әдебиеті» әр жұма күні шығады. Дүйсенбі күні таңертең асықпай жұмысқа келсем, басшылар іздетіпті. Бардым. Орынбасардың кабинетінде Сафуан Шаймерденов, Қалмұқан Исабаев, Ақселеу Сейдімбеков т.б. ақсақалдар дуылдаса әңгіме соғып отыр екен. Біразын танимын, кейбірін сырттай білемін. «Мақаланың авторы осы жігіт» деді Орағаң. Тосын оқиғаға зығырданы қайнаған аға қаламгерлер «Мұны аяқсыз қалдыруға болмайды! Міндетті түрде жоғары жаққа жеткізу керек!» десіп, ұжымдық хат жазып әкеліпті. Келесі нөмірге жедел жарияланған Ашық хат пен әлгі мақаламыз Ішкі істер министрлігінде қаралып, 50 адамнан құралған арнайы топ көшеге шықты. Топ мүшелері жай киіммен жүріп, КазГУ-дің аумағына тұтас жасырын бақылау орнатты. Сөйтіп, қоғамды дүрліктірген Манджиков деген қаскөй қолға түсіп, өмір бойға түрмеге жабылды. Ашынған оқырмандардан да хат жауып кетті. Оларды бірнеше нөмірге бөліп жарияладық. Осының бәрін сырттай бақылап, бағдарлап отырған Шер-ағаңның беті бері бұрылғандай болды. Летучкада айтқан «Осы бағыттан таймау керек!» деген бір ауыз сөзін ақ батадай қабылдадым»,- деп еске алады Қ.Табеев.                                        

Еркін ҚЫДЫР: Оқырмандармен кездесуді өзгермес дәстүрге айналдырды
Редакторлардың редакторы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу