Редакторлардың редакторы

Oinet.kz 13-12-2022 665

image.png

Жазушы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің  қолбасшысы» атты халықаралық симпозиумда еліміздің және шетелдік қаламгерлер Ш.Мұртазаның өнегелі өмірінен сыр шертетін туындыларын көптеп ұсынды. Ал журналист Қали Сәрсенбай жазушының редакторлық қасиетін аша түсті.

«Намыс найзағайына» жазған алғысөзiнде «Егемен Қазақстан» PГ» АҚ басқарма төраға­сы, танымал түрколог ғалым Дархан Қыдыр­әлi бауырымыз: «Бүгiнде Шерхан Мұртаза­ның редакторлардың редакторы деп аталуы өте әдiл баға деп ойлаймын», — дептi. Аса көрнек­тi жазушы Мархабат Байғұт көкемiз: «Ол – ұлт ұстазы. Ұлт ұстыны. Ондай жазу­шы сирек. Ондай журналист аз. Ондай газет редакторы, журнал басшысы жоқ. Ондай парламент депутаты болды ма? Әй, қайдам... Шерағаң өмiр бойы өрге жүзiп, ұлт мүддесi үшiн, қазақ қамы үшiн, Алаш абыройы жолында жан күйдiре жұмыс iстедi. Мұрта­заның ұл-қызын тәрбиелеуге титтей де уақыты болмады. Шерағаң – ұлт тәрбиешiсi. Шығармалары да» («Қазақ әдебиетi, 15.09.2017.) деп жазды. 

Айтылғанның бәрi айдай ақиқат. Ел аман болса талай тұлғалар өмiрге келер. Бiрақ олар Шерхан бола алмайды, Шерхан қайталан­байды. «Екi Кенен тумайды, Алатауға ексең де» деп Кенен атамыз айтпақшы, екi Шерхан тумайды. Өмiрдiң заңы солай. Тұлғаны уақыт туғызады. Бiрақ сол тұлғаның бәрi Шерағаң­дардай елге тұтқа бола бермейдi. Егер Шерағаң­ның кiтаптарын барлық универ­ситет, барша жұрт жабылып оқитын болса, бiздiң Парламент том-том заңдар қабылдамас едi, тiптi болмаған күнде оның көлемi азаяр едi. Әлемдi руханият билегенде осылай болады. Егер Шерағаңның кiтап­тарын, ой-толғаныс­тарын, көзқарастарын күй тiлiмен бедер­лейтiн болсақ, алпыс екi тамырлы «Ақже­леңдi» де, тоғыз, тоқсан тараулы «Қос­ба­сар­ларды» да содан табар едiңiз. Шындық туралы шертпелердi тыңдар едiңiз. 

2002 жылы Таразда, Жуалыда Шерағаң­ның 80 жылдығы дүркiреп өттi. Сол тойдың алдында «Алматы ақшамына» мынадай бiр түйiр ой жазып едiк. 

Той дүркiреп өтетiнiне еш күмәнiм жоқ. Алайда, сол тойдан түйер тағылымды айт­сайшы. Менiң ойымша, бұдан былай Шерхан Мұрта­заның туған күнiнде Бас редактор­лардың рес­пуб­ликалық кеңесi өтсе деймiн. Кезiнде «Шер­хандарсыз шерiмiз тарқамайды» деп жазып едiк. Бұл Бас редак­торлардың бiр шер тарқа­татын, ақылдасатын, кеңесетiн жиыны болып, дәстүрге айналса, қанеки? Өтетiн жерi Тараз қаласы болса. 

«Редакторлардың редакторы» туралы айтыл­ған осы идеяны Тараздағы Баласағұн Мәдениет сарайында өткен салтанатты жиында «Шер­ағаңның шекпенiнен шыққан» шәкiртiнiң бiрi, көрнектi жазушы, Қазақ­стан­ның еңбек сiңiрген қайраткерi Кәдiрбек Сегiзбайұлы өз сөзiнде жұртшылық есiне салды. Құлақ салатын пенде болса, сол ойымыз әлi де күшiнде деп ойлай­мын.  

Таяуда Алматыдағы «Самал» ықшам­ауданындағы Шерағаңның шаңырағына танымал журналистер Т.Сүйiнбай, Г.Сәдiр­қызы, Т.Алдабергенқызымен көңiл сұрай бардық. Немерем Шерханға батасын берiп, маң­дайынан иiскедi. Құлыным да атасын құшақтап сүйiп, арқасына шығып кеттi. Балажан батырдың жүзiнен мейiрiмге толы шуақ көрдiк. 

Өмiрiңде естен кетпес, айрықша әсер қалды­ратын сәттер болады ғой. Оның бiрi — Қадыр Мырза-Әлидiң Сырым­ның ескерт­кiшiнiң iрге­тасын сүйiп еңiреп жылағаны, ендi бiрi — Әбiш Кекiлбайдың ақбоз атты сүйiп тұрған суретi. Шерағаң болса, «Егемен Қазақ­станның» кiтап­ханасы» серия­сымен шыққан «Намыс найза­ғайы» атты кiтабын маңдайына басып, мұқаба­сын құшыр­лана сүйдi. Осы бiр қас-қағым сәтке абыздың бар ғұмыры сыйып кеткендей едi.       

Дүние нұрланып бара жатты. Осы сәттiң куәсi болған бiз шексiз бақытты едiк,- дейді Қ.Сәрсенбай. 


Шерхан Мұртазаның тағылымы мол өмірі мен шығармашылығын насихаттаған симпозиум
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ: Қайран, Шерағам... Арыстандай ақырып, о да кетті мына жарық дүниеден!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу