Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ: Қайран, Шерағам... Арыстандай ақырып, о да кетті мына жарық дүниеден!

Oinet.kz 13-12-2022 358

image.png

Жазушы Шерхан Мұртазаға биыл  90 жыл.  Мерейтойға орай Түркістан қаласында  «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің  қолбасшысы» атты халықаралық симпозиум өткелі жатыр. Шараға еліміздің және шетелдік қаламгерлер Ш.Мұртазаның өнегелі өмірінен сыр шертетін туындыларын көптеп ұсынды. Ал ақын Серік Ақсұңқарұлы  жазушы туралы естелігін  былайша жеткізді.

«Әлі есімде, Қасымның Қарқаралыдағы 80 жылдық тойына Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков бастаған мемлекет, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар келді. Қарқаралының әкімі  “Қасым туралы сөзді» мен айтуым керек! Егіндібұдақта Тәттімбет туралы баяндаманы сол ауданның әкімі жасады ғой?”--деп отыр екен, Нұрағам (Н. Оразбек ол кезде о кісі облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы) “Сен Қасым жөнінде неңді айтасың? 100 саулықтан қанша қозы алғаныңды айтасың ба?!”-деп бетін қайтарып тастаған. Нұрағамның ұсынысымен мен сонда баяндама жасап едім. Қарқаралының өкпе тұсынан айтылған Қасым туралы сөз тыңдарман мен  көрерменнің көкейіне қона кетті. Қасымның бауырында өскен Ғафекеңнің өзі сүйсініп: "Ей, Серік! Сен Қасымға болашақтың көзімен қарап, ордалы ой айттың ғой? Қаскеңе замандастарының көзімен қарап, мен де біраз аталы сөз айтқам!"-деді!

Қарқаралының таңғажайып баурайы--әуелеген ән мен күй, астатөк дастархан, шалқыған шарап... Нұрағаң-- қасымда, қайда барсақ,-- ілтифат пен құрмет! Нұрағам : "Мен Өзекеңе Серіктің қасында болайын,  Сіздің қасыңызда менсіз де әкім-қаралар көп қой?"- дегем. Бүгінгі Қасым туралы лебізіңе сүйсініп қасыңда жүрмін ғой!"-деп қояды. Түске қарай: "Айтпақшы... сен Жазушылар одағының хатшысысың ғой? Жазушыларыңа кіріп, шығып, сәлем бермейсің бе?"-деген.

Кіріп келсек, Шерағаң көңілді екен, босағаны енді аттаған бізді дастарханға оздырмай:" Уа, Ақсұңқарұлы! "Қасқырдың монологын оқы!"-дегені. Жатқа білетін өлеңімді есіме түсіре алмай, мелшиіп мен тұрмын босағада. "Жек көрем итті!.." -деймін, --аржағы есіме түспейді! "Жек көрем итті!..." 

"--Әй! Сол иттеріңнің ішінде біз жоқпыз ба өзі? Соны айтшы?!"- деді Шерағам-- менің халімді түсініп! "Сіз жоқсыз ғой, Шераға..."-дедім сасқанымнан...тілім күрмеліп... "Е, онда төрге шық!-деді Шерағам,--қалғанын есіңе түскенде оқырсың..."

Шерағам сол Қасым туралы сөзді өзі сұратып алып, «Егеменнің» бір бетіне жарқыратып шығарып еді.

Кейін ол "Адам дәрігері адам кеселін емдейді-деп жазып еді,--Бір кісіні, екі кісіні, көп кісіні... Ал, ақын, егер ол ақын болса, ол шын ақын болса, бүкіл адамзатты емдейді. Сондай нағыз ақындардың бірі – қасиетті Қызыларай тауында туған Серік Ақсұңқарұлы "-деп жазды (Шерхан Мұртаза, "Егемен Қазақстан", 2000 ж. 29.03.). 

Қайран, Шерағам...  Арыстандай ақырып, о да кетті мына  жарық дүниеден! Алашына айтпаған сөзі қалмады!  Арғы-бергіні ақтарып-теңкеріп, ақырып, ашынып, бәрін айтты. "Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда"-деп айтты! Бірақ, елбасы тыңдаған жоқ оны...».

Редакторлардың редакторы
Сүлеймен МӘМЕТ: Шер-ағаны іздейтінім бар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу