Еркін ҚЫДЫР: Оқырмандармен кездесуді өзгермес дәстүрге айналдырды

Oinet.kz 13-12-2022 306

image.png

Түркістанның төрінде өткелі жатқан Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің  қолбасшысы» атты халықаралық симпозиумда белгілі қаламгерлер жазушы жайлы естеліктерімен бөлісіп жатты.  «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Қыдыр да шараға  өз туындысын ұсынған болатын. 

«Шераға «Егемен» тізгінін ұстаған тұста баспасөзге жазылу науқанын қалың қазақтың құт мекені – оңтүстіктен бастаушы еді»,- дейді журналист. -  Әкім-қаралардың атшаптырым кабинетіне кіріп, түсін суытып басылымға жазылыңдар деп аты мен жасын бұлдап, бұйрық райлы өтініш айту жолын таңдаған жоқ Шераға. Сол науқан тұсында аудан, облыс орталықтарында ғана емес, шалғай ауылдарда да оқырмандармен кездесуді ол кісі өзгермес дәстүрге айналдырды. Мұндай жүздесулер ашық-жарқын, жүрекжарды шараға айналатын. Бас басылым көтерген мәселелер, бағыт-бағдары ғана айтылып қоймай, қоғамды толғандырып отырған өзекті мәселелер ортаға салынып, қызу пікірталас та өрбуші еді. Кейін сол тақырыптар газетте көрініс табатын. Тоқырау мен қайта құрудан кейінгі жаңа заман табалдырығында ертеңін нақ болжай алмай әрі-сәрі күй кешкен қазақ қара шаңырақ басылымы мен оның айбарлы басшысынан жәрдем-қорғау, қолдау күтетін, осы «Егемен Қазақстан» тізгінін ұстаған тұста елмен етене араласқан Шераға оның шынайы ықыласы мен құрметіне бөленгенінің куәсі болдым. Сол тұста «Егеменнің» Шымкент облысындағы таралымы қырық мың данаға жетіп жығылуы осы үлкен құрметтің көрінісі ғой.

Іссапардан бөлек Шерағаң Мәрия жеңгейді ертіп жыл сайын Сарыағаш шипажайына өтеді. Шымкент вокзалынан күтіп аламыз. Облыс әкімдігінен маңызды өкілдер, мүйізі қарағайдай іні-туыстары, «қонақ үй дайын, дастархан дайын» деп құрақ ұшып тұрады. Бірақ Шерағаң «мен алдымен тілшінің үйіне барамын, ол «Егеменнің» осындағы шаңырағы» ғой деп гүр ете қалады.

Сөйтіп, біздің екі бөлмелі қуықтай пәтерімізге тартып кетеміз. Зайыбым Гауһар Шерағаң келеді деп түнде қазы пісірген, балалар жас, өзі мектепте жұмыс істейді, ұйықтап кетіп қазы қазанда қаңсып қалған. Күйік иісі бүкіл подъезге, бүкіл пәтерге жайылып, киімімізге сіңіп қалған. Оның үстіне кеше әкелген қымызым ашып кеткен сияқты.

– Шераға, мына қымыз ашып кеткен бе, байқаңызшы, – деп ыңғайсызданамын.

– Е, қымыз деген қышқыл болады ғой, – деп жымиып қойып іше береді. Содан балабақшаға баратын екі баламды қатар тізіп қойып беттерінен сүйіп, суретке түсірді. Арада бір айдай өткенде редакциядан үлкен конверт келді. Ашып қарасам менің ұлым мен қызымның 3-4 суреті. Сыртында суретті түсірген Шерхан Мұртаза деген жазу бар екен... Жүзі сұсты көрінгенмен, Шерағаңның жүрегі жылы, мейірбан жан еді.

Жылдар жылжыған сайын біз Шерағаңды жиі іздейміз. Ұлтымыздың ұнжырғасы түспеу үшін Шерағаның гүрілдеген дауысы үнемі естіліп, сұсы бізге жігер беріп тұруы керек. Шерағаңның шымырлаған шындығын шамшырақ етсек қана біз шынайы әділетті қоғам құрамыз. Біз Әлихан Бөкейханды, Ахмет Байтұрсынұлын, Тұрар Рысқұловты көрген жоқпыз, бірақ солардың етегінен ұстап, ізінен ерген Шерхан Мұртазамен замандас болдық... Шерағаңның шындығы мен сұсы кейінгі буынды босаңсытпай, алға жетелей бермек».

  Айта кетейік, симпозуимға Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркияның белгілі  қаламгерлері қатысады деп күтілуде.

Е.Әлімжан: Шер-аға, Сіздің көп қасиетіңіздің парқын уақыт өткен сайын ұғынып жатырмын
Шерхан Мұртазаның тағылымы мол өмірі мен шығармашылығын насихаттаған симпозиум
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу