Е.Әлімжан: Шер-аға, Сіздің көп қасиетіңіздің парқын уақыт өткен сайын ұғынып жатырмын

Oinet.kz 13-12-2022 401

image.png

Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған  «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің  қолбасшысы» атты халықаралық симпозиумға жазушы туралы эссе мен ғылыми еңбектер еліміздің және көршілес елдің қаламгерлерінен түсуде. Барлығы да   Шерхан Мұртазаның жазушы, журналист, мемлекеттік қайраткер ретінде атқарған еңбектерін, әдеби-публицистикалық мұрасын дәріптеу, тағылымы мол өмірі мен шығармашылығын насихаттауға бағытталған. Белгілі қаламгер Елен Әлімжан Шерхан Мұртазаға деген сағынышын эссе арқылы жеткізді.  

«Бердімбет бұлағы» туындысыда автор бүй дейді:  «Шер-аға қанша жақын жүрдім дегенмен мен Сізді біле бермеппін. «Тау алыстаған сайын зораятыны» сияқты мен де Сіздің көп қасиетіңіздің парқын уақыт өткен сайын ұғынып жатырмын. Шер-аға сіз «менің қос қанатым бар, бірі – жазушылығым, екіншісі – журналистілігім» деуші едіңіз. Шынында да алпысыншы жылдары «Шерхан редакторлықтан кетсе, жазушылықтан да кетеді» деп сынағандар қатты қателесіпті. Сіз «ертеден шапса  кеште озған, еңістен шапса төсте озған» нағыз ерен жүйріктің өзі болып шықтыңыз. Жазушылығыңыз үдегені сонша эпопея жаздыңыз, ал редакторлығыңыз Парламент депутаттығына ұласып, мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілдіңіз.

Қайраткерлігіңіздің басты ерекшелігі – қасыңызға кіл таланттарды топтастыра алдыңыз. Содан да «Лениншіл жасыңыз» туралы ойласам ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ» газеті (1913-1919 ж) есіме түседі. Ахаңның  айналасына  топтасқандар «Алаш» партиясының, Қазақ автономиясының бағдарламаларын жасауға белсене атсалысты.  Ал, «Шерханның шекпенінен  шыққанбыз» дейтіндер арнайы бағдарлама жасамаса да, әлі ақталмаған арыстарды бағдарға алып (өйткені сіз оны қаладыңыз), ту, сонау тоқырау заманында-ақ ұлт рухын қалай көтергеніне сіз  басқарған басылымдардың барлығының таралымы күрт өсіп жатқаны куә еді.

Сол бағдарды сіз «Жасасын Лениндік ұлт саясаты!» деп кеңестік-коммунистік қаулыларды орындап жүріп-ақ бере алдыңыз. Өйткені тоталитарлық жүйелерде үйреншікті болып кеткен сөз бен істің алшақтығына шамаңыз жеткенше жол бермедіңіз. Қаулыны арқаланып, кезеңдік басшының қас-қабағына қарамайтын табандылығыңыздың бір-екеуін ғана мысалға келтірейінші. Сіз Қазақстан телерадиосына басшы болып келген соң (1992ж.қазаны) бұл саладағы қазақ хабары 70 пайызға дейін жетті. Сіз, сол үшін ешқандай басшының қас-қабағына қарамай күрестіңіз.  Солтүстік облыстарға ұшып барып, олардың әкімдерімен ырғасып отырып телерадиоларындағы орыс тілді төрағаларды  қазақ тілді  төрағалармен ауыстырып жүргеніңізде Алматыдағы кеңсеңіздің алдында  «Шерхан Мұртаза – ұлтшыл!» деп ұрандатқан топ кетпей тұрып  алған күндер де болып еді-ау! Сізге дейін ешқандай төраға  атқара алмаған телеорталықты бір сағаттың ішінде  шығармашылық топқа қосып, бюрократиялық кедергілерді жойғаныңыз да ерлік еді-ау. Ал, 56 пәтерлік бір үйді  түгелдей телерадио қызметкерлеріне  алып бергеніңіз ше? Бұл да ешқандай басшы атқара алмаған жұмыс болатын. Рас, Жұмабек Тәшенов бір үйді түгелімен қазақ зиялыларына бергізген дегенді еститінбіз. Бірақ, ол кісі қолында билігі бар үкімет басшысы еді ғой. Дегенмен Жұмабек Тәшеновтің сол ерлігін қайталауыңыз ұлтын шын сүйген адамдар ғана осындай кесек әрекеттерге бара алатынын көрсетті.

      Сіз, жазып отырып Тұрар көкеңізді көрдім деп едіңіз ғой Шер-аға. Тереземнің алдына келді дегенсіз. Мен де сізді түсімде көрдім. Баяғы сол Бердімбет атаңыздың бұлағының басында екенбіз деймін. Бұлақтың айналасы қорыстанып, жайылып жүрген дуадақтар тіпті көбейіп  кетіпті. Кенет ғайыптан  қыс түсе қалды. Ал, сіз болсаңыз қос қанатыңызбен әуеде ұшып жүрсіз. «Қаңтардың суығы қатты тиді-ау» деген  екенсіз деймін.  Даусыңызды естімесем де, солай деп айттыңыз екен деймін.  Сөйттіңіз де Алатауыңыздың ақ сүңгі шыңдарын бетке алып алыстап бара жаттыңыз. Ал, мен болсам «әруақ, дуадақ» деп міңгірлегеннен артыққа тілім келмей қала бердім...». 

Е.Айғалиұлы: Шер-ағаң нағыз редактор еді...
Еркін ҚЫДЫР: Оқырмандармен кездесуді өзгермес дәстүрге айналдырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу