Оқу орындары: Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжі

Oinet.kz 11-12-2014 958

Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжі - білім сапасына айрықша көңіл бөліп, шетелдің озық үлгілерін қолданысқа енгізуге талпынған бірден-бір оқу орны. Сапалы маман даярлауда заманауи тәсілдердің маңыздылығын жақсы түсіне отырып, колледж басшылығы әлемдік стандарттарға жетудің барлық мүмкіндіктерін қарастыруда. Жуырда Астана қаласында Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақстандық кәсіби техникалық білімді дамытудағы халықаралық ынтымақтастық» тақырыбында конференция өтті.  Оған «Кәсіпқор» холдингінің басқарма төрайымы А.Манасова, сонымен қатар Сингапур мемлекетінің Темасек қорының төрағасы Го Гео Ким және осы елдегі танымал Нанянг Политекник институтының халықаралық даму жөніндегі аға директоры  Фун Це Фунг арнайы шақырылды. Айта кетер жайт, жиынға  оңтүстік аймақтан тек Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжі ғана қатысты.  

image.png

Сингапурлық Нанянг Политекник институты мен Білім және ғылым министрлігі арасында түзілген меморандум бойынша 2012 жылдың соңына дейін 140 жетекші маман және техника саласының оқытушылары  Сингапурде біліктілігін шыңдауы қарастырылды.  Мамыр мен маусым айларының аралығында кәсіби-техникалық білім беру саласында жұмыс істейтін қызметкерлер және жергілікті атқарушы ұйымдардың 60-қа жуық өкілі біліктілігін шыңдап келді. Бағдарламаға  қатысушылар  электронды оқыту, тиімді басқарудың тәжірибесін меңгеруге ден қойды. 

Нанянг политехникалық институтының тәжірибесін үйренуге әуелі өзім және  колледжіміздің оқытушылары Бердімұрат Қуатхан және Есбол Сейдахметов аттандық. Қазіргі таңда Сингапур елінде ақпараттық коммуникациялық технология бағыты бойынша Қуаныш Рысқұлов пен Естай Есентаев білімдерін шыңдауда.  Сингапурдегі біліктілікті арттыру бағдарламасы біз үшін өте пайдалы, тиімді болды деп айта аламын. Өйткені, біз тек білімімізді байытумен шектелмей жаңа бағыттағы келелі мәселелерді талқылап, әріптестер арасында пікірлесе отырып өзара тәжірибе алмастық. 

Сингапурден алған іс-тәжірибелерімізді өз оқу орнымызда пайдаланып қоймай, тамыз конференциясында басқалармен де бөлістік. Тамыз конференциясына қатысушылар Сингапур жобасына аса қызғушылық танытып, өз тәжірибелерінде қолданатындығын айтты.

Тәуелсіздік  алған   20 жыл ішін¬де республикамыз экономикалық жағынан қарыштай дамып, әлемдік қауымдастыққа кеңінен танылуда. Сонымен қатар, ұлттық тіліміздің, төл мәдениетіміздің дамуына да айрықша көңіл бөлінуде. Соның бір үлкен айғағы – еліміздегі тіл саясаты.   Елбасының бастамасымен қолға алынған “Тілдердің үштұғырлығы” мәдени жобасы бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған тіл саясатының жандануына тағы бір серпіліс берді. Бұл жобаның басты мақсаты – еліміздің әрбір азаматының үш тілді еркін меңгеруіне мүмкіндік жасау. Елбасының: “Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пай¬да¬ланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі”, – деп атап айтқаны баршамызға аян.  Әрине, Қазақстанның әрбір азаматы үшін мемлекет¬тік тілді меңгеру бірінші кезектегі міндет. Сонымен қатар ағылшын тілі - бүгінгі таңда сапалы білімнің, компьютер технологиясының кілті екені белгілі.  

Осы орайда  колледжде “Тіл¬дер¬дің үштұғырлығы” мәдени жобасын іске асыру бағытында  жұмыстар атқарылып келеді. Елбасы  өзінің Жолдауында халықты жұмыспен қамтудың түбегейлі жаңа стратегиясын әзірлеу міндетін жүктеп, осы арқылы «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы  мақұлданды.   Халықтың әл-ауқатын жақсартып, табысын арттыруға арналғанбұл бағдарлама  аясында елімізде жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермей, жаңа жұмыс орындарын ашу  бойынша шаралар қолға алынды. Осыған орай кәсіптік оқытуға, жұмысқа орналастыруға, тұрғылықты жері бойынша  өзінің жеке ісін ашуды ұйымдастыруға жәрдемдесуге бағытталған «Жұмыспен  қамту-2020» бағдарламасының І бағыты  бойынша Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінде   ағылшын тілін тереңдетіп оқыту және компьютерлік  ақылы курстары ашылуда. Оқу орнында компьютерлік техника, интернет желісі, электрондық және телекоммуникациялық құралдар, мультимедиялық электрондық оқулықтар пайдаланылады. 

Сонымен қатар «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру», «Радиоэлектроника және байланыс», «Мұнай мен газды қайта өңдеу технологиясы» мамандықтары бойынша ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мамандандырылған топтар ашылды.  Мұндай топтарды аша отырып, колледждің педагогикалық ұжымы алдына  ана тілімен бірге ағылшын тілінде еркін сөйлеп, өз елін, халқын, мәдениетін шет елге таныстыра алатын жастарды тәрбиелеу міндеттері қойылды. Ағылшын тілі пәндері әдістемелік бірлестігінің меңгерушісі Г. Елбасиева мен шет елдерде өз білімдерін жетілдіріп келген ағылшын тілі пәнінің  білікті оқытушылары  А. Идрисова,Т. Еркінбекқызы, Б. Әбілова сынды оқытушылар өз жұмыстарын бастады.  Колледж базасында 8 лингафонды кабинет   дербес компьютерлермен, ағылшын тілін үйренуге арналған  оқу жұмыс бағдарламаларымен жабдықталған.  Колледжде бастау алған «Бағдарламалау және ақпараттық жүйелер»  пәндік әдістемелік бірлестіктің оқытушылары ақпаратты-коммуникациялық және инновациялық технологияларды кеңірек пайдалану  мақсатында ашылған  ақылы компьютерлік курстарында озық үлгідегі  ақпараттық жаңа технологияларды тиімді қолдануда.  

Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын курс оқытушылары   мамандандырылған топ оқушыларына ағылшын тілінде қарым-қатынас жасауды базалық деңгейде игеруді, осыған сәйкес оқыту мазмұнына қарапайым коммуникативтік біліктілікті, қажетті жағдайда ауызша және жазбаша (сөзді тыңдау және түсіну, оқу, жазу) өзара мәдени қарым-қатынаста қолдану қабілеттілігі мен дайындығын қалыптастыруды мақсат етіп отыр. Тіл мәдениетіміз жеткен биігінен төмен¬де¬мей, жетіле түсуіне, тілдердің үштұғырлығының   кемелдене беру¬і¬не кәсіби біліктілікпен атсалысу   әрбір тіл жанашырының  міндеті. Бүкіл қоғамға, халықтың аса қымбат қазынасы тіліне, ұлттың санасына ықпал етуі жағынан мұндай шаралардың  қосар үлесі  зор. Осы қадамдардың барлығы колледждегі білім сапасын арттыра түсетіні сөзсіз.       

Әділхан Мұратов, 

Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжі директорының ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары

Ардагерлер амандығы - қоғам байлығы
«Чимкент» қалай «Шымкент» болып өзгерді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу