Ардагерлер амандығы - қоғам байлығы

Oinet.kz 18-10-2012 776

image.png

Ардагер сөзі қазақ үшін қашанда үлкен құрметпен айтылатын ұғым. Осы бір сөзді естігенде өз басым  көз алдыма қан майданда жауларына қасқая қарсы тұрып, Отан үшін, ел үшін, жер үшін қасық қандарын төккен омырауы орден-медалға толы ардақ тұтар ардагерлерді еріксіз ойға оралтамын. Сұм соғыстың аяқталғанына, міне, 67 жыл өтті. Сол  майданда миллиондаған адам көз жұмды, миллиондаған үміттер үзілді. Бүгінде Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлеріміз қартайып, олар жыл өткен сайын азая түсуде. Бейбіт өмірге аса қиыншылықпен қол жеткізген батырларымызды ұлықтап, оларға құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың міндеті. Осы қағиданы ескерген Елбасы Н.Назарбаев республикалық соғыс және еңбек ардагерлерінің алтыншы съезінде сөйлеген сөзінде: «Ардагерлер – біздің алтын қорымыз, мақтанышымыз. Олар еліміздің ертеңі үшін қан төкті, туған өлкеміздің игілігіне адал еңбек етті. Сондықтан біз олардың еңбектерін әрқашан да ұмытпай бағалап, ардагерлерге ілтипат, құрметпен қатар тұрмыстық-әлеуметтік қамқорлық көрсетуіміз керек» деген болатын. 

Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әр жолы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, әлеуметтік салаға қамқорлықты, күшейт, оның ішінде қарттарды ұдайы қолдап отыру жайлы айтып жүр. Ия, бүгінде көзі тірі ардагер қарияларымызға мемлекет тарапынан мол қамқорлық көрсетіліп келе жатқаны белгілі. Әсіресе, олардың денсаулықтары ерекше ескеріліп, барлық жерде тегін және сапалы медициналық көмек көрсетілуі талап етілген. Республикамызда ардагерлерге арналған арнайы ем қабылдайтын орындар мен демалатын мекемелер бар.  Солардың бірі Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Ардагерлер үйі» медициналық-әлеуметтік мекемесі. Ардагерлердің демалуына, ең бастысы денсаулықтарына қаншалықты көңіл бөліп, қаншалықты жағдай жасалғандығын білу, олардың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында осында бас сұққан едік.  

Ат шаптырым кең аумақты алып жатқан мекеме 1997 жылы ашылған. Алғашқыда ардагерлер үйі емес Қорғасын зауыты қызметкерлеріне арналған профилактикалық емдеу мекемесі ретінде бой көтерген екен.   Бертін келе соғыс ардагерлеріне құрмет пен қамқорлық ретінде «Ардагерлер үйі» деген атау қойылыып, батыр қарияларымыз бен апаларымызға қызмет көрсетуде. Мекеме Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қатысушылары, соларға теңестірілген тұлғалар, Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек ерлері, тыл ардагерлері, батыр аналар және зейнеткерлерге қамқорлық көрсетуге арналған. Тек ардагерлер ғана емес Семей, Чернобыль  апаттарынан зардап шеккендер, ара-тұра 1937-1938 жылдары саяси қуғын-сүгінге ұшыраған қарттар, соғыста қайтыс болған жауынгер отбасының мүшелері де келіп демалады. Жалпы мекеме 200 орынға арналған. Бір жылда шамамен төрт мың ардагер келуіне мүмкіндік бар. Оңтүстік Қазақстан облысына бөлінген квота бойынша әр аудан, қаладағы ардагерлер мен зейнеткерлердің санына қарай жолдамамен келеді. Мемлекеттік мекеме болғандықтан мұнда талапта күшті. Зейнет жасына жетпеген немесе өздігінен тұрып-жүре алмайтын қариялар жата алмайды. 

Ардагерлер үйінде біз барған күні емделушілердің арасында 10 Ұлы Отан соғысының ардагері,  40 Тыл еңбегінің ері, 90 зейнеткер, 49 батыр ана, 10 мүгедек және бір қаза болған жауынгер отбасының мүшелері тынығып жатыр екен. «Ардагерлер үйінің» ең басты функциясы медициналық-әлеуметтік көмек көрсету болғандықтан, мұнда қариялардың денсаулығын сауықтыруға арналған аппараттар толығымен қамтамасыз етілген. Мекеме директоры Әлкен Абдуллаевтың айтуынша қарт демалушыларға дәрі-дәрмектен гөрі физоем және түрлі тренажерлармен жаттығу көбірек жасалады.  Егер адамның көңілі тыныш болса, денсаулығы да қалыпты болады. Мекеменің ерекшелігі оларға жайлы атмосфера, тыныштық қалыптыстыру, көңіл күйлерін көтеру, дендерінің саулығын сақтау жан-жақты ойластырылған.  Мұнда демалушылардың денсаулықтарын бақылап отыратын 4 дәрігер, 19 мейірбике бар. Қызметкерлердің 80 пайызы мекеме ашылған уақыттан бері ыстығы мен суығына төзіп келе жатқан адамдар. Қарт адамдардың психологиясы барлығымыз білетіндей құбылмалы, яғни жас бала секілді қыңыр да көңілді болып келеді. Қариялардың нені қалап, нені қаламай тұрғанын қас қабағынан танитын олар, әрқайсысының тілдерін таба  біледі. Денешынықтыру залы, механикалық уқалау, қол массаж, физоемдеу, егу бөлмесі, ингаляция бөлмелерінде қариялар қажетті емдерін алып, денелерін шынықтырып алады. 

«Ас адамның арқауы»  демекші жасы келген адамдардың дұрыс тамақтануы маңызды.  Күнделікті төрт мезгіл ыстық тамақ, ал қант диабетімен ауыратын жандарға бес мезгіл тамақ беріледі.  

Аулаға кіргеннен әр жерде шүйіркелесіп, шашка, шахмат ойнап отырған қарттарды көргенде жүрегімізге жылу ұялады. Екі кісілік бөлменің барлығында теледидар орналасқан. Бос уақыттарында бильярд ойнап, кітапханаға барып кітап оқиды. «Қарты бар үй берекелді келеді. Жалпы қарттармен әңгіме құрып, оларға күтім жасаған қызық жұмыс. Барлығы қатарлас, замандас болғандықтан әңгімелері жараса кетеді. Іштері пыспайды. Негізінен осында он бес күн ішінде әжептәуір салмақ қосып, толығып, өңдері кіріп қалады. Кейбірі демалыс уақыты біткенде үйлеріне қайтқысы келмейді. Себебі, үйлерінде де оларға мұндай жағдай жасалмайды. Бірақ, ардагерлердің саны күннен күнге азайып бара жатқандығы өкінішті. Олар ашаршылыққа да көнді, соғысты да көрді, енді қазіргі бейбіт өмірге, бүгінгі ұрпақтарға риза шығар» ,-дейді мекеме басшысы Әлкен Жүсіпахметұлы.

«Ардагерлер үйіне» жыл сайын келіп демалатын 83-тегі Лескүл әжей Шымкент қаласында тұрады. Ғұмырының көп жылдарында акушер-гинеколог болып қызмет атқарған. Бала-шағасы мен немерелерінің арасында ойнап-күліп жүрген әженің мемлекеттің қарттарға деген қамқорлығына ешқандай өкпесі жоқ. Ал тоқсанға таяп қалған Николай мен Тихин аталарымыз Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Екеуі де  жыл сайын осында келуді дәстүрге айналдырған. Денсаулықтары мықты, бұйыртса келер жылы да келіп емделіп кетеміз дейді олар.    

Қарты бар ел қазыналы. Олардың денсаулықтары мен өмірлері біз үшін қымбат. Ардагерлердің игіліктері үшін мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қамқорлықтың барлығына олар лайықты.  

Василиса Мануилова: «Қазақ тілінің көркемдігіне тамсанамын»
Оқу орындары: Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу