Ауыл шаруашылығы тауар өнімөндірушілері мен қолөнершілердің көрмесі өтті

Oinet.kz 06-08-2022

Screenshot_1.jpg

Күллі түркі халықтарының екінші  меккесі, түркі халықтарына ортақ, әлемнің рухани асталаналарының бірі – Түркістан қаласының «Керуен сарайы» туристік кешені аумағында Жетісай ауданының Түркістан қаласындағы мәдени күндері аясында «Жер жұмағы Жетісайдың – рухани Түркістанға тартуы» атты мерекелік іс-шарасы болып өтті.

Шара барысында ауданның  қолөнер және қылқалам шеберлерінің, ауыл шаруашылығы тауар өнімдірушілерінің, «Туған жерім, жұмағым – Жетісайым!» атты рухани кітап және Жетісай ауданы этномәдени орталықтарының «Жетісай – бірлік пен татулықтың мекені!» атты ауданды мекен еткен түрлі этнос өкілдерінің ұлттық тағамдарының көрмелері ұйымдастырылды.

Шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Прімбеков арнайы қатысты.

«Талай-талай өнер тарландарын түлеткен Жетісай ауданында мәдениет, өнер, спорт саласы жақсы дамыған. Аға буынға қарап өскелең ұрпақ, жаңа буын бой түзеп келеді. Аудандық, облыстық, республикалық іс-шараларда белсене қатысатын аудан тұрғындарының жеткен жетістіктері де аз емес.

Бүгінгі іс-шараға біз бар мүмкіндігіміз бен қарым-қабілетімізді салып отырмыз. Рухани мәдениетіміздің дамуына өз үлестерін үздіксіз қосып, киелі Түркістан аспанын әсем әуендерімен тербететін өнерпаздарымыздың өнері қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығады деген үміттеміз» дейді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт  бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев.

Қазақы салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарды кеңінен насихаттай отырып, ауыл мәдениетін көтеру, ел арасынан талантты да, дарынды өнерпаздардың, спортшылар мен қолөнершілердің шығармашылық жұмыстарына қолдау көрсету, ауылдың тыныс-тіршілігін, қазыналы қариялар мен жастардың ауыл мәдениетiн көтерудегі рөлін арттыру, ауылдың алтын қазығы болатын әрбір отбасының өз туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін одан әрі жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған рухани кеште аудан өнерпаздары бостандық пен ерлікті, татулық пен жетістіктерді дәріптейтін патриоттық әндерді шырқаса, мың бұралған бишілер тобы елімізді мекен еткен түрлі ұлттардың биін нақышына келтіріп орындады.

«Рухы бір – қандас, жүрегі бір – жандас» дейді дана халқымыз. Атаның қанымен, ананың жасымен сан ғасырлар сағындырып жеткен егемендік тұсында елдігі бекем, ертеңі жарқын еңселі, тұғырлы ел болуды Алла бізге нәсіп етсін! Бүгінгі керемет көңіл-күй сыйлаған тамаша кеш үшін жетісайлықтарға шынайы алғысымызды білдіреміз! Қазақы нақыш, қазақы иісі аңқыған осынау шараны немерелеріммен бірге тамашалап, марқайып қалдық. Баршаңыздың шаңырақтарыңыздан иманды ұл, ибалы қыз өсіп, мәртебелеріңіз биік болсын! Шығармашылық шабыттарыңыз шарықтай берсін!» дейді Алматы қаласынан қонаққа келіп, рухани кештің куәсі болған Базаркүл Қалиева.

Концерттік бағдарлама соңында мерекелік отшашу атылып, ауыл шаруашылығы көрмесіне қойылған өнімдер тұрғындарға тегін таратылды.

Ө.Шөкеев: Жергілікті билік азаматтардың мүддесі үшін жұмыс істеуі тиіс
Асықата кентінде тік дренаж мәсеслесі өз шешімін табуда


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×