Көмекке мұқтаж отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетіліп келеді

Oinet.kz 23-09-2022 225

image.png

Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің "Әкімдердің халықпен кездесуі туралы" Жарлығына сәйкес Құркелес ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Алдымен аудан басшысы алдыңғы кездесуде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде тоқталып, содан кейін алдағы жоспарларымен бөлісті.

Жиын барысында тұрғындардың басым бөлігі жарықтандыру, таза ауыз су және табиғи газбен қамтамасыз ету, тозығы жеткен электр желілерін ауыстыру, ұялы байланыс желісін орнату, асфальт жол салу, каналды бетондау, дәрігерлік емхана салу, жайылым жер, жаңа мектеп салу, оқушылар тасымалы, қашыртқы тазалау, коммуналдық тұрғын үй беру мәселесі туралы өтініштері мен пікірлерін айтты.

Өз кезегінде аудан басшысы Құркелес ауылдық округі, Нұрлы жол елді мекеніндегі 300 орынға арналған Б.Омаров атындағы №50 мектептің құрылысы нысаны бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде жеңімпаз мердігер мекеме анықталып, ағымдағы жылдың қараша айында құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда екенін жеткізді.

Сонымен қатар, Келес елді мекеніндегі ескі электр желілері мен бағаналарын ауыстыру және трансформатор орнату құрылысы нысаны бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде жеңімпаз мердігер мекеме анықталып, құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың қазан айынан бастап жүргізу жоспарлануда. Нысанның құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі.

Сондай-ақ, Алғабас елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысын жүргізу үшін сәулет жоспарлау тапсырмасына қажетті құжаттар жинақталып, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде.

Кездесуден кейін, аудан басшысы ауыл тұрғындарын жеке қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындардың таза ауыз сумен қамтамасыз ету, аяқ жол салу, мектеп, кәсіп ашу үшін несие беру және жеке мәселелері бойынша өтініштерін тыңдап, заң аясында жауап берді. Аудан басшысы ауыл тұрғындарын қабылдау барысында ауыл әкімі мен тиісті мекеме басшыларына өтініштерді назарға алып, заңға сәйкес оң шешуді тапсырды.

Аудан әкімі Мұхит Отаршиев сондай-ақ Құркелес ауылдық округіндегі көмекке мұқтаж аз қамтылған көп балалы отбасылардың үйіне арнайы барып, сұқбаттасып, әрбір отбасына демеушілер есебінен азық-түлік себеттерін табыстады. Сұхбат барысында әрбір тұрғынның тұрмыс жағдайларын сұрасып, өтініштеріне де құлақ асып, байыппен тыңдаған аудан басшысы көңілі қаяу жандарға әрқашан қолдау, қамқорлық көрсететінін жеткізіп, өтінішін назарға алатынын айтты. Аудан басшысы аз қамтылған жанұялардың талап-тілегін тыңдай келе, алдағы уақытта да демеушілер арқылы тұрмысқа қажетті заттар мен әлеуметтік көмектер көрсетілетінін жеткізді.

Айта кетсек, бүгінгі таңда ауданның барлық қала, кент және ауылдық округтерінде көмекке мұқтаж жандар анықталып, оларға әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Бұл қамқорлық жобасы мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мен көмектен бөлек жүзеге асады. Тұрмыс тауқыметін тартқан жандарға жан-жақты қамқорлық көрсету арқылы, кедейлік шеңберінен шығуға мүмкіндік береді. Еңбекке қауқарлы азаматтарды жұмыспен қамтуға жағдай жасалады. Бұл шараларға жомарт жандар да атсалысып, олардың қатары күн санап артып келеді.

  Айта кетейік, сол күні аудан басшысы Мұхит Отаршиев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Алдымен қабылдауға келген қала тұрғыны Д.Матаева 2-ші топ мүмкіндігі шектеулі баласының емделуіне көмектесуді және жолдасын жұмыссыз ретінде тіркеп, жәрдемақы берілуін сұрайды. Екінші мәселе бойынша қала тұрғыны Б.Тилепбаев «Жібек жолы» автовокзалындағы заңсыз жолаушылар тасымал мәселесін жеткізді. Үшінші мәселе Жарты төбе ауылдық округі, Құрама елді мекенінің тұрғыны Ж.Ерназаров Ферма ауылындағы электр желілері мен бағаналарының тозығы жетуінің  салдарынан электр жарығы өте нашар екендігін және ауыз сумен қамту мәселесін жеткізді. Соңғы мәселе бойынша Құркелес ауылдық округі, Алғабас елді мекен тұрғыны Р.Шукубаева «Айна» балабақшасының уақытша жабылып қалуына байланысты балабақшаны қайта ашу үшін ғимарат қарастырып беруін сұрады. 

Аудан басшысы қабылдау барысында көтерілген барлық мәселе мен әр тұрғынның сауалдарына заңды түрде жеке-жеке жауап беріп, әрбір мәселеге талқылау жасап, шешу жолдарын қарастырды. Сондай-ақ, тұрғындардың мәселелерін бақылауда ұстайтындығын айтып, жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берді. Сөз соңында тапсырмалардың орындалуын жіті бақылауында ұстайтынын айтты.

Бірнеше жолдың сапасы тексерілуге жіберілді
Жетісайда жарық мәселесі шешілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу