Шымкент қаласында жылыту маусымына дайындық барысы пысықталуда

Oinet.kz 12-10-2023 161

Шымкент қаласында жылу маусымына дайындық жұмыстары жалғасуда. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, қала 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындығы жан-жақты пысықталған. Қаланың 23 бөлек орналасқан жылу қазандықтары мен орталықтандырылған жылу жүйесіндегі 17 сорғы станциялары жылу беру маусымына дайын.

Screenshot_9.jpg

- Алдымызда жауапты науқан – жылыту маусымы тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында жылыту маусымына дайындық барысын күшейтіп, өткен жылғыдай елімізде жылыту маусымы кезінде орын алған төтенше жағдайлардың алдын алуды қадап тапсырған болатын. Бүгінде Шымкент қаласында жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталып, жылу беру маусымына дайындық басталып кетті. Сол дайындықты тағы көзбен көріп пысықтап алуды бүгін жөн көріп отырмыз, - дейді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков. 

Оның айтуынша, 2023-2024 жылғы жылыту маусымының басталуына байланысты 5 қазанынан бастап магистралдық, ішкі орамдық жылу желілері және тұрғын үйлердің ішкі жылу жүйесін сумен толтыру жұмыстары жалғасуда. Жертөле мен пәтер ішіндегі құбырлар жарылып кетпеу үшін қадағалау жұмыстарын «Қуатжылуорталық-3» мекемесі қадағалауда. Сонымен қатар, тұрғын үйлердегі жылу кезінде улы газдың алдын алу мақсатында іс-шара жоспары бекітіліп, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Абай ауданы жастар ресурстық орталығы және Тұран ауданы төтенше жағдайлар басқармасының бірлесе ұйымдастырумен «Улы газдың алдын алу» тақырыбында Тұран ауданы аумағында жылыту маусымы кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Үгіт-насихат жұмысы барысында аудан аумағында орналасқан тұрғын үйлер, саябақтар, жертөлелер мен тұрғындар көп шоғырланған көше бойларында жылыту маусымы кезіндегі газбен улану тақырыбында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, арнайы жадынамалық парақшалар таратылды.

Улы газ – иісі жоқ уландырғыш газ, оны көру немесе иісі арқылы сезу мүмкін емес. Адам газды иіскеген кезінде бірнеше минут ішінде-ақ өліп кетуі мүмкін. Газдан улану көп жағдайда көмірмен және газбен жағылатын пештерді дұрыс пайдаланбау кезінде туындайды. Айта кетейік, бұндай сақтық шараларын пысықтау жұмыстары қаламыздың барлық аудан аумақтарында тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Шымкент қаласында кілем тоқыма фабрикасының жұмысы жанданып келеді
Шымкент қаласында 147 мектептің интернет жылдамдығы арттырылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу