Шымкент қаласындағы Фосфоршылар сарайының аумағы күл-қоқыстан тазартылды

Oinet.kz 13-10-2023 131

Шымкент қаласында сенбілік жалғасуда. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен қолға алынған «Таза қала өзіңнен басталады»  акциясына өткен сенбіліке 60 мыңнан астам шаһар тұрғыны шығып, өз үлестерін қосты. 

Screenshot_13.jpg

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, тазалық жұмыстары қаланың барлық аудандарында өз жалғасын тапты. Мәселен, Фосфоршылар сарайының аумағын тазалауға мыңға жуық адам шығып, айналасын күл-қоқыстан тазартып, абаттандырды. 

- Қаладағы бұл сенбілікке қала әкімдігінің қызметкерлерінен бастап мемлекеттік қыметшілер,  кәсіпкерлер, еріктілер,  мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері,  ардагерлер мен тұрғындар белсене қатысты. Төрт секцияға бөлінген аумақтағы жұмыстарға аудандық коммуналдық мекемелердің қызметкерлері мен 50-ден астам техника жұмылдырылды. Ал жалпы қала аумағындағы тазалық  жұмыстарына 60 мыңға жуық адам үлес қосты. Бұл бағыттағы шаралар барлық аудан аумақтарында тұрақты түрде әр сенбіде ұйымдастырылады. Қураған ағаштардың орнына жасыл желектер отырғызылып, тазарған аумақтар көгалдандырылады. Акция қазан, қараша айында жалғасады, - дейді Ғабит Сыздықбеков.

Бұл тазалыққа қала тұрғындары да үлес қосты. Соның бірі еңбек ардагері Өркен Әбдіреев. «Біз Фосфоршылар сарайының төңірегі жабайы тоғайға айналғаны туралы көптен бері мәселе көтеріп, аудан мен қала әкімдеріне жеткізіп келеміз. Осынша уақыттан кейінгі жан-айқайымызға Ғабит Сыздықбеков құлақ түріп,  міне бүгін өзі бастап сенбілік ұйымдастырып отыр. Бір кездері мәдениеттің ошағы болып,  бүгінде қараусыз жағдайға жеткен сарайдың айналасы тазарғанына қуанып отырмын» дейді ол. 

Бұл жолғы сенбілікте белгіленген аумақ тек қоқыстан тазартылып қана қоймай,  шөптері шабылып, қураған ағаштары кесілді. «Қазір тазалық акциясына 1000-ға жуық адам қатысып жатыр. Фосфоршылар сарайы бұрын жекенің меншігінде болғасын назардан тыс қалып келген еді.  Бүгін қоршаған ортаға немқұрайлы қарамайтын азаматтардың көмегімен бұл аумақта тазалық жұмыстары атқарылып жатыр.  Жалпы, осындай сенбілік қаланың әр нүктесінде тұрақты ұйымдастырылатын болады. Одан кейін тазаланған орындарға ағаш көшеттері отырғызылады» дейді қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы  Әбілқайыр Оңғар.  Сенбілік өтіп жатқан аумақ 4 секцияға бөлініп,  жиналған қоқысты, кесілген ағаштарды тасымалдауға Әл-Фараби ауданындағы коммуналдық мекемелердің қызметкерлері мен 50-ден астам техника бекітілген.  

Шымкент қаласында этномәдени орталық жұмысымен қала әкімі арнайы танысты
Шымкент қаласында жастар арасында әскери сайыс өтуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу