Шымкент қаласында интернет алаяқтардан қорғану жолдары айтылды

Oinet.kz 16-10-2023 1710

Шымкент қаласында жастар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру аясында іс-шара жоспары қабылданған. Сол жоспар аясында «Әділетті Қазақстан: Экономикалық қауіпсіздік пен тұрақтылық кепілі» атты акция басталды. Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға-офицері Гүлзия Қарсыбайдың айтуынша, Жастар арасында қаржы пирамидасы мен ойынқұмарлық секілді індеттердің алдын алуға арналған  іс-шара Сайрам тұрғын алабында ұйымдастырылған. Оған қатысушылардың басым бөлігі студент жастар мен оның ата-аналары. 

Screenshot_19.jpg

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы мен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында лудомания, қаржылық пирамида және интернет алаяқтық, одан бөлек халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында өзекті мәселе көтерген болатын. Шын мәнінде соңғы жылдары халық арасында интернет алаяқтарынан зардап шеккендердің саны артты. Осы мәселеге талдау жасай келе, негізінен алаяқтың құрығына тұрақты табысы бар саланың мамандары жиі түседі екен. Олардың қатарында мұғалімдер, дәрігерлер мен медбикелер және шәкіртақы алатын студенттер бар. Алаяқтықтың ең көп таралған түрі – қаржылық пирамида. Жалпы, қаржылық пирамиданың 10 белгісі бар. Ең алдымен қомақты көлемде қаржы салу, капиталға өте жоғары пайыз уәде беретін пайыздар, одан кейін салған ақшаңызды қайтару үшін міндетті түрде таныстарыңызға осында ақша салуы керек. Сонымен қатар, бұл инновациялық жоба ретінде ұсынылып, компания жаңадан ашылғанын айтады. Мәселен, бизнес жүргізу үшін жаңа компания ашылса, оның құрылтайшысы, жарғысы, өзінің келісім шарттары, іс-қағаздарын жүргізу барысында жауапкершілігі болады. Ал, қаржы пирамидасында тек жалғыз құрылтайшысымен келісім шарт түзіледі. Және, келісім парағында екі жақтың да ешқандай жауапкершілігі көзделмейді. Мәселен, сіз ақша саласыз, бірақ ешқандай жауапкершілік алмайсыз, - деді Гүлзия Қарсыбай. 

Оның айтуынша, интернет алаяқтары ең алдымен адамдардың әлеуметтік желідегі парақшасына тіркеліп, оны әбден зерттейді екен. Көбіне әйелдер астау, ыдыс-аяқ, көрпе-төсек секілді чаттарға тіркеліп, сол жердегі ұтыс ойындары қатысу ниетімен жиі алданатын көрінеді. 

– Алаяқтар түрлі екінші деңгейлі банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері болып хабарласуы мүмкін. Қай жерден қоңырау түспесін тұтқаны көтергенде «иә» немесе «мақұл» деген сөзді айтушы болмаңыздар. Ең алдымен қоңырау соққан адамды тыңдап, содан кейін жауап беру керек немесе мүлдем тіл қатпай тұтқаны қоюға кеңес береміз. Алаяқтықтың тағы бір түрі  банк карталары арқылы жүзеге асырылады. Айталық, қолма-қол ақшаны шешіп алатын тұста банкоматқа құпиясөзді теріп жатқанда пернетақтайы дірілдейтін болса, міндетті түрде операцияны тоқтатыңыз. Себебі, сіздің картаңызға скрин жасалып жатыр. Сондықтан, банкоматтан ақша шешіп алар кезде айналаңыздағы адамдар мен бейнебақылау камераның бар екеніне көз жеткізіңіздер. Ешқашан бейтаныс адамнан ақшаны шешіп беруі үшін көмек сұрамаңыздар, - деді Г.Қарсыбай. 

Шымкент қаласында жылу 20 қазаннан беріледі
Шымкент қаласында 569 мың шаршыметр тұрғын үй пайдалануға берілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу