Түркістан – түркі әлемінің келіссөз орталығы
23-04-2025
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы Түркістан облысында жақсы іске асырылуда. Жалпы аймақта жоба аясында 63 білім ошағын салу көзделген.
Жоба аясында биыл 29 мектептің құрылысы жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда мектептер бір-бірлеп пайдалануға берілуде. Мәселен, «Жайлы мектеп» жобасы аясында Түркістан қаласында бұған дейін бір білім ошағы ел игілігіне берілген болатын. Ал жыл соңына дейін тағы 12 мектеп құрылысы аяқталады деп күтілген, қалған 13 мектеп 2025 жылға өтпелі болатын. Енді Түркістан қаласында «Жайлы мектеп» жобасы аясында тағы бір мектеп ашылып отыр. 2 мың оқушыға арналған білім ұясы «Жаңа қала» шағын ауданында бой көтерген. Мұнда балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.
Түркістан облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың айтуынша, елімізде «Жайлы мектептердің» басым бөлігі Түркістан облысында салынуда. Қазір өңірде 29 мектептің құрылысы жүргізіліп жатса, бүгінгі күні оның үшеуі ашылып, ел игілігіне берілген.
- Президентіміз Жолдауында білім саласына айрықша көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысы «Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқарады. Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын. Үкімет жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластыруы керек. Сонымен бірге еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуы керек. Мемлекет кепілді төлемдер үшін қыруар қаражат бөледі. Оның ішінде жекеменшік мектептерге берілетін қаржы да бар. Мысалы, 250 мыңнан астам бала оқитын жекеменшік мектептерге биылдың өзінде бюджеттен 134 миллиард теңге бөлінді» дейді. Әрине бұл жобалар, бөлінген қаржы еліміздің болашағы мектеп оқушыларының жақсы білім алып, білімді азамат болып шығуына салынып жатқан инфестиция, - дейді Түркістан облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов.
Сонымен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынған білім ұясының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен білім саласының ардагерлері қатысты.
– Еліміздің болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінгі таңда елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданып, заманауи, озық үлгідегі білім ошақтары салынуда. Бұл бастама апатты және үш ауысымдық мектептер мәселесін шешіп, оқушы орындарының тапшылығын жояды. Сіздердің мектептеріңіз жай ғана жаңа ғимарат емес. Бұл – даму мен оқу үшін тамаша жағдайлар жасалған орын, – деді Дархан Сатыбалды.
Аталған білім ордасы қаладағы 2 мектептегі жүктемені азайтуға мүмкіндік берді. Түркістан қаласының «Жаңа қала» аумағында салынған 4 қабатты білім ордасындағы физика, химия, биология және робототехника кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталған. Білім алушылардың жан-жақты дамуы үшін мектепте спорт залдары, шеберлік залдары, зертханалар мен демалыс аймақтары ұйымдастырылған. Жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылған. Бастауыш пен жоғары сынып оқушылары жекелеген блоктарда оқиды. Балалардың жас ерекшелігіне орай блоктардың әрқайсысы оқу сыныптарымен, санитарлық тораптармен, спорт залдарымен және жеке шкафтармен қамтылған.