Түркістан – түркі әлемінің келіссөз орталығы
23-04-2025
Созақ ауданында жол құрылысы саласында атқарылып жатқан жұмыс көп. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің айтуынша, жалпы аудан көлемінде автомобиль жолдарының ұзындығы 917 шақырымды құрайды.
Оның 435 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар болса, 79 шақырымы аудандық маңызы бар жол, ал 403 шақырымы елді мекендердің ішкі жолдары.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында көлік-логистика секторын дамыту – стратегиялық мәні айрықша басымдық екенін атап өтті. «Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз. Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек. Сондай-ақ тиімді жұмыс істейтін әуе хабтарын, теміржол бекеттері мен теңіз порттарын салуымыз қажет. Бұл ретте бірқатар кешенді мәселені шешкен жөн» дейді Президент Жолдауында. Бұл бағытта ауданда көлік-логистикасын жақсарту бағытында қолға алынған жоспарлар мен атқарылған жұмыстар да баршылық. Жалпы ауданымызда автомобиль жолдарының ұзындығы – 917, елді-мекен көшелерінің желісі – 403 шақырымды құрайды. Ал 435 шақырым бұл облыстық мәндегі жол санатында, - дейді аудан әкімі.
Жол – күре тамыр. Жол құрылысына Созақ ауданында айтарлықтай көңіл бөлінген. Ауданда 10 айда атқарылған жұмыс қорытындысына қарайтын болсақ, біраз жұмыстың атқарылғанын байқау қиын емес. Аудан әкімінің айтуынша, биыл аудан аумағындағы елді мекендердің ішкі жолдарын жөндеу жұмыстары жалғасып, ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуға ықпал еткен. Атап айтсақ, өткен жылы 34,1 шақырымды құрайтын 29 көшеге асфальт жабындысы төселген. Оның ішінде 22,4 шақырымды құрайтын 18 көше «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында, ал 11,6 шақырымдық құрайтын 11 көше жергілікті бюджет есебінен жаңартылған. Осылайша, Жартытөбе, Аққолтық, Көктөбе, Балдысу және Басбұлақ елді мекендерінің ішкі жолдары толықтай асфальтпен жабылып, жол қозғалысы жақсара түскен.
Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып, аудан аумағындағы 34 көшеге асфальт жабыны төселіп, елді мекендердің ажары одан әрі арта түсті. Биылғы жылы Жуантөбе ауылының барлық жолына асфальт жабыны төселіп, ел игілігіне берілді. Сондай-ақ, облыстық маңызы бар күре жолдар да жөндеуден өтіп, аудан тұрғындарының көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасалуда.
- Президентіміз Жолдауында «Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр» деп атап өткендей, сол жол құрылысы біздің аймақта да мақсатты атқарылуда. Жалпы осы жылдың қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін жақсара түсті. Биыл «КХ-2 Ұланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолының Шолаққорғаннан Ыбырайға дейінгі 83 шақырымы, «КХ-57 Созақ-Қарағұр-Бақырлы» автомобиль жолының Созақтан Қарағұрға дейінгі 30 шақырымы, және «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» автомобиль жолының 39 шақырымына асфальт жабындысы төсеу жұмыстары толығымен аяқталды. Енді бүгінгі күні, тиісті уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп 2024-2025 жылдарға «Облыстық, аудандық және елді мекендердің автомобиль жолдарында қозғалыстың шектелуі кезіндегі өзара іс-қимыл бойынша Жол картасы» әзірленіп, бекітілді. Бұл жол картасы аясында автожолдарды қысқы күтіп ұстау үшін мердігер мекемелерді анықтай отырып, қажетті инертті материалдар қорын жоспарға сәйкес толық әзірлеу, өндірістік базалары мен бокстарды, жол техникаларын қыс мезгіліне дайындау жұмыстарын жүргізілді. Сонымен қатар, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аса қажетті жол телімдеріне, тау асулары мен өрлерге, қарқынды қозғалысты қиылыстарға, теміржол өтпелері мен аялдамаларға тайғақтыққа қарсы материалдарды алдын ала жеткізілді. Сондай-ақ қыс айларында қолайсыз ауа-райы салдарынан автожолдарда төтенше жағдайлардың орын алуының алдын алу және жедел шаралар қабылдау мақсатында, мердігер ұйымдармен қысқы күтіп ұстауға қосалқы техникаларды тарту бойынша ниет ету келісім-шарттарын жасалды. Тапсырыс беруші және мердігер ұйымдар тарапынан тәулік бойы кезекшіліктікті ұйымдастыру шаралары жүргізілуде, - дейді Мұхит Тұрысбеков.
Бүгінгі таңда өңіріміздегі машина-трактор паркінің тең жартысы ескірген. Егіс алқаптарын уақтылы жинап-тернеудің мүмкін болмауы да осы техниканың тозуымен тікелей байланысты. Қыс айларында жолдарды қардан тазарту жұмыстарының кеш атқарылуы да осы техникалардың аздығынан орын алуда. Осы ретте Мемлекет басшысы Жолдауында агроөнеркәсіп кешендерін техникамен жабдықтауға ерекше басымдық беріп отыр. Шындығына келсек, ауыл шаруашылығы өндірісін кешенді механикаландыруды жүзеге асырмай жоғары өнімге қол жеткізу мүмкін емес. Сол сияқты тазалықтың да сапалы атқарылуына машина-трактор паркінің жаңармай жақсы нәтиже болмасы белгілі. Облыстан Созақ ауданына 27 жаңа техника жеткізіліп, коммуналдық қызмет көрсету мекемелеріне таратылған. Жаңа жеткізілген техника 12 кент пен ауылдық округтерге, сондай-ақ «Созақ сәулет» және «Шолаққорған-Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарына табысталған.
Жаңа техникалар экологиялық және әлеуметтік жағдайды жақсартуға ықпал ететіні анық. Ауданға бөлінген техника қатарында LONKING доңғалақты тиегіш, «Shacman 6x4» жүк машинасы, DongFeng ассенизаторы, бульдозер, КАМАЗ-65115 аралас жол көлігі (суару, жуу, қар тазалағыш) және қоқыс тасығыш КАМАЗ-43253 көлігі, JCB 3CX маркалы тиегіш экскаватор мен ассенизатор машинасы, сондай-ақ Газел Next автокөлігі сатып алынған. Бұл техникалар коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға және аудан инфрақұрылымын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар барлық 12 кент және ауылдық округке Беларус-922.3 маркалы тракторлары жеткізілген. Атап өтерлігі, жыл басынан бері 12 кент және ауылдық округке жоғарғы кеңістіктегі жұмыстарды оңтайландыратын электрлі көтергіш машиналары алынған болатын. Бұған демеушілік арқылы алынған арнайы қоқыс тасымалдауға арналған жетек, көше сыпыру және қар тазалауға қажетті жабдықтармен толықтырылған 5 жаңа Беларус 80.1 маркалы тракторлары да қосылып, жаңа техникалардың жалпы саны 44-ке жетіп отыр. Бүгінгі күні осы бар техника жолдарды қардан тазалауға, жол қауіпсіздігін арттыруға жұмылдырылған.
- Аудан көлемінде жүргізілген жол жөндеу жұмыстарының нәтижесінде ауылдарымыздың арасындағы байланысты жақсартуға, әлеуметтік және экономикалық дамуға тың серпін берілді. Алдағы уақытта да жолдардың сапасын арттырып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.