Полиция – халыққа қорған, елге тірек

Oinet.kz 28-06-2025 13

3.jpg 

Түркістан облысында 100-ге тарта полицей марапатталды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 33 жыл толды. Осы атаулы датаға орай Түркістан облысы Полиция департаментінде салтанатты жиын ұйымдастырылды. Мерекелік шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, облыс әкімдігі мен құқық қорғау саласының басшылығы, жеке құрам және арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының салтанатты түрде сахнаға әкелінуімен ашылып, Мемлекеттік Әнұран шырқалды. Одан кейін жиналған қауым ел тыныштығы үшін жанын қиған тәртіп сақшыларының рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.

Полиция қызметінің қоғамдағы маңызы мен күрделі де жауапты миссиясын бейнелеген театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Қойылым барысында қызметтік борышты абыроймен атқару, қиындыққа мойымау, халыққа адал қызмет ету секілді құндылықтар көрініс тапты.

Алғашқы құттықтау сөзді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров алып, өңір тыныштығы мен қоғамдық тәртіптің сақталуына аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларын шын жүректен құттықтап, арнайы марапаттар табыстады. Аймақ басшысы құқық қорғау қызметінің қоғамдағы ерекше орнын атап өтті.

Жиында сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік генералы Болат Қалмырзаев өз сөзінде полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, олардың ерлікке толы еңбегін жоғары бағалады.

Келесі құттықтау сөзді Полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов арнады:

«Құрметті ішкі істер органдарының ардагерлері! Сіздерді мерекемен құттықтай отырып, арамызда ақыл-кеңестеріңізді аямай, қоғамның дамуына үлес қосып жүргендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Еліміздің қорғандары, қадірлі әріптестер! Заң мен тәртіп қағидаты мен қоғамдық тұрақтылық жолындағы еңбектеріңіз ел алдында елене берсін! Қызметте сәттілік пен абырой тілеймін!», – деді департамент басшысы.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінен арнайы келген марапаттар – төсбелгілер, грамоталар мен алғыс хаттар өңірдің үздік тәртіп сақшыларына салтанатты түрде табысталды. Түркістан облысы Полиция департаментінің басшылығы да өз тарапынан үздік қызметкерлердің еңбегін лайықты бағалап, оларды арнайы марапаттармен марапаттады.

Қазақстан полициясы – ел Тәуелсіздігін нығайту жолында маңызды рөл атқарып келе жатқан құрылым. Оның басты міндеті – азаматтардың тыныштығын сақтау, қылмысқа қарсы күресу, заң үстемдігін қамтамасыз ету және қауіпсіз ортаны қалыптастыру. Полицияның күнделікті жұмысы көзге көрінбеуі мүмкін, алайда олардың арқасында ел тыныштығы мен тәртіп орнайды.

Қоғамдағы түрлі сын-қатерлерге төтеп беру, құқық бұзушылықтың алдын алу, лаңкестікке қарсы іс-қимыл, есірткі айналымымен күрес, киберқылмыстардың жолын кесу – мұның бәрі де заманауи полиция қызметінің ажырамас бөлігіне айналған. Құқық қорғау саласы қазіргі таңда кәсіби біліктілікпен қатар, адалдық пен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан полиция – жай ғана қызмет емес, ол – өмір салты мен азаматтық борыш.

Ішкі істер органдарындағы қызметтің ерекшелігі – күн мен түнге, мерекеге немесе демалысқа қарамай, ел үшін еңбек ету. Полиция қызметкерлері әркез алдыңғы шепте – қауіптің ортасында жүреді. Сол себепті де бұл салада еңбек етіп жүрген азаматтардың ерлігі мен қайсарлығы – ерекше құрметке лайық.

Марапатқа ие болған қызметкерлер өз сөздерінде бұл құрметтің олар үшін үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. Марапаттар – тек алғыс қана емес, болашақта одан да жоғары нәтижелерге жетелеуші күш екендігін жеткізді.

Салтанатты кештің соңы өнер мерекесіне ұласты. Белгілі әнші Асқар Жүнісбеков және облыстың өнер майталмандары сахна төріне шығып, ән мен биден шашу шашты. Мың бұралған бишілердің ұлттық нақыштағы өнері көрерменнің көңілін бір серпілтіп, мерекелік рухты асқақтатты. Кеш соңында жиналған қонақтар мен қызметкерлер естелікке суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Полиция – халыққа қорған, елге тірек. Түркістан облысында ұйымдастырылған бұл салтанатты шара – құқық қорғау саласындағы қызметтің қоғам тарапынан бағалануының бір айғағы. Бүгінгі марапат иелері – өз ісіне адал, отанға берілген, ел тыныштығы жолында еңбек етіп жүрген азаматтар.

Қазақстан полициясының 33 жылдығы – тек тарих беттеріндегі дата емес, бұл – әрбір қызметкердің ерен еңбегі мен жанқиярлық істерінің шежіресі.


Түркістан облысында өзіндік кіріс артқан
Заңсыз кеурек қазған шетелдіктер ұсталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу