Қала тарихы тереңдете түскен қазба
Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан сыр шертетін тарихи жәдігерлер Шымкент қаласынан көптеп табылуда.
Оған бүгінгі күні Шымкентте жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары кезінде табылып жатқан тұрмыстық заттар мен қол өнер бұйымдары дәлел болуда. Бір атап өтерлігі мұнда табылған жәдігерлер Шымкент қаласының 2200 жылдан бері өмір сүріп келе жатқанын растай түскеді. Атап айтсақ, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің профессоры Александр Подушкин бастаған археологтар Шымкент қаласына жақын орналасқан Төлебайтөбе-2 қорымдарында зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Шымкент қаласында орналасқан іргелі оқу орындарының бірі – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Археологиялық орталығы Нидерландтың Лейден университеті ғалымдарымен бірлесіп қазба жұмыстарын жүргізіп жатқанына біршама уақыт болды. Ғалымдардың айтуынша, Тайлытөбе зираты 60-қа жуық қорғанды қамтиды. Олар Тайлытөбе атты қалашықпен бірге Арыс-Бадам ежелгі бекіністі аймағы деп аталатын жерге кіреді. Археологтар бұған дейін ұзындығы 8 шақырымға жуық ежелгі қорғаныс қабырғасын анықтаған болатын. Ол Төлебай төбе және үлкен Қараспан төбе деген қос ежелгі қонысты байланыстырды.
Бекініс құрылысы трапеция тәрізді, ауданы шамамен отыз шаршы шақырым болатын қорғаныс аймағын құрайды. Онда осы екі негізгі ескерткіштен басқа, екі мың жылдық тарихы бар 30 ежелгі ескерткіш тіркелген. Олар хронологиялық және аумақтық жағынан Қаңлы мемлекеті дәуіріне тиесілі. Қазба жұмыстары барысында археологтар биыл тоғыз қорғанды ашқан.
– Қазба жұмыстары барысында біздің заманымызға дейінгі I ғасыр мен біздің заманымыздың IV ғасырына жататын Қаңлы кезеңіне тән обалар аршылды. Оба ішінен ақсүйек көшпенді жауынгердің жерленгені анықталды. Бұл – қабірден табылған жебе ұштары, тұрмыстық пышақ, ат әбзелдері (ауыздық), белдік тоғалары мен әшекей бұйымдар арқылы дәлелденіп отыр. Ерекше назар аударарлығы – үлкен хұм ыдысының бөліктері қабір ішіне төселген және мәйіт ағаш табыттың үстіне қойылып жерленген. Ағаштың жақсы сақталған бөліктері мен жебелердің сабындағы жіп ізі жерлеу рәсімінің күрделілігін көрсетеді. Алебастр гипстен жасалған бойтұмарлар сол замандағы наным-сенім бойынша зұлым күштерден қорғаушы ретінде қойылған. Сондай-ақ жылқының азу тісі, келесі обадан төмен температурада бағалы металлдарды балқытуға арналған, ғылыми айналымда «тигел» деп аталатын сирек кездесетін керамикалық ыдыс табылды. Бұл – сол кезеңдегі металл өңдеу технологиясына қатысты маңызды жаңалық, – дейді Александр Подушкин.
Айта кетерлігі, обалар ежелгі дәуірде бірнеше рет тоналғанына қарамастан, бүгінгі қазба жұмыстары нәтижесінде маңызды деректер мен жәдігерлер табылып отыр. Лейден университетінің антрополог жас ғалымы Полина Колмогорова бұл зерттеу жұмыстары Қазақстанның көне тарихының ашылуына, Қаңлы кезеңінің мәдениеті мен салт-дәстүрін тануға үлес қосатынына сенім білдіріп, археологиялық зерттеулерді алдағы уақытта да жалғастырмақ.