Ұлттық өнерді өрге сүйреуде Шымкент қаласының меценаттары аянып қалмады

Oinet.kz 23-07-2025 37

Жуырда Шымкент қаласында қалалық мәдениет басқармасы мен Amanat партиясының Шымкент қалалық филиалының қолдауымен Ұлттық домбыра күніне, әрі Елордамыздың туған күніне орай бір жылға созылған «Жеребенің жүйрігі» атты айтыстың қортындысы шығарылды.

1000394906.jpg

Әділқазылар алқасының төрағасы Бөрібай Оразымбеттің айтуынша, өткен жылдың шілдесінде басталған жыр додасы жыл он екі ай бойы тұрақты түрде өтіп, он екі жеңімпазды анықтаған еді. Енді сол мықтылардың мықтысын тану үшін Шым ситидің жазғы алаңында жас ақындарымыз айтыстың көрігін қыздырды. «Далада өткен айтыс қалай болар екен деп алаңдағанымыз жасырын емес. Бірақ біздің күдігімізді сейілтіп, мың адамдық алаңға көрермендер лық толып, төрт сағат бойы тапжылмай Оңтүстіктің жас ақындарының өнерін тамашалады. Аты айтып тұрғандай, бұл айтыстың басты ерекшелігі ақындарды сахнада жеребе арқылы жұптауында. Сонысымен де халыққа шынайы әсер берді. Иә, табан асты қарсыласына суырып сап жауап беремін деп абдырап, шумағы шала шарпы шығып жатқан кездері де болды ақындардың. Бірақ халық сол қиналған ақындардың табан асты тауып айтқан шумақтарына қиқулата қол соққанда төбе құйқамыз шымырлап кетті. Он екі ақыннан олимпиадалық, жеңді-жеңілді жүйесімен соңғы екі ақын қалғанша айтыстырып, ел алдында шын мықтыны анықтадық», - дейді ол.

 Бір атап өтерлігі ұлттық өнердің жанашыры қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек бұл жобаның соңына дейін жетуіне қолдау білдірсе, бұл шараның өтуіне он екі ай бойы демеушілікті «Кереге груп» компаниясының басшысы Сұлтан Битеміров көрсетіп келген. Ал финалдық айтысқа ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып қолдаушысы қалалық мәслихаттың депутаты, меценат Ләзиз Низамханұлы демеушілік көрсеткен.

Шымкент қаласының аспанында әуелеген ақындар айтысының қорытындысында жобаның «Жыл жүйрігі» Арыстық Нұрмахан Жақып болды. Сойтіп ол Бас жүлдеге тігілге тігілген 1 миллион теңгені иеленді. Ал 1 орын – Төле би ауданынан келген Аян Ниязбекке беріліп, ол 500 мың теңгені қанжығасына байлады. 2 орын – Мейіржан Жақыпов пен Ислам Әли Біржанұлына беріліп, әрқайсына 300 мың теңгеден тиді. 3 орын - Айша Бахтиярқызы мен Нұрдәулет Өмірбекке бұйырды. Олар 200 мың теңгені қанағат тұтты. Ынталандыру сыйлығы үшін қатысқан алты ақынға да қомақты қаржылай сыйлықтар табысталды.

Виктория Шегай ерекше 18 бүлдіршіннің тұсауын қазақы дәстүрге сай кесті
Қала тарихы тереңдете түскен қазба
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу