Виктория Шегай ерекше 18 бүлдіршіннің тұсауын қазақы дәстүрге сай кесті
Қазақ халқы ертеден ұрпағына, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген.
Әлі де бабалардан жалғасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып ұрпақтан-ұрпаққа қалмай жалғасын тауып келеді. Сондықтан болар, халқымызда балаға қатысты наным-сенімдер мен салт-дәстүрлер өте көп. Шілдехана жасау, қырқынан шығару, ат қою мен тұсау кесу секілді дәстүрлер күні бүгінге дейін үзілген емес. Міне, жуырда Шымкент қаласында «QH Мүгедектігі бар балаларды үйде оңалту» пилоттық жобасы аясында ашылған инновациялық техникалық оңалту орталығында 18 бүлдіршіннің тұсауы кесілді.
Бұл салт-дәстүрден көрініс тапқан салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шымкентке жасаған сапары аясында «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен мүгедектігі бар балаларға үй жағдайында оңалту үшін уақытша пайдалануға берілген техникалық құрылғылардың оң нәтижесін көрсеткен балалардың тұсаукесеріне арнайы қатысты. Сондай-ақ бұл іс-шараға «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева, «Әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығының» бас директоры Қанат Тезекбаев, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Руслан Тұңғышбаев, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан болатын.
Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның айтуынша, орталықта 10 айдан бері 100-ге жуық балаға қызмет көрсетілсе, бүгінге дейін 84 балада оң өзгерістер байқалған. Оның ішінде 4 бала толығымен сауығып, 18 бала алғашқы қадамын басқан. Міне, сол алғашқы қадамын басқан 18 бүлдіршіннің тұсауы орталықта қазақтың ұлттық салт-дәстүріне орай кесіліп отыр. Вице-министр Виктория Шегай мен басқа да мәртебелі меймандар балалардың тұсауын кесіп, олардың алғашқы қадамымен құттықтады.
Балаларының өздігінен жүре бастағанына куә болған ата-аналардың қуанышында шек жоқ. Олар Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қорына шынайы алғыстарын білдірді.
– Өткен жылдың тамыз айынан бастап Шымкент қаласында, Абай, Қызылорда және Павлодар облыстарында «QH Мүгедектігі бар балаларды үйде оңалту» пилоттық жобасы аясында инновациялық техникалық оңалту құралдары беріле бастаған болатын. «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен Ұлыбританияда өндірілген құрылғылар елімізге жеткізілді. Шымкент қаласына 202 құрылғы әкелініп, олардың 152-сі тірек-қимыл аппараты бұзылған 18 жасқа дейінгі балаларға таратылды. Инновациялық оңалту құрылғыларын қолдану үшін 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың «жеке оңалту парағында» тиісті құрылғы қажеттігі көрсетілді, - дейді Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева.