Абай еңбектері – әрбір жастың өмірлік ұстанымы болуға әбден лайықты
Ақын Абай Құнанбайұлы қазақ руханияты мен әдебиетінің темірқазығы.
Оның шығармалары – халықтың рухани байлығы мен тарихи зердесінің көрінісі. Абайдың 180 жылдық мерейтойы – оның идеяларын жаңаша тануға, заманауи қырынан бағалауға мүмкіндік береді. Абай ғылымды тек білімнің көзі емес, адам баласының кемелдену жолы деп білді. Осы орайда Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы хакім Абайдың 180 жылдығына орай «АБАЙ. Мүрсейіт қолжазбаларына сүйеніп жасалған транскрипция» атты жаңа ғылыми еңбекті жарық көрген еді.
Университеттің Басқарма Төрағасы-ректоры Дархан Ахмед-Закидің айтуынша, бұл зерттеу кітап еліміздің жетекші баспаларының бірінен 2000 дана таралыммен басылып шыққан. Авторлары – филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақжол Қалшабек және PhD докторант Әзімхан Исабек. Жобаның жарыққа шығуына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров демеушілік көрсеткен. Бұл іргелі еңбек 712 бетті құрайды және абайтану саласындағы маңызды жаңалық ретінде бағалануда.
Ғылыми еңбекте Абай шығармаларының негізгі көзі саналатын Мүрсейіт Бікіұлының қолжазбалары текстологиялық және терминологиялық тұрғыда сараланып, салыстырмалы түрде талданған. Сонымен қатар, ақынның інісі Халиоллаға жазған хатының түпнұсқасы мен транскрипциясы, сондай-ақ Абай шығармаларын көшірген Рахым Жандыбаев пен Оразке Уақбайұлының қолжазбаларымен салыстыру нәтижелері қамтылған. Еңбектің тағы бір құндылығы – Абайдың 1910 жылы жазылған қолжазбасының толық факсимиле нұсқасының алғаш рет жариялануы.
Жоба авторларының айтуынша, кітапқа Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Мекемтас Мырзахметұлы рецензия жазып, өз батасын берген. Автор Әзімхан Исабектің сөзіне сүйенсек, бұл еңбек – ұзақ жылдарға созылған ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесі. «Абай шығармаларын түпнұсқа негізінде толық әрі сауатты транскрипциялау – ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің көзі тірісінде арман еткен ісі болатын. Бүгінде сол мұрат орындалып отыр, – деді PhD докторант Әзімхан Исабек.
Қорыта айтқанда, Абайдың бұл зерттеуге топтастырылған ғылым мен адамгершілік туралы ойлары қазіргі жастардың санасын тәрбиелеуде, білімге ынталандыруда, ұлттық рухты оятуда зор рөл атқарады. Жалпы Абай еңбектері – әрбір жастың өмірлік ұстанымы болуға әбден лайықты.