Менің жүрегімнен орын алған кітап

Oinet.kz 23-07-2025 42

Шымкент қаласындағы Орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесіне қарасты №2 кітапхана бөлімшесінің ұйымдастыруымен Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай «Менің жүрегімнен орын алған кітап» атты тақырыпта кітапқана оқырмандарымен кездесу өтті. 

1000394902.jpg

Оған кітапхана қызметкерлерімен қатар кітапхана оқырмандары қатысты.

Ұлы Отан соғысында өшпес ерлік көрсетіп, елдің құрметі мен қошеметіне бөленген Бауыржан Момышұлының ерлік жолы көпке үлгі. Жастардың бойындағы Отаншыл рухты ояту, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған кездесу мақсатына жетіп, оқырманға, әсіресе жастарға ой салғаны анық.

«Баукең Мәскеу түбіндегі шайқастарда ерекше ерлік көрсетіп, батальон командирінен дивизия командиріне дейін көтерілді. Жалпы Бауыржан Момышұлы қан майданда дивизия басқарған жалғыз қазақ. Оның ерлігі жауынгерлерге рух беріп, патриоттықтың үлгісіне айналды. Соғыстан кейін Баукең әскери қызметпен қатар әдебиетпен де айналысып, әскери проза жанрының қалыптасуына бастамашы болды. Екі тілді жетік меңгерген ол шығармаларын қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазды. Оның «Москва үшін шайқас» атты кітабы оқырманын батырлық пен отансүйгіштікке баулиды», - деп атап өтті кешті ашқан Шымкент қалалық ОБКЖ-нің №2 кітапхана бөлімшесінің  меңгерушісі Ақмарал Дүйсенбекова.

Кітапхана оқырманы, Шымкент қаласының тұрғыны Ұлжан Қаптағаева, Бауыржан атамыздың ұлы Бақытжан Момышұлы мен келіні Зейнеп Ахметованың Батыр Бауыржан Момыш ұлы туралы жазған шығармаларымен жақсы таныс екенін жеткізді. «Мен Зейнеп апамыздың «Шуақты күндер» кітабын оқып, керемет әсерге бөлендім. Онда Батыр Бауыржанның мінезі, адамгершілігі мен парасаттылығы, көрегендігі тағы басқа қырларын жазушы жан-жақты аша білген. Жалпы бұл кітаптан үйренетін, тәлім-тәрбие алатын тұстары өте көп. Кітаптан алған әсерімді бір сөзбен жеткізсем, адамгершілік пен тәрбиенің «Алтын сандығын» ашқандай болдым. Бұл кітапты оқыған адам өз өміріне мол азық алатыны сөзсіз.» деп атап өтті.

  Баукең өзінің «Соғыс қателікті кешірмейді» жинағында былай дейді: «Мен жазушымын. Менің барлық творчестволық жоспарым, бір сөзбен айтқанда, ата-бабаларымыздың батылдық, табандылық, ерлік дәстүрін дәріптеу, жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беруге атсалысу. Ата-бабаларымыздың дәстүрлері дедім ғой. Бұл жөнінен қалай мақтансақ та хақымыз бар. Ерлік пен өрлікті қашан да жоғары ұстап, оны елдіктің басты сипаты деп ұққан халқымыз осы қасиетін бізге мирас етті. Оны қастерлеп сақтай білуіміз керек, дұрыс, терең түсініп, ілгері апаруымыз керек. Осылай ете білсек қана біздің әрбір жасөспірім озық ойлы, саналы азамат болып қалыптасатынына, аға ұрпақ дәстүрін аяққа баспайтынына сенім мол. Ал, тәрбие жұмысының кішкентай бір буынында мүлт кеттік екен, оның кесапаты түбінде бір шаң құйын берері де мүмкін екені есте болғаны жөн», –деп болашақты болжап кеткен сияқты.

Салт-дәстүрім – салтанатым
Абай еңбектері – әрбір жастың өмірлік ұстанымы болуға әбден лайықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу