Салт-дәстүрім – салтанатым
Ғылым мен технология қарыштап дамыған бүгінгі заманда өз тарихын терең ұғынып, ұлттық құндылықтарын шын бағалай білетін халықтың ғана болашағы жарқын болары сөзсіз.
Бұл ретте, кез келген ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын сол ұлттың төл тарихы, мәдениеті мен тілі екені анық. Сондай-ақ, қазақ – әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді ерекше қастерлейтін, атадан мұра қылып, бүгінмен сабақтастыра білген дана халық.
Міне, әрбір салты мен дәстүрінің тәрбиелік мәні тереңде жаттқандығын насихаттау мақсатында Шымкент қаласындағы Орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесіне қарасты №2 кітапхана бөлімшесінің ұйымдастыруымен халқымыздың салт-дәстүрін, тарихын білу, оны қастерлеу мақсатында «Салт-дәстүрім – салтанатым» атты ертеңгілік өтті. Қаладағы №118 «Әсел» бөбекжай бақшасының «Балдырған-4» мектепалды даярлық тобында өткен бұл іс-шарада, бүлдіршіндері өнерін ортаға салып, тәрбиешілерін қуанышқа бөледі.
Шымкент қалалық ОБКЖ-нің №2 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі Ақмарал Дүйсенбекова кітапханада өткен ертеңгілік барысында бүлдіршіндерге қазақтың ұлттық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы және ырым-тыйым сөздері, ұлттық ойын түрлері таныстырылып, түсінік берілгенін айтты.
– Қазақ халқы өз ұрпағын қасиетті салт-дәстүрімен, өнегелі әдет-ғұрпымен, ырым-тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей, түзу жолға бастай білген. Ал ата ғұрыптарымызды ұмыту – жер бетінен халық ретінде жойылумен пара-пар деген сөз. Өкінішке қарай, қазір өмір сүру дағдысы мен тұрмыс қалпының өзгеруіне байланысты ұмыт қалып бара жатқан салттардың қатары артып келеді. Жасыратын несі бар, олардың бірқатарын бүгінгі жас буын білмейді де. Сондықтан да оны жастай балалардың бойына сіңдіріп, ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді насихаттай отырып, жас ұрпақты патириотық сезімге баулуда кітапханашылардың алатын орны биік. Қорыта айқанда, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрлерін жалғастыратын осындай өскелең ұрпақтарымыз аман болсын, – дейді Ақмарал Дүйсенбекова.
Жалпы ертеңгілік барысында бүлдіршіндерге тақырып аясында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын, мәртебесін биік ететін қойылымдар мен сақыналық көріністер қойылды. Сондай-ақ кітапханашы қызметкерлерінің қатысуымен бейнеролик арқылы «Бесікке салу», «Тұсау кесу» сияқты салт-дәстүрлерден көріністер көрсетілді. Бүлдіршіндер салт-дәстүр жайлы тақпақтар айтып, ән салып, би биледі. Сонымен қатар балалар «Қыз қуу», «Асық ату» сияқты қазақ халқының мәдени мұрасы саналатын ұлттық ойындарды ойнап, ырым-тыйым сөздерді айтуда белсенділіктерін танытты.