«Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң құқықтық құжат ғана емес—құрмет белгісі
ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің 47-сессиясы Болгария төрағалығымен Париж қаласында өтті. Бұл жиынға Қазақстан да үкіметаралық органның мүшесі ретінде белсенді түрде қатысты. Қазақстандық делегация құрамында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы жұмыс сапарымен қатысып, өңірдің экологиялық және әлеуметтік жағдайына қатысты маңызды мәселелерді көтерді. Оның ішінде облыс халқын таза ауызсумен қамтамасыз ету, табиғи мұра нысандарын сақтау және туризмді тұрақты дамыту мәселелері басты назарда болды.
Зұлпыхар Сансызбайұлы өңірдегі халық үшін өзекті саналатын таза ауыз су тапшылығына байланысты нақты деректер мен шешімдер ұсынды. Оның айтуынша, бүгінде Түркістан облысында су көздерінің қолжетімділігі төмен, әрі сапасы талапқа сай келмейді. Бұл, өз кезегінде, өңір халқының денсаулығына айтарлықтай кері әсерін тигізіп отырғанын жеткізді. Осы мәселені шешу үшін халықаралық қауымдастықпен бірлесіп жобалар әзірлеу қажеттігі айтылды.
– Біз ЮНЕСКО мамандарының 2024 жылы өңірімізге жасаған мониторингтік миссиясының ұсыныстарын, соның ішінде Түркістан облысының халқын таза ауызсумен қамтамасыз етуге қатысты пікірлерін мұқият қарастырдық. Бұл – біздің өңір үшін аса өзекті мәселе. Бүгінгі таңда қолжетімді су көздері жеткіліксіз әрі олардың сапасы қойылатын талаптарға сай емес. Бұл жағдай халық денсаулығына кері әсер етіп отыр. Егер алдағы уақытта осы мәселені шешуге бағытталған жоба қаралатын болса, онда бірінші кезекте халықтың таза ауызсуға қол жеткізуіне басымдық беріледі. Біз бұл өлкеге жауапты тарап ретінде Батыс Тянь-Шань ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұрасы нысанының ерекше әмбебап құндылығын сақтау жөніндегі Комитеттің ұстанымын толық қолдаймыз, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.
Оның бұл мәлімдемесі Түркістан облысы мен жалпы Қазақстанның ЮНЕСКО алдындағы жауапкершілігін, табиғи және мәдени мұраларды сақтау ісіндегі ұстанымын айқын көрсетеді. Айта кету керек, Түркістан қаласы – түркі әлемінің рухани жүрегі саналады. Ол ғасырлар бойы Орталық Азия мен мұсылман дүниесі үшін тарихи, мәдени және діни мәні бар орталық болып келді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның айналасындағы тарихи кешендер бүкіл түркі халықтарының ортақ мұрасы ретінде мойындалған. Түркістан тек өткеннің емес, қазіргі заманның да маңызды мегаполисіне айналып келеді. Оның бірегей тарихи бейнесі мен мәдени архитектурасы елдегі және шет елдердегі миллиондаған туристің қызығушылығын тудырып отыр. Бұл қала Қазақстанның ішкі және халықаралық туризмінің маңызды хабы ретінде қалыптасуда. Сонымен қатар қалада заманауи инфрақұрылым дамып, халықаралық деңгейдегі қонақүйлер, мәдениет ошақтары мен туристік нысандар ашылуда.
2016 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің бірлесуімен ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік табиғи мұралар тізіміне «Батыс Тянь-Шань» атауымен бірнеше табиғи аумақтар енгізілген болатын. Қазақстан аумағынан бұл тізімге «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорықтары, сондай-ақ «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі енген. Аталған нысандар Түркістан облысы аумағында орналасқан және өңірдің экологиялық, туристік және ғылыми маңызын арттырып отыр. Бұл халықаралық мәртебе Қазақстанның табиғи мұраларға деген жауапкершілігін, сондай-ақ олардың қорғалу деңгейінің жоғары екенін айғақтайды.
Париждегі 47-сессияның қорытындысы бойынша ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитеті Дүниежүзілік мұра тізіміне 26 жаңа нысанды енгізді және жалпы саны 248 тіркелген нысанның сақталу жағдайын қарастырды. Бұл есептердің арасында Қазақстанға тиесілі 4 нысан бар: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Батыс Тянь-Шань, Тұран шөлдері және Жібек жолының Чанъань-Тянь-Шань дәлізінің бағдарлар желісі.
Сессия аясында Қазақстан Республикасының «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңы ресми түрде құпталды. Бұл заңда мәдени мұраларды сақтау, тарихи нысандарды қорғау және қала аумағында заманауи құрылыс жүргізудің нақты талаптары белгіленген. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорғау аймағынан 100 метр қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын құрылыс нысандарын салуға тыйым салынған. Бұл шешім кесене мен оның айналасындағы тарихи аумақтың ландшафттық тұтастығын сақтау, көркемдік келбетін бұзбау мақсатында қабылданған. Мұндай нормалар – Түркістан қаласын туризмнің тұрақты орталығына айналдырудағы маңызды қадамдардың бірі.
Қазақстан делегациясы өз баяндамасында бұл заң актісінің 1972 жылғы ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы» Конвенциясына бірнеше рет сілтеме жасай отырып әзірленгенін және Түркістан қаласының дамуы осы халықаралық құжатпен толық сәйкестендірілгенін мәлімдеді. Бұл өз кезегінде, Қазақстанның мәдени мұраларды қорғауға қатысты саясатының халықаралық талаптар мен стандарттарға сай екенін көрсетеді.
Түркістан – өткен мен бүгіннің тоғысқан, түркі өркениетінің алтын бесігі, ислам дінінің Орталық Азиядағы тірегі. Қазіргі таңда қала өзінің рухани маңызымен қатар, экономикалық және туристік орталық ретінде де дамып келеді. Осындай тарихи шаһардың халықаралық ұйым тарапынан мойындалуы елдің имиджі мен мәдени әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге сеп болады. ЮНЕСКО сессиясында Түркістан қаласының ерекше мәртебесінің құпталуы – бұл тек құқықтық құжатты мойындау ғана емес, сонымен қатар күллі түркі әлемінің мәдени болмысына деген құрметтің белгісі.
Тарихи және табиғи мұраларды сақтау, оларды келер ұрпаққа жеткізу – тек ұлттық міндет емес, бүкіл адамзат алдындағы жауапкершілік. Осы ретте Түркістан облысы басшылығының бастамалары мен халықаралық ұйымдармен бірлескен жұмысы өңірдің дамуына серпін беріп, әлемдік деңгейдегі танымалдылығын арттырып келеді.