Кентау индустриялдық аймағында 7 жоба жүзеге асқан
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің аудан, қалаларға жасаған жұмыс сапары жалғасуда. Бұл жолғы сапар Кентау қаласына бағытталды. Өңір басшысы алдымен қаладағы индустриалды аймақтарды, құрылыс нысандарын аралап, олардың қазіргі жай-күйімен танысты.
Өндіріс ошақтарында атқарылып жатқан жұмыстарды бақылап, кәсіпкерлермен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бұдан кейін қала әкімдігінің ғимаратында актив мәжілісін өткізіп, Кентаудың даму қарқынын саралап, бірқатар бағыттар бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Өңір басшысы Кентау қаласының әлеуеті жоғары болғанымен, бірқатар салаларда баяулық байқалатынын сынға алып, әсіресе индустриалды аймақтар мен инвестициялық жобаларды іске асыруда белсенділік жетіспейтінін атап өтті.
– Қаладағы индустриалды аймақтың әлеуеті жоғары болғанымен, қазіргі таңда инвестор тарту жұмыстары баяу жүріп жатыр. Бұл бағытта жұмыстарды жандандыруды тапсырамын. Жол картасы аясында биылға жоспарланған 10 жобаның 3-еуі ғана іске асырылып отыр. Реттеңіздер. Салалық басқармамен бірлесіп ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесін қайта пысықтап, тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырамын. Халықты табиғи газбен қамту бойынша да жұмысты жандандыру керек. Шұғыл арада газ нысандарының құжаттарын заңдастырып, тиісті мекеме теңгеріміне өткізіңіздер. Біз Кентауды дамытуда бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Бұл ретте әкімдікпен бірге депутаттардың да белсенділігі маңызды. Инвестициялық жобаларды қолдауға белсенді араласып, өз округтеріңіз бойынша әлеуетті жобалар мен мүмкіндіктерді зерделеп, нақты ұсыныстар беріңіздер, – деді Нұралхан Көшеров.
Актив отырысында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қалада атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы есеп берді. Сонымен қатар, басқарма басшылары өз салалары бойынша кездесіп отырған мәселелерді атап, оларды шешу жолдарын ортаға салды. Жиында облыс әкімі тарапынан қала тазалығын күшейту, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында санитарлық ахуалды жақсарту, инфрақұрылымды жетілдіру сияқты тапсырмалар жүктелді. Бұл тапсырмалар мәжіліс хаттамасына енгізіліп, жүйелі түрде орындалуы қатаң бақыланатын болды.
Айта кетейік, Кентау қаласының 2025 жылдың алғашқы 6 айындағы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері оң динамика көрсетуде. Жалпы өңірлік өнім көлемі 41,2 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 113,5 пайыз өсім көрсеткен. Қаланың 6 айдағы бюджеті 9,4 млрд теңгені құрап, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда жоғары болып отыр. Қалалық бюджет түсімдерінің ішінде өзіндік кіріс көлемі де артып келеді. Жеке табыс жоспары 2,1 млрд теңге болса, нақты орындалуы 2,4 млрд теңгеге жетіп, 111,6 пайыздық көрсеткіш тіркелді. Бұл Кентау қаласының салық базасы нығайып, экономикалық белсенділік артқанын көрсетеді. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 11,4 млрд теңге деп жоспарланған болатын, нақты орындалуы 12,3 млрд теңгені құрап, өсімге қол жеткізілді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 27,6 млрд теңге болып, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2 млрд теңгеге артты.
Айта кетері, Түркістан облысының өзге өңірлерінде де индустрияны дамыту, өндірісті ұлғайту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Облыс экономикасының құрылымында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары жетекші орын алады. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстың жалпы ішкі өңірлік өнімі 1,9 трлн теңгені құрап, өсім көрсеткіші 6,2 пайызға жеткен. Осы өсімге үлес қосып отырған қалалардың бірі — Кентау. Сондықтан мұндағы өндіріс пен инвестициялық жобалардың жүзеге асуы облыстың экономикасына тікелей әсер етеді.
Қазіргі таңда Кентау қаласының индустриялық аймағы 43 гектар аумақты алып жатыр. Бұл аумақта бүгінге дейін 7 жоба іске асырылған. Биылғы жоспар бойынша тағы 3 жоба іске қосылады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапары барысында осы индустриалды аймақта орналасқан «АБН Альянс» ЖШС-нің полиэтиленді құбыр шығаратын өндіріс орнының жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорында жалпы саны 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, осы кешенде кірпіш зауыты да жұмыс істеп тұр. Жоба құны – 1,5 млрд теңге. Өндіріс ошағы қаладағы құрылыс саласының дамуына да серпін беріп отыр.
Биыл Кентауда жалпы саны 16 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл жобалар толығымен іске асқан жағдайда 492 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Оның ішінде өнеркәсіп саласы бойынша нақты 4 жоба құрылып, нәтижесінде 310 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл жобалардың 2-еуі арнайы экономикалық аймақта, қалған 2-еуі индустриалды аймақта жүзеге асырылады.
Жоспарланған жобалардың ішінде «TURAN SHENHUA» ЖШС-нің газ қазандықтары мен тұрмыстық техникалар өндіру жобасы да бар. Бұл кәсіпорын іске қосылғанда 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде, нысан 2025 жылдың қараша айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жобаның жалпы құны – 2,4 млрд теңге.
Кентау индустриалды аймағында іске асырылатын тағы бір жоба – «АйдарСтройГрупп» ЖШС металл бұйымдарының өндірісі. Мұнда 50 тұрақты жұмыс орны ашылады. Құрылыс жұмыстары биыл толық аяқталып, өндіріс орны іске қосылады. Бұл аймақтың өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етеді.
Облыстың экономикалық аймағында тағы бір маңызды өндіріс орны – «Сапар Құрылыс-С» ЖК-нің металл құрылымдарын өндіретін цехы салынып жатыр. Жоба толық іске асқанда 60 адам тұрақты жұмысқа орналастырылады. Бұл кәсіпорынның құны – 400 млн теңге. Металл бұйымдарының өндірісі Түркістан облысы үшін маңызды бағыттардың бірі болып отыр, өйткені құрылыс қарқыны жоғары аймақтарда бұл өнімдерге сұраныс артып келеді.
Нұралхан Көшеровтің бұл сапары Кентау қаласының экономикалық әлеуетін арттыру, өндірістік жобаларды жандандыру, жұмыс орындарын көбейту бағытында нақты қадамдардың бастамасы болды. Облыс басшысы атап өткендей, өңірдің тұрақты дамуы мен халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы үшін жергілікті әкімдік, салалық басқармалар және депутаттар бірлесе, жүйелі жұмыс жүргізуі тиіс. Осы бағытта тапсырмалар беріліп, жауапты органдарға нақты мерзім мен межелер белгіленді. Экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамыту мен жаңа инвестиция тарту Түркістан облысының басты даму басымдықтарының қатарында қала бермек.