Шымкент қаласында ұйымдастырылған «ЭкоКүн» шарасы көпшілік назарын аударды
Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы сайтында жариланғандай, Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау мақсатында «Дармарка» және «ЭкоКүн» іс-шарасы ұйымдастырылды.
Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктердің белсенді жастары ұйымдастырған шараға қала тұрғындары белсенді қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Артур Дрейлингтің айтуынша, экокүн – тек тазалыққа үндейтін шара ғана емес, сонымен қатар адамдарды ортақ іске жұмылдыратын әлеуметтік-экологиялық жоба. Оған қазақ, өзбек, неміс, кәріс жастары қатысты. Шара барысында екі негізгі бағыт қамтылды: киім-кешек пен тұрмыстық заттар алмасуға арналған «Дармарка» жәрмеңкесі және өңдеуге жарамды қатты қоқысты жинау акциясы. Қатысушылар бұрын пайдаланған, бірақ жақсы күйде сақталған киім-кешек, кітаптар, аяқ киім сынды бұйымдарын әкеліп, басқалармен бөлісуге мүмкіндік алды. Ұйымдастырушылар «бұл – ысырапты азайтып, қайта қолдану мәдениетін қалыптастырудың тиімді жолы. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бұл бастамалар тұрғындарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға және тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға үйретеді. «ЭкоКүн» – жай ғана тазалық шарасы емес, бұл – жауапкершілік пен жанашырлыққа бастайтын ортақ қадам. Осындай қоғамдық жиындар арқылы жасыл әрі таза Қазақстан құруға бірге атсалысу – әрбір азаматтың борышы» дейді.
– Бұл бастама – қала тұрғындарының тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу дағдысын қалыптастыратын маңызды жоба. Мысалы, пластик бөтелкелер мен қақпақтарды, қағаз бен алюминий қалдықтарын арнайы жәшіктерге жинап, оларды қайта өңдеуге тапсырамыз. Жиналған қаражатты алдағы уақытта ағаш егуге жұмсау жоспарланып отыр, – деді Артур Дрейлинг.
Жалпы «ЭкоКүн» акциясы Шымкент қаласында төртінші реті өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылар мұндай акцияны алдағы уақытта ай сайын өткізбек ниетте. Бұл іс-шараға белсене қатысқан тұрғындардың бірі – Айнеш Ниязова. Ол шараның мазмұны мен идеясына ерекше қолдау білдірді. «Мен табиғатты қорғап, экологияны қолдайтын жанмын. Бүгін бұрын-соңды білмеген мәліметтерді естідім. Мысалы, пластикалық бөтелкенің қақпақтарының да қайта өңдеуге жарамды екенін және онкологиялық науқастарға көмек ретінде тапсыруға болатынын білдім. Бұл – өте пайдалы әрі ізгі бастама. Осындай акциялар жиі өтсе, тұрғындарда да дағды қалыптасады, – дейді ол.
Атап өтерлігі, іс-шараға «New Wave» жастар қозғалысы, Шымкент қаласындағы «Неміс» мәдени орталығы, «Екінші өмір» үйсіз жануарларға көмек көрсететін қайырымдылық қоры, «Добряки Шымкента» және «28 ілмек» әлеуметтік бастамасы да үлесін қосты. Қатысушылар бұл жобаның бір реттік акция емес, болашақта тұрақты экологиялық қозғалысқа айналатынына сенім білдірді. Шикізатты жинау арқылы табиғатқа зиян келтірмей, керісінше, қоршаған ортаны қорғауға нақты үлес қосуға болатынына көз жеткізді.