Шымкент қаласында «Эко Шина» ЖШС қайта өңдеу өндірісін жолға қойды

Oinet.kz 23-07-2025 62

Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы сайтында жариланғандай, «Оңтүстік» индустриалды аймағындағы «Эко Шина» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – пайдаланылған автокөлік шиналарын қайта өңдеу өндірісін жолға қойған Шымкент қаласындағы бірегей өндіріс орны.

1000394941.jpg

Өндіріс орны қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, ескі шиналардың рұқсатсыз орындарда қалдыру мәселесін шешу, зиянды шығарындылары жоқ, қалдықсыз технологияларды енгізу арқылы экологиялық қауіпсіздікті арттыру мақсатында құрылған.

Серіктестік құрылтайшысы Бауыржан Айкенжеевтің айтуынша, кәсіпорынның ендігі көздеп отырған мақсаты – жылдан жылға өндіріс ауқымын кеңейту. Кәсіпорында 1 сағатта 4 тонна қалдық өңделіп жатыр. Мұнда 50 адам жұмыспен қамтылған. Жоба толық іске қосылса, онда 70 адамға дейін тұрақты еңбек етпек. Жобаның жүзеге асырылуы өңірдің экологиялық жағдайын едәуір жақсартуға, пайдаланылған шиналарды тиімді қайта өңдеуді қамтамасыз етуге және еліміздің болашақтағы «жасыл» өндірістердің негізін қалауға мүмкіндік береді.

Бүгінде өндіріс басшылығы шиналарды қайта өңдеу қуаттылығын жылына 6 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр. Мұнда құрылыс, абаттандыру және басқа салаларда қолданылатын резеңке үгіндісі өндіреді. Атап айтқанда, резинотехникалық өнімдердің ассортименті  – резеңке үгіндісі, шиналық регенерат, модульдік резеңке плитка, пиролизді отын, резеңке қоспалар, формалы және формасыз резиноөнімдер бар. Резеңке үгінділеріне негізделген жабын – заманауи құрылыста өз орнын мықтап алған, ашық және жабық спорт алаңдары, аула ойын алаңшалары үшін таптырмас өнім.

Іргетасы 2009 жылы қаланған кәсіпорын қазіргі уақытта жаңа бағыттарды іске қосып жатыр. «Жасыл даму» АҚ тарапынан жаңа өндіріске қаржылай қолдау көрсетілді. Қаржыландыру қайтарымды негізде, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 3 пайыздан аспайтын және 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Кәсіпорынның жаңа бағытына акционерлік қоғам тарапынан 500 миллион теңге бөлінген. Жобаның жалпы құны – 629,377 миллион теңге. Бүгінгі таңда кәсіпорын қажетті жабдықтарды сатып алып, оларды іске қосу жұмыстарын жүргізуде.

Серіктестік құрылтайшысы Бауыржан Айкенжеев пен «Жасыл даму» АҚ инвестициялық жобалар департаментінің директоры Серікбол Қалиакбаров өндіріс қуатын арттыру мақсатындағы жаңа бағыттың іске қосылуына қатысып, техникалық ашылуын өткізді. Бауыржан Айкенжеевтің айтуынша, қазіргі таңда кәсіпорын Шымкент қаласын қажетті өнімдермен қамтамасыз етіп отыр.


Шымкент қаласында өтетін турнирге 25 мемлекеттен 650 спортшы қатысады
Шымкент қаласында ұйымдастырылған «ЭкоКүн» шарасы көпшілік назарын аударды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу