Түркістан облысында өзіндік кірістің көлемі көбейді

Oinet.kz 23-07-2025 64

 b3f4fa07cedbbadcdcef8872f96029b8.jpg

Түркістан облысында 2025 жылдың бірінші жартыжылдығы экономикалық тұрғыдан өсім мен тұрақты дамумен ерекшеленіп отыр. Жергілікті бюджетке түскен кірістер көлемі жоспардан асыра орындалып, бұл өз кезегінде облыстың қаржылық мүмкіндіктерінің артып келе жатқанын дәлелдейді. Апта сайын өтетін аппарат мәжілістерінің бірінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров осы сала бойынша нақты тапсырмалар беріп, жауапты тұлғалардың жұмысын сарапқа салды. Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталған өңір басшысы кіріс көздерін арттыруды басты міндет ретінде атап өтті.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәжіліс барысында қаржы және бюджеттік жоспарлау саласына жауапты басшыларға кірістер бойынша жоспардың толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен бірге екінші тоқсанның қорытындысы бойынша игерілмеген қаражатқа қатысты шара көру қажеттігін ескертті.

"Аудан, қала әкімдері бюджет кірістеріне арналған жоспарды толық әрі сапалы орындауы тиіс. Екінші тоқсанның қорытындысымен игерілмеген қаржылар бойынша бірінші басшылардың жауапкершілігін қарау жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын", – деді Нұралхан Көшеров жоспарды орындамаған әкімдерге сын-ескертпе жасай отырып.

Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Қайрат Елібаевтың айтуынша, 2025 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысының жергілікті бюджетіне 139,2 млрд теңге көлемінде кіріс түскен. Бұл – жоспардың 116,7%-ға орындалғанын білдіреді. Яғни, аймақтың өзіндік кіріс әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Оның ішінде салықтық түсімдер бойынша жоспар 105,9 млрд теңге болса, нақты түскені 121,5 млрд теңге немесе 114,7% болып отыр. 15,6 млрд теңгеге артық орындалуы облыс экономикасының біршама жанданып, өндірістік, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларындағы белсенділіктің артқанын көрсетеді.

Салықтық емес түсімдер де күткендегіден жоғары болды. Жоспарланған 11,6 млрд теңгенің орнына 14,6 млрд теңге түсіп, өсім 3 млрд теңгеден асты. Бұл көрсеткіш бюджеттен тыс түсетін қаражат көздерінің де қарқынды жұмыс істей бастағанын айғақтайды. Ал негізгі капиталды сатудан түскен кірістер 1,8 млрд теңге көлемінде жоспарланса, нақты түсім 3,1 млрд теңгені құрап, бұл бағытта да 1,3 млрд теңге көлемінде артық орындалды.

Өзіндік кірістердің өсуі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,3%-ға жоғары болып отыр. Есепті кезең бойынша 19,9 млрд теңгеге жоспардан артық қаражат түскен. Оның ішінде табыс салығынан 8,9 млрд теңге, әлеуметтік салықтан 1,6 млрд теңге, меншік салығынан 3,8 млрд теңге, тауарлар мен қызметтерге салынатын ішкі салықтардан 795,7 млн теңге, сондай-ақ міндетті төлемдер есебінен 403,3 млн теңге бюджетке қосымша табыс әкелді. Мұндай салықтық түсімдердің жоғары болуы кәсіпкерлік белсенділіктің артуымен, көлеңкелі экономиканың азаюымен және цифрлық бақылау құралдарының тиімді қолданылуымен байланысты.

Түркістан облысы – Қазақстандағы халқы ең тығыз орналасқан аймақтардың бірі және экономикалық әлеуеті зор өңір. Бюджетінің кіріс бөлігінің тұрақты артуы мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік бастамаларды қаржыландыруда үлкен маңызға ие. Өзіндік кірістердің есебінен денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және ауыл шаруашылығы салаларында көптеген жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі де аймақ экономикасының басым бағыты ретінде қарастырылып келеді. Президенттің ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі стратегиялық тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен жол картасы әзірленіп, оған сәйкес 2025 жылға дейінгі негізгі 10 индикаторлық көрсеткіш бекітілген. Бұл міндеттердің орындалу барысы Түркістан облысының әкімдігінде өткен кеңесте талқыланды. Кеңеске қатысқан аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары өз салаларындағы жұмыстар туралы есеп беріп, жоспарларды нақтылады.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев мәліметінше, есепті кезеңде саладағы жалпы өнім көлемі 253,9 млрд теңгені құраған. Нақты көлем индексі – 104,7%. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 103,8 млрд теңгеге жетіп, жоспар 44,2%-ға орындалған. Айта кету керек, жоспарланған 82,3 млрд теңгенің орнына 1,3 есе артық инвестиция тартылып отыр. Бұл – аграрлық секторға деген инвесторлардың қызығушылығының артқанының нақты дәлелі.

Су үнемдеу технологиялары да ауыл шаруашылығында кеңінен енгізілуде. Жарты жыл ішінде 59 гектар жерге жаңа технологиялар енгізіліп, бұл бағыттағы жоспар 1,4 есе артығымен орындалды. Тыңайтқыш енгізу көрсеткіші бойынша да айтарлықтай нәтиже бар: 189,8 мың тонна жоспардың орнына 206,2 мың тонна тыңайтқыш пайдаланылған. Бұл – 109%-дық көрсеткіш. Машина-трактор паркін жаңарту да қарқынды жүріп жатыр. Биылғы 6 ай ішінде 877 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, техниканы жаңарту үлесі 6,5%-ды құрады. 2025 жылға дейінгі жалпы жоспар – 1649 техника сатып алу. Жоспар толығымен орындалғанда, техникаларды жаңарту үлесі 9,4%-ға жетеді.

Облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы ауқымды жобалардың ішінде көкөніс сақтау қоймаларын салу ерекше орын алады. Мәселен, Шардара ауданында "Батырхан ата" ЖК-нің 2200 тонналық көкөніс сақтау қоймасы іске қосылды. Ал Түлкібас ауданында "Кентау" ЖШС-нің 2000 тонналық, Сайрам ауданында "Shagyr Fruit" ЖШС-нің 2200 тонналық қойма құрылыстары жыл соңына дейін аяқталмақ.

Ауыл шаруашылығы басқармасы ай сайын аудан, қалалар бойынша рейтинг жүргізіп келеді. 2025 жылдың 6 айының қорытындысымен алғашқы үштікке Түлкібас, Созақ және Отырар аудандары енген. Ал жұмысын баяу жүргізіп жатқан әкімдерге нақты тапсырмалар беріліп, жұмысты жандандыру талап етілді.

Айта кету керек, 2025–2027 жылдарға арналған АӨК-тің инвестициялық жобалар картасы әзірленіп, оған сәйкес жалпы құны 227,5 млрд теңгені құрайтын 60 ірі жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар аясында 2252 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Тек 2025 жылдың алғашқы жартысында 17 жоба іске қосылып, 726 жұмыс орны құрылған. Жыл соңына дейін тағы 12 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр, олардың жалпы құны – 69,6 млрд теңге.

Түркістан облысы – елдің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Облыс бюджетінің кіріс бөлігінің өсуі экономикалық тұрақтылықтың белгісі ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік саясаттың, әкімдіктің және жергілікті халықтың тығыз әрі жүйелі жұмыс істеуінің нәтижесі. Өзіндік кірістердің артуы облысқа жаңа әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға, инфрақұрылымды дамытуға және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы кезеңдерде бұл үрдіс сақталса, Түркістан облысы Қазақстанның ең ірі қаржылық және экономикалық орталықтарының біріне айналуы әбден мүмкін.


«Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң құқықтық құжат ғана емес—құрмет белгісі
Түркістан: Қауіпсіздік пен талапқа бақылау күшейтілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу