Түркістан: Қауіпсіздік пен талапқа бақылау күшейтілді

Oinet.kz 23-07-2025 66

5.jpg 

Түркістан облысында туристік орындардың қауіпсіздігі мен тазалығына қатысты талаптар күшейтіліп, бұл бағытта нақты шаралар қолға алынды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте осы мәселелер кеңінен талқыланды. Күн тәртібіне қойылған басты тақырып – демалыс орындарындағы тазалық пен қауіпсіздік талаптарының орындалуы, туристік маусымдағы халықтың тынығуына қолайлы жағдай жасау және заңсыз кәсіпкерлік нысандарды ретке келтіру болды.

Облыс басшысы өңірдің туризм саласындағы әлеуеті жоғары екенін айта келе, осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Түркістан облысының табиғи және тарихи-мәдени ескерткіштерге бай екенін ескере отырып, ішкі және сыртқы туризмді дамыту айрықша басымдық ретінде қарастырылуы тиіс. Осыған орай, облыста демалыс аймақтарын санитарлық тұрғыда тазалау, жағажайлар мен су қоймалары маңындағы қауіпсіздікті арттыру жұмыстары жүйелі түрде жалғаса бермек.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров: "Аудан, қалалардағы су нысандарына арнайы белгілер орнатуды және судағы қауіпсіздік шараларын қатаң бақылауды жалғастырыңыздар. Облыс аумағында туристік инфрақұрылымды дамыту, сапалы қызмет көрсету мен жағажайдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Кемшілікке жол берген басқарма басшылығы мен аудан, қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарларының жауапкершілігін қарау жөнінде ұсыныс енгізілсін. Туризмді дамыту – басым бағыт. Жұмысты жандандыру қажет", – деп атап өтті.

Мәжілісте облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов пен Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Асқар Төлешев өз салалары бойынша есеп беріп, жазғы маусымдағы бақылау жұмыстары мен қауіпсіздік шараларын пысықтау жайын баяндады. Қазіргі таңда Түркістан облысында туристерге қызмет көрсететін 245 орналастыру орны, 298 демалыс аймағы және 117 емдік-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Жаз мезгілінде «Шардара» су қоймасы, Балықты көлі, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі сынды аймақтарға келушілер саны күрт артады. Бұл өз кезегінде қауіпсіздік пен санитарлық бақылау талаптарын мейлінше күшейтуді қажет етеді.

Облыс бойынша 27 жерде суға шомылуға рұқсат етілген болса, 111 қауіпті аумаққа суға түсуге тыйым салынған және арнайы ескерту белгілері қойылған. Бірақ, өкінішке қарай, қауіпсіздік талаптарын елемейтіндер әлі де көп. Осы себепті, облыс аумағындағы су айдындарына «нөлдік төзімділік» қағидаты енгізіліп отыр. Бұл дегеніміз — қоғамдық тәртіпті, экологиялық нормаларды немесе қауіпсіздік талаптарын бұзған кез келген азамат пен мекемеге кешірім жасалмайды. Тәртіп бұзу дерегі тіркелген жағдайда, жазалау шарасы дереу қолданылады.

Бұл бағыттағы жұмыстар облыста бекітілген қадамдық жоспар аясында жүзеге асырылуда. Аудан, қала әкімдеріне демалыс орындары мен туристік нысандарда санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бойынша тұрақты негізде бақылау жүргізу жүктелген. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында да бұл жұмыстар екпінді түрде жалғасуда. Арнайы белгіленген тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, әр мекеме өзіне жүктелген міндеттемелер аясында жұмыс жүргізуге міндеттелді.

Апта ішінде өткен облыстық рейдтер мен бақылау жұмыстары барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Мәселен, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңір көлемінде 215 тазалық шарасы ұйымдастырылып, оған 5759 азамат тартылды. Нәтижесінде, жалпы көлемі 182 тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық шығарылды. Бұл көрсеткіштердің өзі облыс аумағында санитарлық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын көрсетеді.

Шардара жағажайы маңындағы құқық бұзушылықтарға байланысты да қатаң шаралар қабылдануда. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жүргізілген рейдтер мен тексеру жұмыстары бойынша мәлімет берді. Оның айтуынша, демалыс аумағында анықталған кемшіліктер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда жағажай маңындағы жалға берілетін 409 сәкі тіркеліп, олардың 282-сі жеке кәсіпкерлердің меншігінде, қалған 111-і жеке тұлғаларға тиесілі екені анықталған. Бұл орындардың басым көпшілігінде киім ауыстыратын бөлмелер мен санитарлық тораптар қарастырылмаған. Осыған байланысты нақты талап қойылып, кемшіліктерді жою шаралары қабылданды.

Жағажай аумағында қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу мақсатында полиция департаментінің өкілдері тұрақты түрде рейд жүргізіп, заңсыз әрекеттердің алдын алуда. Тек өткен апта ішінде 196 құқық бұзушылық тіркеліп, 6 кәсіпкерге әкімшілік айыппұл салынған. Сонымен бірге 15 автокөлік айыптұраққа қойылып, қоғамдық орындарда тәртіп бұзған тұлғаларға қатысты шара қолданылды.

«Қазсушар» РМК тарапынан су қоймасы маңында заңсыз қызмет атқарып жатқан кәсіпкерлердің әрекетін заң жүзінде тексеру мақсатында құзырлы органдарға ресми өтініш жіберілді. Төтенше жағдайлар департаменті 36 әкімшілік хаттама толтырып, жағажай аумағында 16 құтқарушыны бекітіп, қауіпсіздік белгілерін толық орнатты. Сонымен қатар облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті алты демалыс орнында тексеру жүргізіп, санитарлық талаптардың орындалуын қадағалады.

Облыс басшысы Нұралхан Көшеров мәжіліс соңында: "Мемлекет басшысының тапсырмасы – «Таза Қазақстан» бағдарламасын маңызға алып, жауапты мамандарға бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырамын", – деп нақты тапсырмалар берді. Айта кету керек, өңірде енгізілген "нөлдік төзімділік" қағидасы енді туризм, санитария және қауіпсіздік салаларында да қатаң бақылау мен жауапкершілікті талап етеді. Бұл қағида тек жазғы маусымда емес, жыл бойы туристік инфрақұрылым мен экологиялық тәртіпті қамтамасыз етудің басты құралына айналмақ.


Түркістан облысында өзіндік кірістің көлемі көбейді
Заң мен тәртіп --әділдіктің кепілі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу