Заң мен тәртіп --әділдіктің кепілі

Oinet.kz 19-07-2025 30

бәйдібек.jpg 

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын басты бағдар еткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық, құқықтық дамуы мен қоғамдық тұрақтылығын қамтамасыз етудің берік негізі ретінде заң үстемдігі мен тәртіптің сақталуын үнемі алға тартып келеді. Президент өз Жолдауларында: «Заң мен тәртіп қоғамда әділдікті орнықтырудың кепілі. Құқық қорғау органдары мен мемлекеттік құрылымдар халық сеніміне лайықты қызмет етуі керек» – деп атап өткен болатын. Осы тұжырымның аясында елімізде түрлі бағыттағы нақты істер қолға алынып, өңірлерде жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Жуырда Бәйдібек ауданында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің үйлестіруімен және аудан әкімдігінің қолдауымен «Заң мен тәртіп» тақырыбында аудан активімен кеңейтілген жиын өтті. Бұл іс-шара Мемлекет басшысының құқықтық тәртіпке негізделген бастамаларын іске асыру мақсатында ұйымдастырылды. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдер мен мекемелердің басшылары, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық ұйым өкілдері мен БАҚ қызметкерлері қатысты.

Кездесуді Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Заипұлы Нұрмаханов ашып, жүргізіп отырды. Ол Мемлекет басшысының заң мен тәртіпке қатысты ұстанымдарын негізге ала отырып, аудан деңгейінде құқықтық мәдениетті арттырудың және мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен жауапкершілікті қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Бұдан кейін жиын күн тәртібіне сәйкес жалғасын тапты.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрпеис Оразханұлы Ақбаев қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу және мемлекеттік тәртіпті нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен баяндады. Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Самат Алтынбайұлы Рысбеков тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласындағы ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Кездесуге арнайы келген Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Темірболатұлы Балғабаев пен ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Сағынжанұлы Қабдыраш елдегі экономикалық қауіпсіздік пен қаржылық тәртіпті сақтау бағытындағы өзекті мәселелерді қозғап, құқық бұзушылықтың алдын алу, қаржы пирамидасымен күрес, бюджеттік қаражатты тиімді пайдалану сынды тақырыптар бойынша мазмұнды ақпараттар ұсынды. Кездесу барысында департаменттің алты айлық қызметі жайлы видеоматериал көрсетіліп, нақты нәтижелер таныстырылды.

Сондай-ақ жиында мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға тәуелді болуы, оларды жауапкершілікке тарту мәселесі де сөз болды. Ерболат Балғабаев бұл бағыттағы өз ұстанымын ортаға салып, заң шеңберінде нақты шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Қаржылық тәртіпті сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – мемлекеттік қызметтің абыройын айқындайтын басты өлшем екенін айта келіп, барлық деңгейдегі басшылар мен сала мамандарын заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Бауыржан Қабдыраш та ішкі мемлекеттік аудит қызметінің маңызына тоқталып, есептілік пен ашықтықтың мемлекеттің тұрақты дамуы үшін шешуші рөл атқаратынын атап өтті.

Кеңес соңында ұйымдастырушылар бірлесіп жұмыс істеудің қажеттілігіне баса назар аударып, құқықтық тәртіпті сақтау әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеті екенін еске салды. Жиыннан кейін аудан тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында жеке қабылдау өтті. Оған Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Темірболатұлы Балғабаев арнайы қатысты.

Жеке қабылдау барысында аудан азаматтары тарапынан «Дипломмен ауылға» жобасы аясында әлеуметтік қолдауға қол жеткізу, Боралдай–Шымкент тас жолының жөндеу жұмыстары, Жұлдыз және Боралдай ауылдарына газ тарту сынды маңызды мәселелер көтерілді. Кейбір өтініштер бойынша сала мамандары сол жерде нақты түсініктеме беріп, жедел шешім қабылданды. Қаржы мен мерзімге байланысты бірқатар мәселелер кезең-кезеңімен шешілетіні айтылды. Аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов жауапты сала жетекшілеріне, әкім орынбасарларына және бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.

Тұрғындардың көтерген өзекті мәселелері алдағы уақытта Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаевтың тікелей бақылауында болатындығы атап өтілді. Бұл кездесу – халық пен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Қоғамдық сенім мен құқықтық жауапкершілікті арттыру – осындай жүйелі кездесулердің басты нәтижесі.

Сонымен қатар, дәл осы күні Бәйдібек ауданында «Заң мен тәртіп: Қоғам вейпке қарсы – жастардың таңдауы салауатты өмір» тақырыбында ауқымды аудандық форум өтті. Түркістан облысы бойынша алғаш рет бастау алған бұл форум Мемлекет басшысының заң мен тәртіпке қатысты тұжырымдамасына негізделіп, жастарды зиянды әдеттерден қорғауға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталды.

Форумда Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов жастарға үндеу арнап, олардың болашағы үшін қоғам болып күресу қажеттігін қадап айтты. Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев жастардың құқығын қорғауға байланысты нақты ұсыныстарымен бөлісті. ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Қабдыраш мемлекеттік тәртіп пен қаржылық ашықтықтың маңызы туралы айтты.

Аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкіл Гүлзия Нұрғалиқызы Қарсыбай вейп пен «дроп» ұғымдарының теріс салдары мен құқықтық жауапкершілігін түсіндіріп, жас буынға нақты ескерту жасады. Форум аясында «Вейпсіз — аудан» атты арнайы акция бастау алды. Бұл бастама облыс көлемінде кеңінен қолдау табады деп күтілуде.

Форум барысында Белбеу күресінен әлем чемпионатының жүлдегері Өмірзақ Таңшолпан және Бәйдібек аудандық билер алқасының төрағасы Тұрсынәлі Қырғызәліұлы Дүйсенбеков жастарға бағытталған терең әрі рухани-адамгершілік сипаттағы ойларымен бөлісті. Форум аясында арнайы әлеуметтік бейнероликтер мен музыкалық қойылымдар да көрсетілді.

Бұл жиын – құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен жастар арасында зиянды әдеттерге қарсы «нөлдік төзімділік» саясатын ілгерілетудің маңызды үлгісі болды. Ел ертеңі саналатын жастарды теріс ықпалдан сақтау – тек мемлекет емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бәйдібектен бастау алған бұл игі бастамалар Түркістан облысының өзге де аудандарында жалғасын табары сөзсіз.

бәйдібек2.jpg

бәйдібек3.jpg


Түркістан: Қауіпсіздік пен талапқа бақылау күшейтілді
Бюджет қаражатын талан-таражға салғандарға үкім оқылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу