Кілем жинап ұлт мұратын асқақтатыуда
Шымкент қаласында ұлттық байлығымызды, ою-өрнегіміз бен, әдет-ғұрпымызды халыққа кеңінен насихаттап жүрген жандар аз емес.
Соның бірі – Дана Бектаева. Көптен бері кілем мұражайын ашуды армандап жүрген ол ойын өзі тұратын көпқабатты тұрғын үй ауласындағы қоршау сыртына ою-өрнекпен бедерленген кілемдерден тұтас көрме жасап қойған. Осылайша ұлттық қолөнерді ұлықтап, кілем тоқу өнерін өшірмей, оның кереметтілігін суреттері арқылы халыққа жеткізді.
Бүгінгі күні Шымкентте көпқабатты үйдің ауласы ұлттық кілем-алашалардың ою-өрнектерімен безендірілген аула көпшілікті сүйсінтіп жүр. Ұлттық құндылықтарымыз дәріптелген ауланың әсемдігі көздің жауын алады. Онда кілемнің 40-тан астам түрі бейнеленген. Оны салуға суретшілер бір айдан астам уақыт жұмсапты. Бұл идеяның авторы Дана Бектаева сол ауладағы жертөлені мұражайға айналдырған. Ол мұражайда қолдан тоқылған 1000-нан астам кілем бар.
Оның жинаған коллекциясындағы әрбір кілемге қарап отырып, сол заманның тарихын, тыныс-тіршілігін көруге болады. Жалпы Дана Ерікқызы қолдан жасалған қазақ ұлттық кілемдерін он бес жылдан бері жинап келеді екен. Түкті және түксіз, алашалар, намаз кілем, жол кілем, нар кілем, қоржын кілем, мақта кілем, тықыр кілем, масаты кілем, жолақ кілем, жібек кілем, алаша кілем, төр кілем, төсек кілем, тұс кілем сияқты сан тарауға бөлінетін тұрмыстық бұйым туралы Дана барлық деректермен таныстырудан жалықпайды. Оның коллекциясында аталған кілемдерді табуға болады. Дананың коллекциясындағы құндылығы аса жоғары бұйым – Абылайхан заманынан қалған кілем. «Мұндай Қазақстанда 7-8 ғана кілем кездеседі. Олардың әрқайсысы өте қымбатқа бағаланады.
Кілемнің бетінде шаянның белгісі бар. Шаян – биліктің символы», деп түсіндірді жәдігерді сақтаушы.
Сонша кілемнің арасынан бір жағы ашық, екінші жағы күңгірт түсті кілем көзге ерекше түседі. «Бұл өмір ақ пен қара түстен тұрады, түн күнмен алмасады. Мұны тоқыған шеберлер соларды меңзеген болуы мүмкін. Дананың айтуынша, «дәстүрімізде бір қайғылы жағдай орын алып немесе туыстарынан бір адам қайтыс болса, онда жұмысты қырық күнге шегеріп, кейіннен жалғастырған кезде жабық сұрқай түстерді таңдалған екен» деп түсіндірді бұл кілемнің түрін. Сондай-ақ, оның шеберханасында ескі сандықтар да кездеседі, басқұр – киіз үйді безендіруге, сыртындағы уықтар мен керегені қысып бууға арналып өрнектелген тоқыма бау. Мұндай байлықтың бәрі коллекциянер-зерттеуші Қазақстанның түкпір-түкпірінен жинаған. Кілем тоқу өнерінің нағыз жауһарларын іздеп Қызылорда, Атырау, Алматы, Түркістан облыстарының ең шалғай деген елдімекендеріне барып, көнекөз қолөнершілермен жүздесіп, деректер де жинаған.