Шымкент қаласындағы ескерткіштер ұлт тарихы мен өткенінен сыр шертеді

Oinet.kz 13-08-2025 10

Шымкент қаласы аумағындағы тарихи-мәдени маңызға ие ескерткіштер мен рухани мұраны сақтау және насихаттау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Screenshot_12.jpg

Бүгінгі күні 2200 жылдан астам тарихы бар Шымкент қаласы тарихи ескерткіштер барынша күтімге, қорғауға алынған. 

Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Б.Орынтаевтың айтуынша, Шымкент қаласы аумағында 80-ге жуық тарихи-мәдени мұра объектілері тіркелген. Олардың 30-ы археологиялық, 121-і монументтік өнер құрылыстары, 11 қала құрылысы және сәулет ескерткіштері, 2-еуі киелі ескерткіштер. Оның ішінде 7-еуі республикалық, 8-і жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің қатарында.  

Шымкент – тарихы тереңде жатқан шаһар. Шымкент Ұлы Жібек жолының бойында жатқан, қолөнері мен саудасы дамыған, бүгінде өзінің тарихи орнын сақтап қалған сирек қалалардың бірі саналады. Қазба жұмыстары қаланың жасын 2200 жыл деп көрсетті. Яғни Шымкент – Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Жазба деректерде «Шымкент» атауы Шарафаддин Йаздидің Ақсақ Темірдің жорықтары жайында жазған «Зафар-наме» атты еңбегінде кездеседі. Оның жазуынша, 1365-66 жылдары Ақсақ Темір Моғолстанға бара жатқан жорығында Шымкентте біраз күн аялдаған. 2003 жылы «Шымкенттің ортағасырлық кезеңін археологиялық қазбалар бойынша зерттеу» деген атаумен жүргізілген кең көлемдегі қазба жұмыстары кезінде табылған көне жәдігерлер қаланың өте ескі шаһар екенін айқындап берді. Сол кезде біздің заманымыздан бұрынғы II ғасыр мен біздің заманымыздың II-III ғасырларына тиесілі аса құнды жәдігерлер табылды. Зерттеушілер табылған көне заттарға қарап, көне Шымкенттің Орталық Азияның мәдениеті гүлденген қалаларымен тығыз байланыста болғанын анықтады.

– Шымкент қаласындағы ескерткіштер әрбір ұлттың тарихы мен өткенінен сыр шертетін байлығымыз. Ол елдің өткені мен бүгінін саралайды. Ұлттық мәдени құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтау баршаға ортақ міндетіміз. Өйткені, оның келер ұрпаққа тәлім-тәрбие берудегі маңызы зор. Осы мақсатта, Шымкентте өткен жылы республикалық және жергілікті маңызы бар он бес тарихи және мәдениет ескерткіштің жай-күйін бақылау мақсатында арнайы мониторинг жұмыстары жүргізіліп, біраз нысан жаңғыртудан өтті. Соның ішінде қаламыздағы республикалық маңызы бар Қожа Салық кесенесі бар. Оның қабырғалары мүжіліп, құзданып жатқанына байланысты қайта жөндеу жұмыстарын қажет ететіні анықталған болатын. Бүгінгі күні кесенені жауын-шашыннан қорғау үшін тісті шаралар атқарылды. Бұдан бөлек, Шымкент қаласы аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін есепке алу, қорғау және мемлекеттік тізімге алуда тарихи-мәдени сараптама дайындалады. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде тарихи-мәдени мұра объектілерінің жинағын құрастыру жоспарланды, - дейді қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Б.Орынтаев.

Қожа Салық кесенесі Мәртөбеге баратын жолдың бойында орналасқан. Көне ғимаратты Сұлтан Мансұр тұрғызған. Төрт қырлы кесене кірпіштен салынған, нысанның ішінде жоғары көтерілетін баспалдағы бар. Дерекке сүйенсек, алғашқы кесене VI-ыншы, енді бір деректерде ХІ ғасырда салынған дейді. Бірақ тарихшылар қазіргі ғимарат ХІХ ғасырдың ортасында тұрғызылған дейді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында кесенеге жөнделіп, 1980 жылдары мемлекет қорғауына алынған. Соңғы рет тарихи нысанға 1990 жылдары қайта қалпына келтіру жұмыстарынан өткен. 

Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу
Кілем жинап ұлт мұратын асқақтатыуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу