Қазақстан енді теңізге шыға алады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында көлік-логистикасын дамытуға ерекше басымдық берген еді. Бүгінде Қазақстан Еуразиядағы шешуші көлік торабына айналып отыр.
Болжам бойынша жүк транзитінің көлемі 2030 жылға қарай қазіргі көлемнен үш еселенбек. Оған теміржол, автомобиль, теңіз порттары және әуе инфрақұрылымына салынып жатқан ірі ауқымды инвестициялар әсер етіп, еліміз Орта жол дәлізі мен Солтүстік-Оңтүстік бағдарын қоса алғанда, стратегиялық сауда дәліздерінің ортасы ретінде танылмақ. Оның үстіне, тұрақты экономикалық өсу мен жаһандық серіктестіктердің кеңеюінің арқасында Қазақстан аймақтық және халықаралық логистиканың болашағын қалыптастыруда.
Әсіресе, осы арада ел Үкіметінің ұзақмерзімді және тұрақты өсім ретінде халықаралық сауда мен логистикаға айрықша назар аударып отырғанын айта кеткен жөн. Әлбетте, бұл негізсіз де емес.
Мемлекет басшысы Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясында осы бастаманы көтергені үшін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке ризашылығын білдірсе, аталған проблеманы шешуге және мүмкіндіктерін пайдалануға бейіл танытқаны үшін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке алғыс айтқан еді.
– Жиырма жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ-ның алғашқы конференциясын өткізіп, жетекші рөл атқарды. Яғни еліміз бұл үздіксіз үдеріске бастапқы жылдардан бері қатысып келеді. Осы тарихи оқиға барысында Алматы іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Бұл құжат теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының мәселелерін жаһандық дамудың күн тәртібіне тұңғыш рет шығарды. Бүгін біз алдымызда тұрған міндеттерді одан әрі ілгерілету мақсатында Авазада бас қосып отырмыз, – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның Аваза іс-қимыл бағдарламасын тұрақты, инклюзивті және орнықты келешекке жеткізер жол картасы ретінде толық қолдайтынын мәлімдеді. «Бұл маңызды бастама транзиттік елдердің, халықаралық даму ұйымдары мен қаржы институттарының саяси қолдауына ие болуға тиіс. Көлік, энергетика және цифрлы инфрақұрылым сияқты басты секторларға инвестицияны ынталандыруға арналған жаңа қаржы тетіктері керек», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруін тағы бір түйткіл ретінде атады.
– Теңізге шығар жолы жоқ көптеген дамушы ел су тапшылығы, мұздықтардың еруі, шөлейттену секілді экстремалды табиғи құбылыстарға душар болып отыр. Бұл проблемаларды шешу үшін өңір елдерінің ортақ күш-жігері мен белсенді халықаралық қолдау қажет. Дегенмен, менің ойымша, климаттың өзгеруіне қарсы күрес шаралары теңгерімді әрі инклюзивті сипатын сақтап, елдердің даму жолындағы сұраныстарына сай болуға тиіс. Климаттық өзгерістермен күреске жұмылу мақсатында Сіздерді келесі жылы сәуір айында Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірге Астанада ұйымдастырылатын Өңірлік экологиялық саммитке шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстанның серіктестермен бірге аймақтағы өзара байланысты нығайту, цифрлық трансформацияны ілгерілету және ұзақ мерзімді әрі орнықты өсімге ықпал етуді көздейтін елеулі шаралар қабылдап жатқанын жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы өңірлік күн тәртібі жөнінде пікір білдіріп, елдердің мүмкіндігі географиямен шектелмейтінін Орталық Азия тәжірибесі көрсетіп отырғанын айтты.
– Қазір теңізге шығар жолымыз болмағанымен, келешекте амалын табамыз. Яғни құрлық арқылы байланыс орнатудың маңызы арта түседі. Біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы орнықты. Саяси ерік-жігер, стратегиялық инвестиция мен халықаралық серіктестік болса, теңізге шығатын жолдың жоқтығы кедергі емес, керісінше, өсімге ынталандырады. Орталық Азия өзара тиімді ықпалдастық қанат жайған аймаққа айналғанына куә болып отырмыз. Өңірдің сауда, инвестиция, көлік, байланыс және ресурстарды орнықты басқару салаларында даму әлеуеті жоғары. Екі күн бұрын Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасында Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісімге қол қойылды. Оның штаб-пәтері Алматыда орналасқан. Бұл тұтас аймақ үшін маңызды жетістік әрі Аваза бағдарламасының игі мақсаттарына толық сай келеді. Қазақстанның осы бастамасын қолдағаны үшін БҰҰ Бас хатшысына және Орталық Азиядағы серіктестерімізге тағы да ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының мақсаттары мен қағидаттарына бейіл екенін растады. «Теңіз қатынасы жоқ дамушы елдердің жаһандық күн тәртібінен тыс қалмауын халықаралық серіктестікті нығайту арқылы ғана қамтамасыз ете аламыз», – деді Президент.