Табиғатты қорғау – әр азаматтың міндеті
Ұлттық дәстүр бойынша жазда аумақтарды қоқыстан тазартуға, су айдындарын тазартуға және аумақтарды абаттандыруға бағытталған көптеген сенбіліктер өткізілілді.
Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында да жалғасуда. Осы ретте Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өңір тұрғындары мен қала қонақтарына тазалықты сақтау және табиғатқа ұқыпты қарау жайлы полиция өкілдерінің қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл акция 1–14 тамыз аралығында «Таза Қала» атты профилактикалық іс-шара аясында өтуде. Шараның негізгі мақсаты – қала аумағында санитарлық тазалықты сақтау, қоғамдық тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғындардың экологиялық және құқықтық мәдениетін арттыру.
– Табиғатты қорғау – әр азаматтың міндеті. Қоғам болып, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарасақ қана келер ұрпаққа таза әрі қауіпсіз экожүйе қалдыра аламыз. «Таза Қазақстан» акциясының мақсаты – тек сенбілік өткізу емес, халықтың экологиялық санасын көтеру, – деді акцияға қатысушылары.
Экологиялық тәрбиеге бағытталған түсіндіру жұмыстары адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарда жүргізілді. Мамандар тұрғындарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға, артынан қоқыс қалдырмауға шақырды.
Таза қоршаған орта – халық денсаулығының кепілі. Табиғатты аялау оның байлығын болашақ ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді. Таза қалалар мен табиғи ландшафттар туристерді тартады. Ағаш отырғызу және парниктік газдар шығарындыларын азайту климаттың өзгеруімен күресуге көмектеседі. Экологиялық жауапкершілік Қазақстанның халықаралық беделін арттырады.
«Таза Қазақстан» акциясының болашағы өте оптимистік. Мемлекеттің, бизнестің және азаматтық қоғамның бірлескен күш-жігерінің арқасында Қазақстан экологиялық тұрақтылық саласында басқа елдерге үлгі бола алады. «Таза Қазақстан» бір реттік шара емес, мемлекеттің, бизнес пен азаматтық қоғамның тұрақты қатысуы мен қолдауын талап ететін ұзақ мерзімді бағдарлама екенін атап өткен жөн.
Рейдтік жұмыстар Шымкент қалалық полиция департаменті мен қала әкімдігі бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілуде. Нәтижесінде, бірқатар азаматтар мен кәсіпкерлік нысандардың иелері санитариялық талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда тыныштықты бұзған тұлғаларға да заң шеңберінде шара қолданылды. Шара аясында аулалар мен көшелерге, саябақтар мен скверлерге, жалпыға ортақ пайдаланылатын орындардың тазалығына ерекше мән берілуде.
Бір сөзбен айтқанда, «Шымкент таза және қауіпсіз қала» мақс атында ұйымдастырылған рейдтік іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындарды, әсіресе, жастарды тазалыққа шақыру, олардың экологиялық мәдениетін арттыру болды.