Ұлттық тоқма өнерінің тарихы тереңде жатыр

Oinet.kz 19-08-2025 11

Шымкент қаласында салт-дәстүр орталығы мамандары салт-дәстүріміздің түпкі мәні мен қыр-сырларын ашу бағытында көбірек зерттеу жүргізеді. 

Screenshot_33.jpg

Сол жүргізген зерттеу жұмыстарының аясында орталықта «Төрге жайдым текемет», «Алаша фест» сынды іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Кей жылдары ол іс-шаралар фестеваль деңгейінде өткізілсе, енді бірде орталық ішінде шағын қатысушының қатысуымен шектеледі. Осындай іс-шарада жастарға текемет түрлері жан-жақты таныстырылды.

Қазақта «Алтынға бергісіз алаша бар, Ханға бергісіз қараша бар» деген сөз бар. Сонда бұл  алаша құнының жоғары екенін байқатып тұр. Алаша дегеніміз кәдімгі кілемнің бір түрі. Кейбір елдерде қолөнер бұйымы қатты бағаланатындықтан, мұндай тоқыма дүниелердің тіпті бағасы болмайды. 

– Ресейлік этнограф Самуил Дудиннің еңбектерінде «өрнектелген текеметтерді қазақтар және өзбектер дайындаған. Олардың суреттерінің қарапайымдылығына және бояуының кедейлігіне қарамастан, өрнектелген киіздер табиғи бояулы жүндердің үйлесуі, бояу реңктерінің жұмсақтығы, қарапайым сәнділігі бойынша адамға жақсы әсер қалдырады. Олардың киізден басылатын текеметтерінен нәзік әрі әдемі өрнектерді жиі кездестіруге болады» деп суреттелген. Текемет дайындау техникасы қыпшақтар өмір сүрген дәуірден бастап дамыған. Тоқыма өнеріндегі қыпшақ дәстүрі тек қазақтарда ғана емес, құмық, қарашай, шеркес, ноғай елдерінде де сақталған, – дейді орталық директоры Бахтияр Спанов.

Жалпы әр облыста текемет басудың, алаша жасаудың саналуан әдісі кездеседі. Мысалы Қазақ ССР ғылым академиясының этнографиялық экспедициясына қатысушылар 1958 жылы Оңтүстік Қазақстанды аралағанда осы жердегі текемет түрі мен оның жасалуына қатысты былай дейді: «Оңтүстік Қазақстан облысының текеметі басқа облыстардікіне қарағанда әрі мықты, әрі әдемі. Бұл жердің текемет басу әдісі төрт сатыдан тұрады. Ең алдымен боялмаған ақ жүнді жұқалап жайып талдырады, оның үстіне тағы да осындай басқа түсті жүн тартып қайта талдырады. Бұл текеметтің негізі болып есептеледі. Одан кейін оның үстіне өң есебінде боялған жүн тартып, біраз бастырған соң керекті өрнектің нұсқасын жүнмен жүргізіп, басады. Кейде өрнек жүргізудің басқа әдістерін қолданады. Ол үшін түсті жүннен алдын ала дайындалған керекті өрнекті ойып алады. Оларды үш қабат етіп текеметтің өң жағына қиюластырған соң үстіне ыстық су құйып, бастырады».

Қазақтың бұрынғы салтында текемет көбіне сырмақтың үстінен, төсеніш көрпенің астынан жайылатын немесе кереуеттегі киіздерінің үстіне төселетін. Әдемі, жақсы текеметтерді сыйлы қонақтар мен қарттар келгенде жұмсақ болуы үшін сырмақтың үстінен көрпе ретінде төсейтін.

Текемет сырмақтан үлкен және енді болады. Кейде өрнексіз не ақ, не қара текемет те кездеседі. Қазақтың көне салтында темекеметті тек жұмсақ қозы жүнінен басқан, себебі қозы жүнінің қылшығы болмайды. Текемет халық әндеріне де арқау болған. Мысалы ол бәрімізге бала күннен таныс «Дедімай-ау» әнінің қайырмасында текеметтің халыққа кеңінен таныс екені көруге болады. 

Халқымыз әрбір тұтынған бұйымның қадір-қасиетін тани білген
Көрермен Ұлы мұраның құдіретіне қанығып, Абай дәуірінің рухын сезінді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу