Халқымыз әрбір тұтынған бұйымның қадір-қасиетін тани білген
Салт-дәстүр орталығында бүгінгі күні елуден астам адам жұмыс істеп, салт-дәстүрімізді Шымкент қаласында жан-жақты насихаттап жүр.
Тіпті көрші жатқан Өзбекстан мен Қырғыз мемлекеттеріндегі қолөнер шеберлерімен тығыз байланыста орнатқан. Осы бауырлас елдерді жақындатқан да салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптағы тамырластық.
Орталық директоры Бахтияр Спановтың айтуынша, орталық тарапынан этноауылда ұйымдастырылған «Төрге жайдым текемет» іс-шарасы Шымкентіктерді таң қалдырды. Оған Өзбекстан мен Қырғыз мемлекттерінен келген қолөнер шеберлері қатысты. Олардың дені әжелер. Орталық тарапынан этноауылда ұйымдастырылған іс-шара барысында текеметті қалай басудың жолдары көрсетілді. Қой қырқудан бастап, жүнді түту, сабау, шиге орап тебу, ыстық су құюға дейінгі кезеңдері ретретімен таныстырылды. Осылайша, бас аяғы екі күнге созылған іс-шара аясында қатысушылар дүйім жұртқа текеметті қалай басу керектігін үйретті.
– Халқымыз әу бастан-ақ, әрбір тұтынған бұйымның қадір-қасиетін тани білген. Бұл күні әрі киім, әрі төсеніш, маңыздысы денсаулыққа пайдалы тұрмыстық бұйымды тұтыну кенжелеп тұр. Дегенмен ұлт өнерін заманауи үлгіде қайта жаңғыртып жүргендер орталықтар мен үйірмелер бар. Жалпы қазақ халқының киіз және тоқыма кілемдерінің түрі көп. Олар дайындалу техникасы мен өрнектелуіне, бояуына қарай әртүрлі топқа бөлінеді. Соның ішінде текемет – сәндік қолданбалы өнер туындысы, бетіне түрлі-түсті ою-өрнек басылған киіз үй жиһазы. Ол ақ түсті жартылай дайындалған киіз бетіне боялған, ылғал киізден дайындалған өрнектер салынып дайындалады. Содан кейін киізді орап білектейді. Ыстық су құйып, булайды. Текемет дайын болғанша осы әрекет қайталанып отырады. Өңдеу кезінде өрнек басылады. Текеметтің ортасына шаршы немесе дөңгелек пішіндерге қошқармүйіз, терме гүл, тұмарша секілді оюлар салынады, – дейді ол.
Орталық тарапынан өткен, екі күнге созылған іс-шара барысында ұмытылып бара жатқан дәстүрді қайта жаңғырды. Текемет басудың тәсілін үйреткен шеберлік сыныптары өтті. «Былтыр осы тақырыпта ұйымдастырылған фестивальде көрші ағайындар сол жерде басқан текеметтерді сыйға тартқан еді. Бүгінде олар орталықтың екінші қабатында жәдігер ретінде сақталып тұр» дейді орталық қызметкерлері.
Текеметтің жақсы бір қасиеті бар. Оның қылының үстінде ешқандай жәндік жүрмейді. Мұны ата-бабаларымыз ертеден білген. Сол үшін текемет басып, оны күнделікті тұрмыста қолданған. Жаздың күндері далада күн жанып тұрғанда үйге түрлі улы жәндіктер кіріп кететіні белгілі. Бір кереметі текемет төсеулі тұрған жерге шағатын құрт-құмырсқа, жәндіктер жоламайды екен. Сонымен бірге үкі тұрған жерге де бақа-шаян, жыландар жолаудан қорқады. Бұрын қазақтардың көпшілігі үйінде үкі асыраған. Оны кейбіреулер сән үшін деуі мүмкін, ал бірақ шын мәнінде ата-бабаларымыз текті құстың осындай қасиеттері бар екенін бұрыннан білген.