Қазақтың салт-дәстүрі – ұлт үшін өмір
Шымкент қаласында қалалық мәдениет басқармасына қарасты салт-дәстүр орталығы ұйымдастырған іс-шаралардың маңызы жоғары.
Соның бірі – киіз басу. Орталық директоры Бахтияр Спановтың айтуынша, мұндай іс-шаралар орталықта жиі өткізіліп тұрады. «Негізінен ұмыт бола бастаған дәстүрімізді орталыққа арнайы келген әжелер жастарға үйретіп, бағыт-бағдар беруден жаңылған емес» дейді орталық жетекшісі.
Ғылым мен технология қарыштап дамыған бүгінгі заманда өз тарихын терең ұғынып, ұлттық құндылықтарын шын бағалай білетін халықтың ғана болашағы жарқын болары сөзсіз. Бұл ретте, кез келген ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын сол ұлттың төл тарихы, мәдениеті мен тілі екені анық.
Қазақ халқының ұлттық бірегейлігінің негізгі тұғырлары саналатын бұл үшеуі де салт-дәстүрлерімізде кең көрініс табады. Демек, ата ғұрыптарымызды ұмыту – жер бетінен халық ретінде жойылумен пара-пар деген сөз. Өкінішке қарай, қазір өмір сүру дағдысы мен тұрмыс қалпының өзгеруіне байланысты ұмыт қалып бара жатқан салттардың қатары артып келеді. Жасыратын несі бар, олардың бірқатарын бүгінгі жас буын білмейді де. Соның бірі – киіз басу.
Ертеректе киіз басу – ауыр жұмыстардың бірі болған. Алдымен жүнді сабайды, сосын бояйды, қайнатады, құрғатады, орайды. Ораудың астынан арқан өткізіп, жіптің ұшынан ұстап, аяқпен теуіп отырып, үй-үйдің арасынан өткізеді. Кез келген үйдің жанына келгенде «қой басты-қой басты» деп айқайлайды. Мұны естіген үйдегі әйелдер киіз басушыларға бауырсақ, қымыз, құрт береді. Бұл әзіл-қалжың ретіндегі дәстүр болғанымен, сыйластыққа негізделген.
Технологияның дамуына байланысты киіз басу ісінің қажеттілігі азайды. Кең-байтақ қазақ даласында салт-дәстүрлердің бұдан басқа да қызықты түрлері өте көп. Соның бірі – «бізшаншар». Еліміздің шығыс, оңтүстік аймақтарында «жаушы» орнына осы «бізшаншар» салты қолданылады. Ақсақал-қарасақалы аралас бір топ ер азамат бойжеткен қызы бар үйге түсе қалады. Қандай шаруамен жүргенін айтпайды, ел шаруасын, амандық білген болып, қонақасын ішіп аттанып кетеді. Әдеп бойынша ел ішінде бір топ адам бұлай жүрмейді. Олар кеткеннен кейін отағасы мен анасы қонақтар отырған жерді қарап, одан шаншулы бізді тауып алады. Бұл «Құда болайық» дегенді білдіреді. Бұл да текті халық екеніміздің бірден-бір дәлелі. Бұл салтты тереңінен үңіліп қарайтын болсақ, қаншама тәрбие, қаншама мәдениеттің жатқанын байқауға болады.
– Қазақтың салт-дәстүрі – ұлт үшін өмір, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық, өнеге тәжірибесін құраған байлық деп білемін. Ата-бабамыздан мұра ретінде қалдырған бұл қазынамызды қайта жаңғырту, халық арасында қайта дәріптеу әрбір қазақтың міндеті, – дейді Бахтияр Спанов.