Салт-дәстүр орталығының қазақи болмысымызды сақтап қалудағы пайдасы зор
Шымкент қаласында ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді дәріптейтін орталық 11 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Орталықтың атқаратын негізгі қызметі – қазақтың салт-дәстүрін, әдетғұрпын, жөн-жоралғысын насихаттау, жас ұрпақтың бойына сіңіру, халықтың бойында ұлттық кодты қайта жаңғырту. Өйткені салт-дәстүр болмаса, ол елдің болашағы бұлыңғыр, келешегі күңгірт. Тілді қалай қорғаштасақ, әдет-ғұрып, салт-сананы да дәл солай қызғыштай қоруымыз керек.
Орталық директоры Бахтияр Спановтың айтуынша, бұл салт-дәстүр орталығының қазақи болмысымызды сақтап қалудағы пайдасы зор. Әсіресе жаһандану дәуірінде өмір сүріп, түрлі идеологиялық қақтығыстар ортасында өсіп келе жатқан жастар үшін орталықтың берер пайдасы мол.
– Мекеме республикада жалғыз осындай ұйым болғандықтан, оған еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар келіп, көріп таңғалып жатады. Әсіресе еліміздің бас қаласы Астанадан, ару Алматыдан және басқа да өңірлерден зиялы қауым өкілдері көп зиярат жасайды. Осындағы жұмыстармен танысып, ішін аралап көріп, «шіркін-ай!» десіп қайтады. Былайша айтқанда, Оңтүстікке табан тіреген кісілердің көпшілігінің ат басын бұрып тұратын жері біздің орталық, – дейді Бахтияр Спанов.
Сонымен қатар орталық қазақтың салт-дәстүрін дәріптеумен бірге ұлттық ойындарды насихаттау ісінде де алдына жан салмай келеді. Мәселен, асық ату, ақсүйек, алтыбақан, ләңгі, тағы басқаларды айтуға болады. Орталық мамандары осындай ұлттық дәстүр мен ойындарымыздың бар екенін халықтың есіне салып қана қоймай, сонымен бірге, тарихшы, өлкетанушылармен бірлесіп зерттеу, зерделеу жұмыстарымен де айналысады.
Орталықта бүгінгі таңда елуден астам адам жұмыс істейді. Негізінен мекеме қалалық мәдениет басқармасына қарайды.
«Орталықтың негізгі мақсаты – қазақтың байырғы салт-дәстүрлері бойынша іздену және ұмытылып бара жатқан әдет-ғұрыптарды қайта жаңғырту. Кез келген дәстүрді насихаттау үшін оны алдымен зерттеп алу керек. Жалпы, дәстүрдің үш түрі бар. Оның біріншісі – қазіргі қолданыста жүрген салттарымыз, екіншісі – ата-бабамыздан келе жатқан ғұрыптарымыз және соңғысы – кірме дәстүрлер. Мәселен, үйлену тойларында жастарға торт жегізу біздің дәстүрімізде жоқ нәрсе. Оны кірме салт десек болады. Қарап отырсақ, бүгінде төтеннен келген ғұрыптар қаптап кетті. Әсіресе оны тойлардан көп көруге болады. Негізінде той адамның рухани ләззаттанатын, ғибрат алатын жері болуы тиіс. Қазақ атам не үшін той деп атаған? Яғни адам мерекелік жиынға барғанда аспен бірге рухани жағынан да тойып қайтуы керек», дейді орталық басшысы.
Бұл мекемеде жалпы төрт бөлім жұмыс істейді. Бүгінгі күні орталық ата-баба дәстүрін насихаттау арқылы халықтың көңілін бері бұру үшін салт-дәстүрді танытатын, дәріптейтін шағын кітапшалар шығаруды көздеп отыр.