Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі
Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты.
Бүгінгі таңда қазақы нақыштағы киімді кию сәнге айналып келеді. Осы ретте Шымкент қаласында өткен мұсылман әйелдерінің сән байқауында өзінің ұлттық стилімен көзге түскен жанның бірі – жас дизайнер Гүлнұр Бектұрғанова.
21 жастағы жас дизайнер Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен ұйымдастырған «Әсем киім – әйел ажары» атты республикалық байқаудың қалалық іріктеу кезеңіне қатысып, өзін ұлт жанашыры екенін көрсетті.
– Осы салада жүргеніме 5 жыл болды. Киімді сән үшін емес, идея үшін тігем. Қазақ қызының болмысын ашып, орамал тағатын арулардың да әдемі, заманауи, жинақы киіне алатынын көрсеткім келеді. Бүгін Nurly Collection топтасын әкелдім. Оның ішінде кеңселік, күнделікті, кешкі және спорттық бағыттағы киімдер бар. Олардың бәріне қазақы оюларды, кимешек пен камзол элементтерін, көз тартар әшекейлерді қолдандым. Яғни хиджабтағы қыз қазақылықтан алыс емес екенін көрсеткім келді, – дейді дизайнер.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар әр облыста өтіп, ең үздік топтамалар Алматыда өтетін республикалық кезеңге жолдама алады. Сайыста төрт түрлі бағыт қамтылды: кеңсеге арналған киім, күнделікті образ, спорттық үлгілер және кешкілік көйлектер. Жарысқа қатысушылар саны көп болмаса да, әрқайсысының ниеті мен ұсынған идеясы – терең.
– Байқаудың көздегені – сән қуып, шариғат шеңберінен шығып кетпеу. Керісінше, ислам талаптары мен ұлттық нақышты үйлестіре отырып, мұсылман қыз-келіншектердің киіну мәдениетін жаңа деңгейге көтеру, – дейді әйел-қыздар секторының жетекшісі Балжан Асылханқызы.
Шын мәнінде, бұл байқау тек сән сайысы ғана емес. Бұл – ұлттық болмысты заманауи әйелдің күнделікті өмірімен астастыру әрекеті. Ал енді осы байқауда іріктелген жеңімпаз дизайнер республикалық кезеңде өз өңірінің намысын қорғамақ. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, «Әсем киім – әйел ажары» байқауы алдағы уақытта мұсылман әйелдерге арналған отандық киім үлгілерінің көбеюіне ықпал етіп, жас дизайнерлерге жол ашады.
Эстетикалық тәрбие-адамның өмірінде зор рөл атқаратыны белгілі. Ал осы әсемдікті көре, сезіне, түсіне білу адамның рухани өмірін байытады. Болашақ ұрпақ ұлттық киімнің қадір-қасиетін біліп, заман талабына сәйкес лайықтап киіп жүрсе, ата-дәстүрі жалғасын тауып, сәнге айналып, күнделікті өмірімізге енсе деген үміттеміз. Қазіргі таңда күнделікті кимесек те, өз маңызын сақтап отырған ұлттық киімдерімізді құрметтеу керек деп білеміз. Ең болмаса сырға, алқа секілді бір элементті насихаттай алсақ, бұл да ұлтқа деген құрмет. «Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұлттық киімдерімізді мерекеде ғана емес, жиі киіп жүрсе нұр үстіне нұр болар еді» дейді жас дизайнер Гүлнұр Бектұрғанова.