Тамыры терең ән, тағылымы мол дәстүр
Қазақ қоғамы қашанда өзінің дәстүрі мен мәдениетіне сүйеніп өмір сүрген. Ата-бабадан аманат болған салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен ұлттық болмыс – ұлттың тамыры, рухани өзегі.

Уақыт жылдам өзгерген сайын, дәстүрдің қадірін ұғыну мен оны жас ұрпаққа жеткізу жауапкершілігі арта түсуде.
Осы тұрғыда шымкенттік дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева ұлттық өнер мен мәдениеттің бүгінгі жайына ерекше алаңдайтынын айтты.
«Әлеуметтік желі мен шетелдік мәдениет жастардың ой-санасына ықпал етіп жатқан тұста, ұлттық дәстүрге оралу қажеттілікке айналды. Өнер адамы ретінде мен әр орындаған әнім арқылы қазақтың болмысын жеткізуді парыз санаймын. Ән арқылы салтты да, әдетті де, ұлттың мінезін де көрсетуге болады», – дейді ол.
Наркенже Серікбаева дәстүрлі өнерді тек сахналық бағыт деп емес, ұлттың рухани тамыры деп қабылдайды. Оның айтуынша, әрбір терме мен толғаудың түбінде тәрбие жатыр. «Біздің халықтың сөз өнері ұстаз, ал дәстүр оның сабағы. Қазақ ешқашан жалаң айтпаған, әрбір әнінде, әрбір жырында өмірлік қағида жатқан. Сол арқылы ұлт ұрпағын тәрбиелеп отырған. Қазір соны ұғындыруымыз керек», – дейді әнші.
Өнер иесінің пікірінше, салт-дәстүрді сақтау музейде жәдігерді қорғау емес, оны күнделікті өмірде қолдану. Тойда, тұрмыста, тіпті заманауи мәдени кеңістікте де ұлттық бояуды жоғалтпау маңызды. «Кейде адамдар дәстүрді ескі деп қабылдайды. Бірақ ол ескілік емес, тұрақтылықтың белгісі. Ұлттық дәстүрі жоқ қоғам тамырсыз ағаш сияқты. Тамырсыз ағаш көктемейді. Сондықтан біз дәстүрге оралу арқылы өз болашағымызға ораламыз», – дейді Наркенже Серікбаева.
Шынында да, бүгінде салт-дәстүрді жаңғырту тек мәдениет саласының міндеті емес. Бұл қоғамның рухани иммунитетін күшейтудің жолы. Қыз балаға ізет көрсету, үлкенді құрметтеу, амандық сұрасу, дастархан мәдениеті сияқты қарапайым дәстүрлер ұлттың іргетасын ұстап тұрған құндылықтар. Олар жоғалса, қоғамда рухани әлсіздік пайда болады.
«Біздің дәстүріміздің күші оның қарапайымдылығында. Қазақ ешқашан даңғаза болған емес. Бәрі сабырмен, мәнмен, парасатпен жасалған. Сол мәдениетті жаңғыртпай, біз ұлт ретінде биіктей алмаймыз», – дейді әнші.
Қазақтың салты мен ғұрпы ғасырлар бойы халықтың тіршілігімен бірге дамып, ұрпақ тәрбиесінің өзегіне айналды. Бүгінде сол сабақтастықты сақтау әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Себебі дәстүр өткеннің емес, келешектің кепілі.
Аида ӨТЕП


