«Намысың болсын найзадай»

Oinet.kz 25-10-2025 7

Егемен елдің ең ұлық мерекелерінің бірі Республика күні қарсаңында Шымкент қаласы, Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада белгілі журналист, «Парасат» орденінің иегері Бақтияр Тайжанның жеке шығармашылық кеші өтті. 

8. «Намысың болсын найзадай».jpg

Кеш барысында қаламгердің спорт тақырыбындағы таңдаулы мақалалары топтастырылған «Намысың болсын найзадай» атты жаңа кітабының тұсауы кесіліп, оқырман қауымға таныстырылды.

Бақтияр Тайжан – қазақ журналистикасының беделді өкілі ғана емес, ел руханияты мен ұлттық патриотизмнің жаршысы. Оның шығармашылығындағы басты өзек – ел намысы, ұлттық рух пен отансүйгіштік сезім. Жаңа кітабының атауы да осы ұстанымның көрінісі десек болады. 

Шымкентте соңғы жылдары «Рухани құндылықтар және патриоттық тәрбие» бағытында маңызды бастамаларды жүзеге асырып келеді. Атап айтсақ, ұлттық сана мен дәстүрді жаңғыртуға арналған мәдени жобалар, кездесулер, әдеби кештер мен оқырман конференциялары жиі ұйымдастырылады. Мұндай іс-шаралар жастардың бойына отансүйгіштік сезімді ұялатып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырары сөзсіз.

Кешке Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы арнайы қатысып, қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлының құттықтауын жеткізді:

«Бүгін саналы ғұмырын қазақ журналистикасына арнаған, талай спорт саңлақтарының даңқын елге танытқан қаламгердің алғашқы кітабының тұсаукесерінде бас қосып отырмыз. Ағамыздың шәкірттері бірнеше кітап шығарып жатқанда, өз кітабының енді жарық көруі – оның қарапайымдылығының, халықпен бірге болуға ұмтылатын ұстанымының айғағы», – деген ол өз құттықтауында.

Бақтияр Тайжанның спорттық публицистикасы тек жеңіс пен жеңіліс туралы емес, ұлттың мінезі, намысы мен рухы туралы әңгіме. Әр мақаласында автор қазақтың қайсар болмысын, күрескерлік қасиетін, елдік мүддені қорғау идеясын дәріптейді. Бұл тұрғыда оның шығармалары қазақ халқының рухани құндылықтарын дәріптеуге және патриоттық тәрбиені күшейтуге зор үлес қосып отыр.

Кеш иесі журналистерге берген сұқбатында, журналистердің ең басты міндеті ел үшін қызмет қылу екенін атап өтті:

– Журналисттің ең бірінші міндеті – елдің экономикасын көтеруге қызмет істеу, абыройын көтеруге қызмет істеу. Бізде көп Отан жоқ қой, бір-ақ Отан. Қазақстан мықты болса, біз бәріміз мықтымыз, – деді Бақтияр Тайжан.

Қазақ халқының тарихы мен дәстүрін насихаттау – тек мәдени миссия емес, елдің болашағына жауапкершілікпен қарау. Бақтияр Тайжанның шығармашылық кеші осы рухты айшықтай түсті: залға жиналған көрермендер оның еңбектерінен заманауи қазақтың рухын, ел мен жерге деген сүйіспеншілігін сезінді.

Сезім МЕРГЕНБАЙ

Әміреқұл Әбуов: «Мәдениеттің іргетасы ұлттық тәрбие, ұлттық құндылықтар арқылы қалануы керек»
Тамыры терең ән, тағылымы мол дәстүр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу