Әміреқұл Әбуов: «Мәдениеттің іргетасы ұлттық тәрбие, ұлттық құндылықтар арқылы қалануы керек»

Oinet.kz 05-10-2025 6

Біз белгілі мәдениет қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Әміреқұл Әбуов мырзамен қоғамдағы мәдениеттің орны, ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңызы және өнердің рухани дамудағы рөлі жайлы әңгімелескен едік.

Screenshot_5.jpg

Ол:

– Мейлі прокуратура болсын, мейлі сот болсын, мейлі ауыл шаруашылығы болсын мәдениетсіз қай саланы да дамыту мүмкін емес. Барлық сала мәдениет негізінде әдемі көрініс табады, мәдениетке теріс қарайтын, шығын деп есептейтін, ұлттық өнердің, мәдениеттің жалпы руханияттың салмағын сезіне алмайтын саладан үміт күтудің, сенім артудың қажеті жоқ. Себебі, мәдениетті шығын деп есептейтіндер – мәдениетсіздер. «Мәдениетсіз досыңнан, мәдениетті дұшпан артық» дегім келеді. Себебі олардың бірі ойланады, бірі ойланбай іс атқарады, – дейді профессор. 

Сонымен қатар, мәдениеттің іргетасы ұлттық тәрбие, ұлттық құндылықтар арқылы қалануы керек екенін айтты. 

– Мәдениет дегеніміз әр адамның, әр маманның өзін ұстауынан, қабылдаған шешімінен, жасаған әрекетінен, кәсібилігінен көрініп тұруы керек.  Мәдениетке не жатады? Ең алдымен ұлттық тәрбие. Бізде ұлттық тәрбиенің іргетасы қаланбаған деп айта алмаймыз. Небір ұлттық аңыз-әңгіме, жыр-дастан, ертегі-мысалдар, тарихи деректер арқылы аянбай қызмет еткен, еңбек сіңірген, есімі мәңгілікке ұлықталатын тұлғаларды тәрбиелей алған халықпыз ғой, – дейді Ә.Әбуов. 

Одан бөлек ұлттық мәдениетімізге қолдау білдірсек, болашағымыздың жарқын боларына да кәміл сендірді.

– Әрбір адам мәдениет пен өнер – әншілердің жеке концертін өткізу, қала күндерін тойлау, ақын-жазушылардың мерейтойын атап өту ғана емес, күнделікті тіршілігімізден-ақ көрініс табатын мызғымас фактор екенін, еліміздің қайталанбас бейнесін қалыптастыруға арналған бірден-бір құрал екенін айта кеткім келеді. «Ұлттық өнер», «ұлттық мәдениет», «ұлттық руханият», «ұлттық идеология», «ұлттық тәрбие», «ұлттық сана» деп ұрандата беріп, «ұлттық» сөзінің бағасын түсіріп алған да шығармыз. Алайда, ұлттық мәдениет пен өнердің іргетасын берік бекітіп алған соң ғана, ұлттың ұзақ жасайтынына үміт арта аламыз. Сөз соңында Британияның актёры Чарли Чаплинның сөзін мысалға ала кеткім келіп отыр: «Мен жаңбырдың астында қыдырғанды жақсы көремін, өйткені жылағанымды ешкім көрмейді», – дейді ол. Ұлттық мәдениетімізге қолдау білдірсек болашақ ұрпақ жаңбырдың жауатынын күтпестен, күліп жүретініне үміт сыйлар едік, – дейді Ә.Әбуов.

Иә, мәдениет пен өнер – кез келген мемлекеттің, кез келген қоғамның ұлттық айрықшалығын сөзсіз-ақ сипаттай алатын бірегей сала. Оның қоғамдағы орнын бағаламау, экономикалық салалардан кейін қою – ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр мен дүниетанымды жоққа шығару десек болады.

Сезім МЕРГЕНБАЙ

Елдос Шайкенов: «Біздің театр үнемі Шымкентке асығып отырады»
«Намысың болсын найзадай»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу