Елдос Шайкенов: «Біздің театр үнемі Шымкентке асығып отырады»
Театр – адам жанының айнасы. Ұлттық әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрлеріміздің мәңгілік тірі мұрағаты. Сол мұрағаттан көрермен өзінің рухани қоржынын толтырып, эстетикалық ләззат алып қайтса, мәдениет пен өнер адамдарының мақсаты орындалғаны.

Жуырда іс-сапарлатып келген Астана «Жастар театрының» актері Елдос Шайкеновпен осы туралы әңгімелескен едік. Ол өз сөзінде театр ұжымының үнемі Шымкентке асығып отыратынын айтты:
– Жалпы Астана «Жастар театры» Шырайлы Шымкентке бірінші рет келіп отырған жоқ. Менің бұл театрда жүргеніме 12 жыл болған болса, Шымкентке кемі он екінші рет келіп отырмын. Ылғи да жылы құшақтарымен қарсы алады. Шымкентте төркініңе, өз туыстарыңның ортасына келгендей әсерге бөленесің. Біздің театр үнемі Шымкентке асығып отырады. Басқа қалалар дәл Шымкент сияқты қонақжай бола алмайды-ау. Қонақжайлығы – бір төбе, көрерменнің ықыласы – бөлек бір төбе. Шымкентте қойылымдарды сахналайтын кезімізде кейбір сөздерді осындағы халықтың ыңғайына қарай ауыстырып, диалектілерді қосатын кездеріміз де болады. Әлеуметтік желілерде де «Қашан келесіздер?» деп іздейтін, сағынып күтетіндердің де көбі шымкенттік көрермендер, – дейді актер.
Сонымен қатар, ол қазақ театр өнерінің қалыптасуына зор ықпал еткен, Асанәлі Әшімов, Шәкен Айманов, Әзірбайжан Мәмбетов сынды қазақ сахнасының майталмандары шыңдалған Станиславский мектебінен бөлек, жаңа мектеп жаңа буын қалыптасқанын айтып өтті:
– Театрға қазір жаңа буын келді деп айтсақ болады. Ол жаңа буынның театр өнеріне тың серпіліс берген Нұрқанат Жақыпбай десем артық айтпайтын шағармын. Одан бөлек Фархат Молдағали бар. Басқа да режиссерлер бар ғой. Дегенмен, Нұрқанат Жақыпбайдың қолтаңбасы қазір бүкіл театрда жүрген секілді. Ал бұған дейін оны көбі мойындай қойған жоқ, көп сынға ілікті. Сондықтан қазір біз сол кісінің би жағынан болсын, ән жағынан болсын, кішігірім режиссерлік шешімдерін, идеяларын арқалап жүрміз дер едім.
Қазіргі таңда көбі театр тілімен (көтеріңкі дауыспен) сөйлеуден қашады ғой. Жастарды олай таң қалдыра алмайсың. Сондықтан біз әрқашан театр мен киноның ортасын алып жүруге тырысамыз. Біздің де мектебіміз сол – Нұрқанат Жақыпбайдың мектебі. Қойылымдарымыздың көбін шынайы етіп қоюға тырысамыз. Кейде театрда өзінің мәңгілік мектебін қалыптастырып кеткен Станиславскийдің мектебінен де ауытқып ойнайтын кездеріміз болады.
Бұрынғы театр мен қазіргі театрдың арасында едәуір айырмашылық бар. Бірақ, мәдениет – бір. Ал мәдениеттегі алғашқы орындардың бірін театр иеленеді, – деді Елдос Шайкенов.
Иә, театр сахнасында қойылған әрбір туынды халық өмірінің көрінісі, ұлттың жан дүниесінің бейнесі. Онда өткен мен бүгін, тарих пен тағдыр, адам мен қоғам арасындағы байланыс көрініс табады. Театр көрерменге тек көрініс емес, ой салып, рух береді. Ол арқылы адам өз тамырына үңіліп, ұлттық болмысының қадірін ұғынады. Ал, осы асқақ өнерге жаңа буынның келгені, жаңа қазақ мектебінің қалыптасып келе жатқаны көңіл қуантарлық-ақ жайт.
Сезім МЕРГЕНБАЙ


