Заңсыз нысан бұзылып, жер мемлекет қажетіне қайтарылды
Шымкент қаласында жер заңнамасының талаптарын қатаң сақтау және рұқсатсыз салынған нысандарды жою бағытындағы кешенді жұмыстар жалғасуда. Қалалық жер қатынастары және сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бірлескен шаралары нәтижесінде тағы бір заңсыз салынған құрылыс бұзылып, жер телімі мемлекет игілігіне қайтарылды.

Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының тексеруі нәтижесінде Тұран ауданындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 көпсалалы мектеп-гимназиясының алдында орналасқан коммерциялық нысан мектептің кіріп-шығу жолына кедергі келтіргені анықталды.
Нәтижесінде жер телімі мемлекет қажетіне толық қайтарылып, Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес келмейтін нысан толық бұзылды. Бұл тұрғыда меншік иесіне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нысанды бұзу барысында техникалық қауіпсіздік және заң талаптары сақталды.
Сондай-ақ, Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының мамандары қала тұрғындарының шағымы бойынша Ш.Уәлиханов көшесіндегі №213/12 және №213/13 мекенжайда орналасқан нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Бұл жер телімі бастапқыда іргелес аумақты көркейту мақсатында берілген. Дегенмен, бұл талаптар ескерілмей, нысанда заңсыз коммерциялық нысан салынған. Сонымен қатар, пайдалануға беру туралы акт рәсімделмей жұмыс істеп тұрғаны анықталды.
Нәтижесінде басқарма тарапынан заңды тұлғаға қатысты сотқа талап-арыз берілді, нысан заңсыз деп танылып, сот шешімімен толық бұзылды.
Жергілікті атқарушы органдардың айтуынша, мұндай жұмыстар қаланың жоспарлы дамуына, қоғамдық қауіпсіздікке және заң үстемдігінің сақталуына бағытталған.
Басқарма өкілдері азаматтарды кез келген құрылыс жұмыстарын бастамас бұрын жер телімін пайдалану мақсаты мен оның заңды мәртебесін тексеруге, сондай-ақ барлық рұқсат құжаттарын алдын ала рәсімдеуге шақырды. Яғни құрылыс-монтаждау жұмысының алдында заң және құрылыс нормаларының талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Мамандар заң сақталмаған жағдайда ірі көлемдегі айыппұлдар салынып, заңсыз құрылыс бұзылуы мүмкін екенін алға тартты.
Бұл – Шымкентте көлеңкелі құрылыс пен заңсыз иеленуді азайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір дәлелі.


