Инвестиция тарту қарқыны артып келе жатыр

Oinet.kz 04-12-2025 10

Шымкент қаласы соңғы жылдары еліміздің экономикалық орталықтарының біріне айналып, инвестиция тарту көрсеткіші бойынша тұрақты өсімге қол жеткізіп келеді. Қалада жаңа өндіріс орындарын ашу, бизнеске қолайлы жағдай жасау және инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар шетелдік және отандық инвесторлардың қызығушылығын арттыруда. Шымкенттің қолайлы географиялық орналасуы, логистикалық мүмкіндігі мен еңбек ресурстарының молдығы – инвесторлар үшін айтарлықтай артықшылық. Қалада индустриялық аймақтар, арнайы экономикалық аймақтар, заманауи инфрақұрылыммен қамтылған өндірістік алаңдар құрылып, кәсіпкерлерге тиімді жағдай жасалуда. Бүгінде Шымкент Қазақстанның ең серпінді дамып келе жатқан мегаполистерінің бірі. Халық санының артуы, өндірістік аймақтардың кеңеюі, логистикалық инфрақұрылымның жақсаруы – қаланың инвестиция тартудағы мүмкіндігін одан әрі күшейтіп отыр.

image.png

   Осы ретте Шымқалада инвестициялық қызметті мемлекеттік қолдау шаралары талқыланған семинар өтті. Қалалық кәсіпкерлер палатасында өткен жиынға  Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Закирьянов, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ департамент директорының орынбасары Марат Есенов, Шымкент қалалық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының, Кәсіпкерлер палатасының басшылығы, бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.

Семинар барысында кәсіпкерлік қызметінің, оның ішінде инвестициялық бағыттағы, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары туралы егжей-тегжей айтылды. Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Закирянов мұндай кездесулердің өңір экономикасының дамуына маңызды әсер ететінін атап өтті.

«Бүгінгі таңда еліміздегі экономикалық дамудың негізгі бағыты инвестиция жұмылдыру болып табылады. ҚР Үкіметінің алдында 2029 жылға қарай экономикаға 450 млрд АҚШ доллары көлемінде, оның ішінде 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тарту жөнінде стратегиялық міндет қойылған. Үш жылдық мерзімнің қорытындысы бойынша бұл тапсырманың 1/3 бөлігінен астамы орындалды. Мақсатты индикаторға қол жеткізу үшін шамамен 80 млрд доллар инвестиция жұмылдыру қажет. Бүгінде әр мемлекеттік орган инвестиция тарту бойынша басымдықтар мен функционалдық өкілетке ие. Инвестициялық тапсырыс қалыптастыру кезінде бірінші кезекте бизнес тарапынан түскен ұсыныстар ескерілуі тиіс. Әр өңір инвестиция қажет ететін жобалардың тізбесін жасап, ҚР Сыртқы істер министрлігіне жібереді. Нақтылау жұмыстарынан соң сыртқы істер министрлігі шетелден мекемелерге инвесторлар іздеу және бастапқы келіссөз жүргізу жөнінде тапсырмалар береді», – деді Мұрат Закирянов.

Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары Сыртқы істер министрлігі мен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ бірлесіп инвестициялық климатты жақсарту бағытында тығыз жұмыс атқарып жатқанын, ұлттық компания жобаларды бастаманы зерделеу кезеңінен бастап, нысанды пайдалануға беру мен постинвестициялық сүйемелдеу кезеңіне дейінгі бүкіл цикльде жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалып, “бір терезе” қағидасы енгізілген. Бұл құжат рәсімдеу процесін жеңілдетіп, бюрократиялық кедергілерді азайтқан. Сонымен қатар, шетелдік капитал тартуға бағытталған заңнамалық өзгерістер мен жаңа экономикалық аймақтардағы жеңілдіктер туралы кең ақпарат ұсынылды.

Семинарда кәсіпкерлер қызықтырған сұрақтарын қойып, қолдау бағдарламаларына қатысу тәртібі, субсидиялау, гранттар беру, инвестициялық келісімшарттар жасау жөнінде кеңес алды. Сондай-ақ жобаларды дайындау, қаржыландыру көздерін тарту және тәуекелдерді басқару бойынша тәжірибелік ұсыныстар берілді.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің инвесторлар арасында ашық диалог орнатуға, жаңа жобаларға жол ашуға және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Заңсыз нысан бұзылып, жер мемлекет қажетіне қайтарылды
Шымкент дәрігерлері жаңа туған нәрестеге бір күнде екі күрделі ота жасады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу