Шымкентте 244-ші бүйрек трансплантациясы сәтті өтті

Oinet.kz 09-12-2025 17

Жуырда Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасында кезекті жоғары технологиялық трансплантация сәтті орындалды. Бұл – қалада жасалған 241-ші бүйрек ауыстыру операциясы. Дәрігерлер бұл жолы туған ағасының бүйрегін інісіне трансплантация жолымен салып берді. 

image.png

Науқас 2024 жылдан бері созылмалы бүйрек жеткіліксіздігімен есепте тұрып, былтырдан бері гемодиализ аппаратына тәуелді болып келген. Қажет медициналық тексерулер мен рәсімдер толық орындалып, 5 қараша күні туыстық бүйрек ауыстыру операциясы жасалды.

Дәрігерлердің айтуынша, ота сәтті өткен, қазір донор мен реципиенттің жағдайы тұрақты екен. Ем шаралары бекітілген хаттамаға сай жүргізіліп жатқан көрінеді. Бүйрек трансплантациясы – пациенттің денсаулығын жақсартып, қалыпты өмірге қайта оралуына мүмкіндік беретін жоғары технологиялық ем.

Осындай жауапты сәтте інісінің донор болуға шешім қабылдауы — бауырмалдықтың, адамгершілік пен жоғары жауапкершіліктің жарқын үлгісі.

Шымкентте  №1 қалалық клиникалық және облыстық клиникалық  ауруханаларында ағза трансплантациясы медициналық көмектің жоғары технологиялық түрі ретінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Мамандардың дерегінше қалада  жыл басынан бері бауыр және бүйрек трансплантациясы бойынша 40-қа жуық операция жасалған. Облыстық клиникалық аурухана дәрігерлері жыл соңына дейін тағы 4 операция жасауды жоспарлап отыр. Осылайша созылмалы сырқатқа шалдыққан жандар алыстан ем іздемейді. Мамандар донорлар мен реципиенттердің операциядан кейінгі жағдайын бақылап отырады.  

. Былтыр өңірде алғаш рет жүрек трансплантациясы сәтті жүзеге асты. Мәйіттік донордан алынған жүрек 59 жастағы Кеңесбай Дәрменовке салынған болатын. 5 сағатқа созылған күрделі операциядан кейін ауруынан  айыққан. 

    Облыстық клиникалық аурухана базасында жыл басынан 37 бүйрек, 2 бауыр трансплантациясы жасалған.  Мамандардың айтуынша, медициналық жетістіктер донорлыққа қатысты қоғамдық түсінікті қалыптастыруға ықпал етеді.  «Бізде мәйіттік трансплантация дамитын болса  трансплантацияға душар немесе шалдыққан күту парағындағы науқастардың саны азаятын еді. Қазіргі жағдайда күту парағында 4 мыңнан астам азамат тұр. Олардың барлығының туыстарында сәйкес келетін донор жоқ деген сөз»,- дейді облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері Жанболат Ділдәбеков. 

     Қолданыстағы заң бойынша мәйіттік донор тек бас-ми өлімі тіркелген жағдайда ғана рұқсат етіледі. Дәрігерлердің айтуынша, мәйіттік донор жүйесін дамыту арқылы жыл сайын мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға болады. 

Шымкентте бүгінге дейін 241 бүйрек және 33 бауыр алмастыру отасы жасалған. Бұл өңірде трансплантологияның дамып, жоғары мамандандырылған медициналық көмектің жергілікті деңгейде қолжетімді екенін көрсетеді.

Қалада трансплантациядан кейінгі оңалту шаралары да жүйелі түрде жүргізіліп, пациенттердің өмір сапасын қалпына келтіруге бағытталған кешенді емдеу бағдарламалары ұсынылуда.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын, алдағы уақытта жоғары технологиялы трансплантология қызметтерінің саны артып, қала медицинасының мүмкіндіктері одан әрі кеңейетінін мәлімдеді.

       Айта кетейік,  медицина саласында ағзалар мен тіндерді ауыстырып қондыру әдісі кеңінен тараған. Қазір Қазақстанда 6 трансплантация орталығы бар. Соңғы кездері адамдарға ағза ауыстыру, мәйіт донорлығы жайлы кеңінен ақпарат таратып, аталған саланың жұмысын жақсарту үшін транспланттауды үйлестіруші мамандарды даярлау қолға алынған. Ағза ауыстырудың екі түрі бар: тірі донорлық және мәйіт донорлығы. Мәйіт донорлығы тиімді жол болғанымен, бұл ретте дүниежүзі бойынша тапшылық  туындап тұр. Ал, Қазақстанда мәйіт донорлығы енді ғана дамып келе жатыр. Статистика деректері бойынша, қазір елімізде 4226 адам күту парағында тұр, оның 106-і бала. Науқастардың 4011-ы бүйрекке мұқтаж, бұл дегеніңіз – 91 пайыз. Трансплантация саласындағы барлық қызмет біздің елде тегін жасалады.

Шымкентте МӘМС аясында нейрохирургиялық операциялар саны артты
Шымкентте "Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн" акциясы жалғасуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу