Шымкентте МӘМС аясында нейрохирургиялық операциялар саны артты
Шымкентте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жоғары технологиялы нейрохирургиялық операциялардың саны артқан. Бұл туралы қалалық №2 ауруханада өткен баспасөз туры барысында хабарланды.

2025 жылдың 9 айында МӘМС шеңберінде қала бойынша шамамен 1000 жоғары технологиялы қызмет көрсетілген. Сонымен қатар, 1 жүрек және 17 бүйрек трансплантациясы жасалған, ал соңғы бес жылда 23 науқасқа жасанды жүрек орнатылған. Ағза алмастыру операцияларының құны 10 миллион теңгеден 77 миллион теңгеге дейін жететінін ескерсек, бұл қызметтердің сақтандыру қоры арқылы қаржыландырылуы тұрғындар үшін үлкен қолдау болып отыр.
Соңғы жылдары мегаполистің медицина ұйымдары заманауи құралдармен жабдықталып, жоғары білікті нейрохирург мамандармен толықты. Осыған байланысты бұрын тек республикалық орталықтарда жасалатын бірқатар күрделі операциялар енді Шымкенттің өзінде жүзеге асырылып келеді.
«Аурухананың өзінде жылдың басынан бері 100-ден аса науқасқа МӘМС жүйесі арқылы тегін ота жасалған болатын. Олардың жағдайлары жақсы. Өткен аптаның өзінде 7 науқасқа ота жасалды. Көп жағдайда тамыр ішілік аневризма секілді паталогия кезіндегі оталар жасалды. Олар өте қымбат оталар болып саналады. Әрқайсысы 6 миллион 200 мың теңгені құрайды. Міне, осындай қымбат операциялар жаңа жүйенің арқасында тегін жасалуда. Мұндай науқастар ауруханада ұзақ жатпайды. Ота жасалғаннан кейін 3 күннен соң пацинеттер үйлеріне шығарылды»,- дейді №2 қалалық ауруханасы бас дәрігердің орынбасары Еркін Медетов.
Бүгінгі таңда Шымкентте 177 медициналық мекеме жұмыс істейді, оның 34-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік. МӘМС жүйесі арқылы тұрғындар жоғары технологиялы операциялардан бастап, диагностикалық тексерулерге, профилактикалық бақылауға, оңалту шараларына және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге дейінгі қызметтерге қол жеткізе алады. Қаржыландыру сатып алу тетігі арқылы жүзеге асып, амбулаториялық және стационарлық көмекке, соның ішінде КТ, МРТ, УЗИ сияқты қымбат диагностикалық қызметтерге бағытталады. Биыл 9 айда 258 мыңнан астам адам стационарлық көмек алып, оның басым бөлігі МӘМС есебінен қаржыландырылған.
«Оң аяғым, сол қолым істемей қалған болатын. Өкпемде су жиналған. Мамандар тексерістен кейін, операция жасады. 12 күннің ішінде жақсы нәтиже көріп отырмын. Аяқ , қолдарым қимылдай бастады. Өкпемнің жұмысы да реттелді. Енді оңалту шараларынан кейін толық аяққа тұрып кетемін деген үміттемін. Операцияға, ем-домға ешқандай ақша төлеген жоқпын. Қарапайым тұрғындарға осындай мүмкіндік берген үкіметке және ақ халатты абзал жандарға айтар алғысым шексіз»,- дейді қала тұрғыны Ерсұлтан Тұманбаев.
МӘМС – жинақтау жүйесі емес, әлеуметтік қолдау тетігі. Сақтандырылған азамат жарна мөлшеріне қарамастан толық медициналық көмек алуға құқылы. Баспасөз туры барысында осы тетік арқылы нейрохирургиялық көмек көрсетудің маңызы мен жетістіктері таныстырылды.
МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2026 жылдан бастап онкологиялық скринингтер ТМККК тізіміне өтеді және МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін тегін болады. Бұған қоса, бұрын тек туберкулез бен АИТВ-ға ғана тегін тексеру жасалса, енді оған қоса созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт ауруларына күдік туындаған жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек те тегін көрсетілетін болады. Ал, 2026 жылдан бастап МӘМС-тің базалық пакетіне амбулаторлық диализ, сондай-ақ динамикалық бақылауды қажет ететін созылмалы аурулардың 12 тобы бойынша консультативтік-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кіреді.
Тегін медициналық көмектің бірін 40 жастағы Сәулет Байдалиева алған. Мегаполис тұрғыны құны шамамен 250 мың теңге болатын операцияны жолдама арқылы тегін жасатқан. Науқасқа "іштің жарығы" диагнозы бойынша ота жасалған. №2 қалалық аурухана дәрігерлері бүгінде пациенттің жағдайы тұрақты екенін айтты. Мамандар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде азаматтарға барлық операцияны тегін жасаймыз дейді.
"Біздің №2 қалалық ауруханаға бүкіл емханадан жіберуге болады. Барлық облыстан келе алады. Жолдаманы біздің ауруханаға деп алады. Кейін операцияны біз жоспарлы түрде, сақтандырылған болса істеп береміз. Оған ешқандай шығын кетпейді. Тек жергілікті емханадан тексерудің бәрін өтуі керек. Сол жердегі хирургтың ұйғарымы бойынша бізге жолдама берсе, біз тегін ота жасап береміз", - дейді №2 қалалық аурухананың бөлім меңгерушісі Серік Жолдасов.
МӘМС аясында азаматтар ота жасатып қана қоймай, дәрі-дәрмек те ала алады. Жыл басынан бері 150 мыңнан астам шымкенттік дәрілік препараттарға тегін қол жеткізген. Ескерте кету керек, медициналық көмекті учаскелік дәрігердің көмегімен алуға болады.
"Ол үшін әрбір пациент қаламыздағы емханаларда тіркеуде тұру қажет. Сонымен қатар диспансерлік есепте болуы керек. Одан бөлек 18 жасқа дейінгі балаларға кейбір сырқат түрлерінде диспансерлік есепте тұрмаса да, дәрі-дәрмек тегін беріледі. Әрине, ол дәрі-дәрмекті алу үшін емдеуші дәрігеріне бару керек. Науқасты көріп, содан кейін тегін дәрі-дәрмекке рецепт жазылады. Сол рецепт бойынша тегін дәрі-дәрмек ала алады", - дейді ӘМСҚ Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова.
Айта кетейік, міндетті әлеуметтік сақтандыру шеңберінде тегін оңалтудан өтуге мүмкіндік бар. Бүгінде 922 мыңнан астам шымкенттік жүйенің қыр-сырын түсініп, операция мен процедураларды қосымша шығынсыз алып жүр.
Бүгінде Шымкентте жалпы халық саны 1 243 906 адамды құрайды. 935 230 азамат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылған. Оның ішінде 700 мыңнан астамы жеңілдік санатына кіретін азаматтар. Мемлекет ол тұрғындар үшін сақтандыру жарналарын төлеп, медициналық қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз етуде. Сақтандырылмаған азаматтар саны 308676-ны құрап отыр.


